Жаңалықтар

Н. Назарбаев орталығы мен Мұсылман Ақсақалдар Кеңесі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды

Бөлісу

Ү.ж. 10 қарашада Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбдел Саламмен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қоюдың мақсаты дінаралық және мәдениетаралық диалог саласында өзара ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады. Меморандум ақпарат, тәжірибе алмасуды, бірлескен жобалар мен іс-шараларды іске асыруды, өзара қызығушылық тудыратын кездесулер, форумдар мен конференциялар ұйымдастыруды көздейді. Осы Меморандумның қорытындысы мәдениеттерді, діндер мен өркениеттерді халықаралық деңгейде біріктіру жөніндегі миссияны бірлесіп іске асыруға серпін береді.

Кездесуге ҚР-ның БАӘ-дегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Мадияр Менилбеков, БАӘ-нің Қазақстандағы елшісінің міндетін атқарушы Аммар Альбрейки, Мұсылман Ақсақалдар Кеңесі кеңсесінің өкілдері қатысты.

Кездесу аясында Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев ү.ж. қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезінің қорытындыларына жеке тоқталып, VII Съез декларациясының ілгерілеуі туралы атап өтті.

Өз кезегінде Мұсылман Ақсақалдар Кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбдел Салам табысты нәтижелерге қол жеткізген мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі Қазақстанның бастамаларына жоғары баға берді.

Сонымен қатар, тараптар ұйымдар арасындағы өркениетаралық диалогтың жай-күйі мен болашағы туралы пікір алмасты, Орталықтың Мұсылман Ақсақалдар Кеңесімен одан әрі өзара іс-қимылын талқылады, сондай-ақ екіжақты және көпжақты қатынастардың динамикасын дамытуға және дінаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бірлескен жобалар арқылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын кеңінен насихаттауға қызығушылық пен дайын екендіктерін білдірді.

Анықтама: Мұсылман Ақсақалдар Кеңесі - 2014 жылдың 18 шілдесінде мұсылман қауымдастықтарындағы бейбітшілікті нығайту үшін құрылған тәуелсіз халықаралық ұйым. Кеңес өзінің даналығы, әділеттілігі, тәуелсіздігі және байсалдылығымен танымал мұсылман ғалымдарын, сарапшылар мен жоғары лауазымды тұлғаларын біріктіреді. Олар бейбітшілікті нығайту, діни сипаттағы қақтығыстардың, мұсылман қауымдастықтарындағы алауыздықтың алдын алу және жою үшін бірге жұмыс істейді. Штаб-пәтері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында орналасқан. Басқарма Төрағасы - Шейх Әл-Азхара Ахмед Ат-Тайеб, Бас хатшы - Мұхаммед Абдель Салам.