Жаңалықтар

Қазақстандық делегация Вашингтон қаласында өткен халықаралық діни бостандық жөніндегі II саммитке қатысты

Бөлісу

ВАШИНГТОН, 2022 жылғы 28-30 маусым – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкілі, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың басшылығымен қазақстандық делегация Вашингтонда (АҚШ) АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөнінідегі комиссиясының (USCIRF) төрағалығымен 79-ға жуық ұйымның және 1000-нан астам діни конфессия көшбасшыларының, саясаткерлердің, ғалымдар мен азаматтық белсенділердің қатысуымен өткен Діни бостандық жөніндегі 2-ші Саммитке қатысты.

Саммит аясында Болат Сәрсенбаев пен Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Ануар Хатиев Оңтүстік және Орталық Азия өңірлеріне арналған пленарлық сессияда сөз сөйледі.

Сессияда сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация діни бостандық пен конфессияаралық диалогты ілгерілетудің маңыздылығы, сондай-ақ Қазақстанда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық туралы айтып берді. ҚР-дағы діни сенім бостандықтарын ілгерілету бойынша Үкіметтің жүргізіп жатқан жұмысы, сондай-ақ ҚР АҚДМ Дін істері комитеті мен «LYN Community» америкалық ҮЕҰ арасында жасалған меморандумды іс жүзінде іске асырудың оң үлгісі туралы ақпарат жеткізілді.

Іс-шараға қатысушыларға саммит аясындағы мамандандырылған көрме барысында Орталықтың қызметі туралы брошюралармен, ақпараттық тақырыптармен, Съездің тарихы туралы кітаптармен танысу мүмкіндігі ұсынылды.

Сондай-ақ, Халықаралық діни бостандық жөніндегі саммиттің тең төрағасы С.Браунбекпен, АҚШ-тың халықаралық діни бостандық мәселелері бойынша ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Р.Хуссейнмен, АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясының төрағасы Н.Туркелмен, «LYN Community» ұйымының Президенті У. Кьюсакпен екіжақты кездесулер өтті.

Кездесулер қорытындысы бойынша діни бостандық саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, сондай-ақ екі ел арасындағы байланыстарды кеңейту жөніндегі жоспарлар белгіленді.

Кездесулер барысында тараптар Съезді өткізудің маңыздылығын атап өтіп, оның соңғы жылдары бүкіл әлемге өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткен бейбітшіліктің, бірлік пен конфессияаралық диалогтың қазақстандық бірегей моделіне айналғанына назар аударды.