Жаңалықтар

Діндер съезінің декларациясы (толық мәтін)

Бөлісу

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі қорытындыланды, деп хабарлады BAQ.KZ.

Декларация мәтінін Англикан шіркеуінің арнайы өкілі, Доркинг епископы Джо Бейли Уэллс оқып берді. 

Декларацияның толық мәтінін ұсынамыз. 

Біз, VII съезге қатысушылар – әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани лидерлері, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың жетекшілері,әділ, бейбіт, қауіпсіз және гүлденген әлемге деген ортақ ұмтылысымызды басшылыққа ала отырып,адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы жалпыға ортақ құндылықтардың маңыздылығын бекіте отырып,әлеуметтік, этномәдени және діни айырмашылықтар негізінде төзімсіздік пен өшпенділікке,ксенофобияға,кемсітушілік пен жанжалдарға қарсы тұру және оларды еңсеру қажеттілігін мойындай отырып,діни және мәдени әртүрліліктің байлығын құрметтей отырып,қайырымдылық іс-әрекеттері, жанашырлық, мейірімділік, әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастық адамдар мен қоғамдардың жақындасуына ықпал ететінін сезіне отырып,жеке адамның өзін-өзі және дінаралық даму үшін білім беру мен діни ағартудың құндылығын мойындай отырып,қоғамдағы әйелдердің рөлі мен құқықтарының маңыздылығын растай отырып,материалдық теңсіздік біздің әлемді наразылыққа, әлеуметтік шиеленіске, қақтығыстар мен дағдарыстарға әкелетінін атап өте отырып,климаттың өзгеруі, кедейлік пен ашаршылыққа, ұйымдасқан қылмыс, терроризм және есірткі сияқты пандемиядан кейінгі әлемдегі жаһандық сын-қатерлерді шешудің маңыздылығын мойындай отырып,діни қудалауға және адам өмірі мен қадір-қасиетіне қол сұғуға алып келетін экстремизмді, радикализмді және терроризмді ең батыл түрде айыптай отырып,әлемде мемлекетаралық және халықаралық шиеленіс ошақтарының құрылуын айыптай отырып,гуманитарлық көмек пен қорғауды қажет ететін мигранттар мен босқындар санының жаһандық көбеюіне алаңдаушылықты білдіре отырып,қақтығысушы тараптар арасында диалог және татуласу үшін жағдай жасауға жәрдемдесуге деген нық ниетін білдіре отырып,рухани және саяси лидерлердің қазіргі әлемдегі мәселелерді шешу  үшін бірлескен күш-жігерінің жіті қажеттілігін сезіне отырып,барлық халықаралық, өңірлік, ұлттық және жергілікті бастамаларды, сондай-ақ дін лидерлерінің дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогқа жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерін қолдай отырып,пандемиядан кейінгі кезеңде діни қоғамдастықтар, халықаралық, ұлттық және қоғамдық мекемелер, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға ниет білдіре отырып,Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысын түрлі діндер, конфессиялар мен діни ілімдер өкілдері үшін халықаралық дінаралық диалог алаңына айналғанын тағы да қуаттай отырып,дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық диалогты кеңейту жөніндегі одан әрі нақты қадамдарды қабылдаудағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің мүмкіндігін көрсете отырып,

БІЗ ОРТАҚ ҰСТАНЫМҒА КЕЛДІК ЖӘНЕ КЕЛЕСІ ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕЙМІЗ:

