Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде талқыланған өзекті мәселелер

Бөлісу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінде дін саласындағы, сондай-ақ жаһандық және өңірлік деңгейдегі діндерге байланысты мәселелер талқыланды. Ал ауқымды жиынның қорытындысы ретінде съездің бірлескен декларациясы қабылданды.

Съездің екінші күніндегі талқылаулар секциялық отырыстар форматында 4 негізгі тақырып бойынша өтті. Олар: «Қазіргі әлемдегі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі»«Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүруі және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі»«Діни көшбасшылар мен саясаткерлердің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі»,«Заманауи қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына әйелдердің қосқан үлесі және діни бірлестіктердің қоғамды қолдаудағы рөлі».

«Заманауи қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына әйелдердің қосқан үлесі және діни бірлестіктердің қоғамды қолдаудағы рөлі» секциясында БАӘ Толеранттылық және бірге өмір сүру министрлігі кеңсесінің бас директоры Афра Мохаммед әл-Саабри баяндама жасады.

«Әмірліктердегі жағдайды қадағалайтындар, сөзсіз, әйелдердің мемлекеттік секторда ерлермен бірге қандай маңызды рөл атқаратынын, оның дамуы мен барлық азаматтардың әл-ауқатына қол жеткізу процесінде тұрақтылығын тез байқайды» - деді Афра Мохаммед әл-Саабри өз баяндамасында.

Оның айтуынша, БАӘ-дегі діни және конфессиялық әртүрлілік елдің басты ерекшелігіне айналып отыр.

«Әйелдердің өз құқықтарын, мақсаттарын жүзеге асыруға және барлық ұмтылыстарына жетуге мүмкіндігі бар. Әмірліктердегі әйел ешқашан діни шектеулер мен дәстүрлерге байланысты әлеуметтік деңгейде қысым көрмейді», - деп атап өтті әл-Саабри.

«Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүруі және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі» тақырыбында өткен секциялық отырыста Дүниежүзілік Ислам Лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман Абдулла Альзайд адамзат шежіресінің тарихи оқиғаларға толы екенін, қаншама қан төгіліп, соғыстар мен қақтығыстар орын алғанын айтты.

«Адамның өз бауырын өлтіруінің себебі – адам жанын менсінбеуінен. Сонымен бірге Алла Тағала баршамызға осы жанды сақтауды бұйырды», - деді ол.

Спикер өз сөзінде дүниедегі барлық келеңсіздіктерге көптеген адамдар дінді кінәлайтынын да атап өтті. Сонымен қатар, керісінше дін осы келеңсіздіктерден аулақ болу үшін адамды ақиқат жолға салуға тырысатынын жеткізді.

«Қазіргі әлемдегі рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі» атты секциялық отырыс барысында сөз сөйлеген Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Замир қажы Ракиев жер бетінде бірнеше ірі әлемдік діндер бар екеніне тоқталды.

Олардың қалыптасуы - ұзаққа созылған қоғамдық-саяси процестердің нәтижесі екенін түсіндірді. Оның айтуынша, діндердің геосаяси сипаты олардың ұлттық шекарадан шығып кетуіне әкеп соққан.

Замир қажы Ракиев Алла тағала адамдарды ешбір негізге бөлмейді және дүниеде ешкімді құлшылықтарынан тыс қалдырмайды және оның барлық жаратылысы оның қорғауында, ал бұл тұрғыда діни жетекшілер өте маңызды рөл атқарады деген пікір айтты. 

Осылайша спикерлер секциялық отырыстарда заманауи қоғамдағы діннің рөлі мен, орның өмірдің басқа салаларына әсерін жан-жақты талқылады. Талқылаулар барысында спикерлерден бөлек тыңдаушылар да өз сұрақтарын қойып, пкірталас өткізді.

https://aikyn.kz/217817/elemdik-zhene-desturli-dinder-liderlerinin-vii-sezinde-talkylangan-ozekti-meseleler/