Жаңалықтар

Президент: Әлемдегі ең беделді, рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру - зор мәртебе

Бөлісу

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлемдегі ең беделді, рухани көшбасшылардың басын қосып, диалог құру біз үшін зор мәртебе. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Ватиканның және католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францискіге ілтипатымды білдіремін. Сіз діндер және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қостыңыз. Көне Әл-Әзхар университетінің бас имамы, жоғары мәртебелі доктор шейх Ахмад Мохаммед Ахмед ат-Тайебтың елімізге арнайы келгеніне қуаныштымын. Қазақстан халқы өзіңізді қазіргі мұсылман әлемінің көрнекті ойшылы ретінде құрмет тұтады. Сіз дін жолында адал қызмет атқарып, адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге өлшеусіз еңбек сіңіріп келесіз, - деп атап өтті Президент VII cъездің ашылуында. 

Дәл қазіргі уақытта Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтіп жатыр. Оған 50 мемлекеттен 100-ден астам делегация өкілдері, оның ішінде, ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, саясат және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері қатысуда. 

Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф арнайы ат басын бұрды. 

https://baq.kz/prezident-alemdegi-en-bedeldi-ruhani-koshbasshylardyn-basyn-qosyp-dialog-quru-zor-martebe-287200/