Жаңалықтар

Сербияның рухани көшбасшылары мен сарапшылары Қазақстанның дінаралық диалогты ілгерілетудегі күш-жігерін қолдады

Бөлісу

 

Белград, 2022 жылғы 8 маусым – Қазақстанның Сербиядағы Елшілігінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының көмегімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне (2022 ж. 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында өтетін) арналған «Бейбітшілік пен үйлесім жолындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында сарапшылық дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қоспалы форматта өткен іс-шараның модераторы Орталық басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Есімов болды. Оған Сербия Әділет министрлігінің Шіркеулермен және діни бірлестіктермен ынтымақтастық басқармасының басшылығы, серб православиелік, мұсылман және еврей діни бірлестіктерінің басшылары, сарапшылар қауымы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев дөңгелек үстелді аша отырып, өзінің бейне жолдауында сербиялық қатысушыларға Съезге шолу жасап, рухани келісімді сақтаудағы Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті.

Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі Мәди Атамқұлов Съездің дінаралық диалог алаңы ретіндегі бірегейлігін атап өтті. Ол Сербияның таяу жылдары қиын кезеңдерді бастан өткергенін және бейбітшілік пен келісімнің құндылығын білетінін баса айтты. Сондықтан, осы елдің рухани көшбасшыларының тәжірибесі Нұр-Сұлтанда өтетін Съездің қызметімен сындарлы түрде үйлесімді болуы мүмкін.

Сербия Әділет министрлігінің Шіркеулермен және діни бірлестіктермен ынтымақтастық басқармасының директоры Владимир Роганович Сербияның халықаралық, аймақтық және мемлекет іші деңгейлердегі дінаралық диалог идеясына бейілділігін және бұны елдер мен халықтар арасындағы ынтымақтастықты жақсартудың алғышарты ретінде қарастыратынын атап өтті.

Серб Патриархы Хатшылығының өкілі, Серб Православие Шіркеуінің священнигі доктор Александр Прашчевич конфессияаралық диалогқа қол жеткізу үшін рухани көшбасшылықтың іргелі негіздері туралы өз көзқарасын білдіріп, рухани тәлімгерлердің рөлі мен бейбітшілік көпірлерін құрудағы ынтаны атап өтті.

Сербия Ислам қоғамының басшысы (рейс-ул-улема) Сеад ефенди Насуфович діншіл адамдардың бейбітшілікті сақтаудағы жеке жауапкершілігі тақырыбына тоқталды. Соның ішінде иман мен бейбітшіліктің тікелей тәуелді екенін атап өтті. Оның пайымдауынша, дінге сенетін әрбір тұлғаның келісімді сақтаудағы өз жауапкершілігі бар, ал саясаткерлер қоғамдық сипаттағы жауапкершілікке ие.

Сербияның Еврей қоғамы қауымдастығының президенті Роберт Сабадош дін атын жамылып әрекет ететін экстремизмнің сын-қатерлерін жеңу үшін: «Егер сіз басқалардың дінін түсінбесеңіз, өз дініңізді де түсінбегеніңіз» деген ұстанымын алға тарта отырып, ешбір діннің лаңкестікпен және зорлық-зомбылықпен байланысы жоқ екендігін атап өтті.

Исламабад халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеулері институтының бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак дінді проблема ретінде емес, оны шешу жолы ретінде қарастыру керек деген көзқарасын ұсынды. Дін атын жамылып проблема тудыратындардың шынайы діни түрткілерге қатысы жоқ жеке уәжі бар екенін баса айтты.

Халықаралық шолушы Борислав Коркоделович күрделі халықаралық жағдай кезеңінде Рим Папасы мен Орыс Православие Шіркеуінің Патриархы сияқты беделді діни көшбасшылардың Съезд алаңында кездесуі күтілетініне назар аударды. Сарапшының пайымдауынша, рухани дипломатия саласында мұндай жаһандық шараларды дәл Қазақстанның жүзеге асырып отырғаны өте қисынды.

Сербия Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер орталығының жетекшісі Душан Пророкович дәстүрлі моральдық-рухани құндылықтарды сақтау және қорғау тұрғысынан конфессияаралық диалог пен діни көшбасшыларының бірлескен бастамаларын ілгерілету бүгінгі таңда қажет екендігін баса айтты.

Сарапшы Радмило Кошутич өз сөзінде 20-шы ғасырдың соңында орын алған діни қақтығыстардың хрестоматиялық қайталануының мысалы ретінде бұрынғы Югославия жиі келтірілетінін жеткізді. Оның ойынша, егер соғыстар діндерге тәуелді болса, онда ешқашан соғыс болмас еді, себебі барлық діндер, әдетте, бейбітшілік діндері болып табылады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Съезд бастамаларына қолдауларын білдіріп, Қазақстанға іс-шараны сәтті өткізуін тіледі.