  1. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалог игілігі үшін өзінің тұрақты қызметін жалғастыруына бар күш-жігерімізді саламыз.
  2. Біз әлемнің пандемиядан кейінгі дамуы мен әлемдік процестердің жаһандануы және қауіпсіздікке төнетін қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі бейбітшілік пен ынтымақтастық үшін диалогты нығайту, сондай-ақ рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын мәлімдейміз.
  3. Біз пандемияның жағымсыз салдарын тек бірлескен күш-жігермен, бірлесіп жұмыс жасау және бір-бірімізге көмек көрсету арқылы жеңуге болатындығын мойындаймыз.
  4. Біз кез-келген әскери қақтығыстың басталуы, шиеленіс пен текетірестің ошақтарды қоздыру «домино әсеріне» ие болатынына және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына әкелетініне сенімдіміз.
  5. Біз экстремизм, радикализм, терроризм және зорлық-зомбылық пен соғыстардың барлық басқа нысандары, қандай мақсаттар болса да, шынайы дінге ешқандай қатысы жоқ және оларды түбегейлі қабылдамау керек деп санаймыз.
  6. Біз ұлттық үкіметтер мен уәкілетті халықаралық ұйымдардан соғыстар мен әскери жанжалдардың салдарынан экстремистер мен террористер тарапынан құқықтар мен зорлық-зомбылыққа ұшыраған барлық діни топтар мен этникалық қауымдастықтарға жан-жақты көмек көрсетуді өтініп сұраймыз.
  7. Біз әлемдік лидерлерді әлемдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әкелетін агрессивті және деструктивті риторикадан бас тартуға, біздің әлеміміздің барлық бұрышындағы қақтығыстар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырамыз.
  8. Біз әлемнің түкпір-түкпірінен келген дін лидерлері мен көрнекті саяси қайраткерлерді достық, ынтымақтастық және бейбіт қатар өмір сүру үшін диалогты үздіксіз дамытуға шақырамыз.
  9. Біз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері мен көрнекті саяси қайраткерлерді ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін шиеленістерді реттеу процесіне белсенді тартуды жақтаймыз.
  10. Біз тері түсі, жынысы, нәсілдері, тілі мен мәдениетіндегі плюрализм және айырмашылықтар Жаратушы Алланың еркінің даналығының көрінісі екенін атап өтеміз. Құдай діни әртүрлілікке жол береді, сондықтан қандай да бір дінге және діни ілімге мәжбүрлеудің кез-келгені қолайсыз.
  11. Біз барлық халықтарға әлеуметтік әділеттілік пен ынтымақтастық орнату үшін дінаралық және конфессияаралық үнқатысуды іске асыру жөніндегі практикалық бастамаларды қолдауға шақырамыз.
  12. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық, үкіметтік және өңірлік институттар мен ұйымдардың өркениеттер мен діндер, мемлекеттер мен ұлттар арасындағы диалогқа жәрдемдесу жөніндегі күш-жігерімен ниеттеспіз.
  13. Біз Қасиетті Тақ пен Әл-Азһар Әл-Шариф арасындағы  (БҰҰ БА-ның 2020 жылғы 21 желтоқсандағы«Халықаралық адамзат бауырластығы күні» A/RES/75/200 қарарымен қабылданған) ортақ игілік үшін сенушілер арасында бейбітшілікке, диалогқа, өзара түсіністікке және өзара құрметке шақыратын «Бейбітшілік пен бейбіт қатар өмір сүрудің пайдасына адами бауырластық туралы» құжаттың және «Мекке декларациясының» (2019 жылы мамырда Меккеде қабылданған) маңыздылығы мен құндылығын мойындаймыз.
  14. Біз әлемдік қоғамдастықтың ғылым, техника, медицина, өнеркәсіп және басқа да салаларда қол жеткізген прогресін қолдаймыз, бірақ бұл ретте оларды рухани, әлеуметтік және адами құндылықтармен үйлестірудің маңыздылығын атап өтеміз.
  15. Біз әлеуметтік мәселелер көбінесе адамдарды шектен тыс көзқарастар мен істерге итермелейтінін түсінеміз және әлемнің барлық мемлекеттерін өз азаматтары үшін лайықты өмір сүру жағдайларын қамтамасыз етуге шақырамыз.
  16. Біз рухани құндылықтар мен адамгершілік бағдарлардың маңыздылығын елемейтін адамдар мен қоғамдар өздерінің адамгершілігін және шығармашылығын жоғалтуға бейім екенін атап өтеміз.
  17. Біз әлемдік саяси және бизнес көшбасшыларын қазіргі қоғамдардың дамуындағы сәйкессіздіктерді еңсеруге назар аударуға және халықтың түрлі топтары мен әлемнің түрлі елдерінің әл-ауқатындағы алшақтықты қысқартуға шақырамыз.
  18. Біз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері арасындағы диалогтың бейбітшілікті сақтауға ықпал ететін мемлекеттер мен қоғамдардағы әлеуметтік-саяси процестерге оң әсерін тигізетінін атап өтеміз.
