Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев: Біздің мақсатымыз – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілікті нығайту

Бөлісу

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің жабылу рәсімі өтті. Оның алдында Қорытынды декларация жарияланды. Қасым-Жомарт Тоқаев форумның екі күндік жұмысын қорытындылай келе, қазақ жері осы күндері түрлі мәдениеттердің сындарлы сұхбат орталығына айналғанын атап өтті. Дүниежүзінің беделді дінбасылары осы жерде бір шаңырақтың астына жиналды. – Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз – бір. Бұл – өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Біздің бастамамызға қолдау көрсетіп, Съезге арнайы келген діни көшбасшыларға, саясаткерлер мен халықаралық ұйым өкілдеріне алғыс айтамын. Сондай-ақ форумды өткізуге белсене атсалысқан дипломаттарға, волонтерлерге, журналистер мен басқа да азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Рим Папасы Францискке елімізге тарихи сапар жасап, Съезд жұмысына қатысқаны үшін тағы да ризашылығын білдірді. – Сіздің әлемдік қоғамдастыққа үндеуіңіз бүкіл әлемдегі миллиондаған адамдарға үміт пен сенім сыйлады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі тарихтың бетбұрыс кезеңінде өткеніне тоқталды. Пандемиядан кейін геостратегиялық жағдай ушыққан кезде жаһандық деңгейде өркениетаралық диалог пен сенімді нығайту үшін жаңа әдістер іздеу аса маңызды. Президент форумның қорытындысы бұл басты міндетті шешуге елеулі үлес қосады деп санайды. – Біз бірлесе отырып, ұлттардың бірін-бірі шеттетуіне, мемлекеттердің күйреуіне және халықаралық қатынастар жүйесінің бұзылуына ықпал ететін «күш көрсету саясаты» мен «араздық тілін» дәріптеуді сынға алдық. Бүгінде діндердің бітімгерлік әлеуетін пайдаланып, ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Барлық діннің негізінде гуманистік идеалдар, адам өмірінің жоғары құндылықтары, бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылу сияқты ізгі амалдар жатады. Осы негізгі қағидаттар рухани салада ғана емес, сондай-ақ мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық саясатта да көрініс табуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық күйзелістер мен жаһандық дағдарыстардың қайнар көзі саналатын теңсіздіктің барлық түрін еңсеру талқыланған негізгі мәселелердің бірі болғанын атап өтті. Цифрлық және гендерлік проблемаларға, әлеуметтік бөліністерді жою ісіндегі білім мен діни ағарту саласының атқаратын рөліне баса мән берілді.

https://kazislam.kz/qasym-zhomart-toqaev-bizding-maqsatymyz-orkenietter-undestigin-ornatu-zhane-bejbitshilikti-nyghajtu/