Жаңалықтар

Моңғолияда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қорытындысына арналған дөңгелек үстел өтті

Бөлісу

Ұлан-Батыр, 2022 жылғы 23 қыркүйек – Моңғолияның Будда орталығында 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Қазақстанның астанасында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өткізілді. Іс-шараны «Гандантэгчэнлин» ғибадатханасының қолдауымен Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігі ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелдің жұмысына буддистік және мұсылман дін қызеткерлері, сарапшылық топтар, сондай-ақ Моңғолияның бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев өзінің кіріспе сөзінде кездесудің қонақтарын биыл «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлеріның пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбында өткен Съездің тарихымен, мақсатымен, басымдықтарымен және міндеттерімен таныстырды. Қазақстандық дипломат осы маңызды халықаралық форумға қатысқан діни көшбасшылар, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қазіргі заманда халықаралық қауымдастық тап болып отырған жаһандық сипаттағы мәселелерге қатысты ортақ көзқарас білдіріп, бірыңғай баға бергенін қанағаттанушылықпен атап өтті. Ол, сондай-ақ, Съездің қорытындысы бойынша қабылданған Декларация дүние жүзінде үйлесімді бейбіт өмірді құру игі ісінде бүгінгі ұрпақ үшін рухани және моральдік бағдар болатынына сенім білдірді.  

Дөңгелек үстел барысында VII Съездің жұмысына қатысқан буддистік дін қызметшілері – «Гандантэгчэнлин» ғибадатханасының Да Ламасы Хөнхөр Бямбажав пен «Зүүн Хүрээ Дашчойлин» ғибадатханасының басшысы Хамба лама Чойжилжав Дамбажав рухани саулық пен халықаралық бейбітшілікті қамтамасыз етудегі дін басылары мен діни конфессиялардың рөлі туралы, сондай-ақ Қазақстан астанасында өткен форумнан алған әсерлерімен бөлісті.

Жаһандық дінаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағына қатысты өздерінің көзқарастарын, сондай-ақ әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін шақыруды қоса алғанда дінаралық, мәдениетаралық, өркениетаралық диалогты нығайтуға бағытталған Қазақстанның күш-жігеріне өз бағаларын Моңғолияның Мұсылмандар қауымдастығы одағының төрағасы Хадис Батырбек, Моңғолияның ҚР-дағы бұрынғы елшісі (2001-2005 жж.) Дамдинжав Дашням, «Дашчойлин» ғибадатханасының жанындағы Буддизм және мәдениет институтының директоры Гомбодорж Мягмарсүрэн және Моңғолияның Ғылым академиясы жанындағы Халықаралық зерттеулер институты Өңірлік зерттеу бөлімінің сарапшысы Амангүл Шұғатай білдірді.

Сонымен бірге, «TV-9» телеарнасының директоры Баяр Баяртулга мен «Сүүдэр.Inc» порталының журналисі Бат-Эрдээн Цолмон Съездің жұмысын ақпараттық сүйемелдеу үшін Астанаға жасаған сапарларынан алған әсерлері туралы айтып берді. Өз кезегінде «Монголия сегодня» баспасының бас редакторы Ганбаатар Түмэндэлгэр қазақстандық дипломатиялық өкілдік пен моңғол бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылығын жеткізді.

Жылы да достық жағдайында өткізілген «дөңгелек үстелдің» қорытындысы бойынша оның қатысушылары Моңғолияның барлық діни конфессияларының өкілдерін, сарапшылар қауымдастығын және БАҚ өкілдерін шақыру арқылы осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу туралы ниеттерін білдірді.