Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне келген делегаттар “Бейбітшілік және келісім” саябағында ағаш егуге қатысты

Бөлісу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі аясында делегат мүшелері жаңадан ашылатын “Бейбітшілік пен келісім” саябағында 60-тан астам ағаш отырғызды.

Елімізде өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне орай Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейтін табиғи-рекреациялық саябақ тұжырымдамасы әзірленді. Жоба елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.”Бейбітшілік және келісім” саябағы Есіл өзенінің бойынан ашылады. Бүгін, 15 қыркүйекте съезд делегаттарының қатысуымен саябақта ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді.

Елорда әкімдігіне қарасты Урбанистика орталығының айтуынша, жобаның негізгі идеясы  «Өмір ағашы» монументі. Қазір ескерткіштің күмбез қаңқасы дайын. Жоспарға сәйкес, оның ортасына емен ағашы отырғызылған.

«Автор идеясына сәйкес, ғасырлар бойы тамыры тереңде жатқан су мен өмір ағашы жер бетіндегі тіршіліктің нақты бейнесін айшықтайды. Осылайша, инсталляция барлық конфессиялардың келісімге, бейбітшілік пен достыққа шақыруын білдіреді. Күмбез өз кезегінде бір аспан астындағы әлемді бейнелейді. Онда 4 негізгі нүктені – Оңтүстік, Солтүстік, Батыс, Шығысты білдіретін 4 кіру аймағы болады»,  деп түсіндірді елорда әкімдігінің Урбанистика орталығы қызметкерлері.

– Күмбез қабырғаларына дүниенің жаратылуын, мемлекет тарихындағы оқиғаларды бейнелейтін кескіндер, сонымен қатар заманауи жетістік ретінде ел аумағында табылған әйгілі ежелгі жартас суреттері – петроглифтер салынбақ. Ағаштың айналасындағы спираль аспанды (күмбезді) және жерді (су бетін) байланыстырып, әлемнің нәзіктігі туралы идеяны жеткізеді,  дейді идея авторлары.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне келген делегация басшыларының санына сәйкес «Өмір ағашы» монументінің айналасына 60-тан астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш  отырғызылды. Ағаштардың жанына саябақ іргетасы қаланған күн жазылған ескерткіш тақталар ілінеді.

Саябақты қолданысқа беру 2023 жылға жоспарланған.

https://aikyn.kz/217732/elemdik-zhene-desturli-dinder-liderlerinin-sezine-kelgen-delegattar-beybitshilik-zhene-kelisim-sayabagynda-agash-eguge-katysty/