  19. Біз Аллаһ Тағалланың барлық адамдарды нәсілдік, діни, этностық немесе өзге де қатыстылығына немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан тең етіп жаратқандығыннегізге аламыз, сондықтан бір-біріне деген құрмет пен өзара түсіністік бүкіл діни уағыздардың негізінде жатыр.
  20. Біз саяси және қоғам қайраткерлерінің, журналистер мен блогерлердің сөз бостандығын мойындай отырып, оларды діни жалпылаудан сақ болуға және экстремизм мен терроризмді қандай да бір ұлтпен немесе дінмен теңестірмеуге, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдаланбауға шақырамыз.
  21. Біз діндер мен мәдениеттердің құрметпен қатар өмір сүруін нығайтуда және қауіпті жалған діни нанымдарды бұзуда білім беру мен діни ағартудың рөлін арттыруды жақтаймыз.
  22. Біз отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударамыз.
  23. Біз әйелдердің қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауға, олардың отбасы мен қоғамның тең құқылы мүшесі ретіндегі әлеуметтік мәртебесін арттыруға, сондай-ақ олардың мәдени және діни салалардағы бейбіт процестерге қатысуын көтермелеуге атсалысамыз.
  24. Біз әлемдік цифрлық дамудың сөзсіздігін, сондай-ақ діни және рухани лидерлердің цифрлық теңсіздік мәселелерін шешуде саяси қайраткерлермен өзара іс-қимыл жасаудағы рөлінің маңыздылығын  атап өтеміз.
  25. Біз ой-пікір білдіру бостандығын құрметтей отырып, діни білімнің, дінаралық толеранттылық пен азаматтық бейбітшіліктің ілгерілеуі үшін діни құндылықтардың маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ діндерге жалпы төзімділікті қалыптастыруға БАҚ-пен және қоғамның басқа да институттарымен диалогты дамытуға ұмтыламыз.
  26. Біз барлық сенім мен ізгі ниетті адамдарды осы қиын қыстау кезеңде бірігуге және біздің ортақ үйіміз – Жер планетасында қауіпсіздік пен келісімді қамтамасыз етуге үлес қосуға шақырамыз.
  27. Біз дұғаларымызды одан әрі гүлденген әлем үшін өркениетаралық, дінаралық және мемлекетаралық диалогты кеңейтуге елеулі үлес қосатын планетадағы барлық ізгі ниетті адамдарды қолдауға шақырамыз.
  28. Біз әскери қақтығыстардан, табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккен аймақтардағы мейірімділік пен жанашырлық әрекеттерін қолдауға шақырамыз.
  29. Біз коронавирустық пандемияның салдарын жеңу үшін күш салуда халықаралық ұйымдар мен ұлттық үкіметтерге бірлесіп қолдау көрсетуге шақырамыз.
  30. Біз Съездің және осы Декларацияның мақсаттары адамзаттың қазіргі және болашақ ұрпақтарын өзара құрмет пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетуге бағыттау болып табылатынын және әлемнің кез келген елінің, сондай-ақ БҰҰ институттарын қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың мемлекеттік басқаруында пайдалануға қолжетімді екенін растаймыз.
  31. Біз 2023-2033 жылдарға арналған жаһандық дінаралық диалог алаңы ретінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді Съезд Хатшылығына тапсырамыз.
  32. Біз Қазақстан Республикасының өркениетаралық, дінаралық және конфессияаралық диалогтың беделді және жаһандық орталығы ретіндегі рөлін растаймыз.
  33. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезін шақырғаны үшін, гуманистік бастамалар үшін, сондай-ақ жаңғырту мен прогреске, бейбітшілік пен келісімге қосқан үлесі үшін, Қазақстан Республикасына және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтамыз.
  34. Біз Қазақстан Республикасына Съезді тамаша ұйымдастырғаны үшін, ал Қазақстан халқына – мейірімділігі мен қонақжайлылығы үшін,  алғысымызды білдіреміз.
  35. Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметін жалғастыруға ұжымдық мүдделілігімізді және келесі VIII Съезді 2025 жылы Қазақстан Республикасының астанасы Нұр-Сұлтан қаласында өткізу ниетімізді растаймыз.

 Осы Декларация Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі делегаттарының көпшілігімен қабылданды, бүкіл әлемдегі билікке, саяси көшбасшыларға, дін қайраткерлеріне, тиісті өңірлік және халықаралық ұйымдарға, азаматтық қоғам институттарына, діни бірлестіктер мен жетекші сарапшыларға беріледі. Сондай-ақ ол БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.

Қазіргі Декларациядағы қағидалар барлық мүдделі елдегі саяси шешімдерде, заңнамалық нормаларда, білім беру бағдарламаларында және бұқаралық ақпарат құралдарында есепке алынуы үшін барлық өңірлік және халықаралық деңгейлерде таралуы мүмкін.

https://baq.kz/dinder-sezinin-deklaratsiyasy-tolyq-matin-287343/