Жаңалықтар

Брюссельде бейбітшілік пен келісім үшін конфессияаралық диалогты дамыту мәселелері талқыланды

Бөлісу

Брюссель, 2022 жылғы 4 мамыр – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі қарсаңында Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы бірлесіп, «Бейбітшілік пен келісім мақсатындағы конфессияаралық диалог» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстел жұмысында қазақстандық тараптан ҚР Брюссельдегі Елшісі Марғұлан Баймұхан, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлан Есімов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының доценті Юлия Шаповал сөз сөйледі. Іс-шараға бельгиялық тараптан Бельгияның мұсылман атқарушы органының өкілі, Еуропалық Парламенттің экс-депутаты Франк Швальба-Хот, Брюссель дипломатиялық академиясының үйлестірушісі Жан де Брабандер қатысты. Іс-шараның модераторы болып Брюссель халықаралық зерттеулер мектебінің ислам және таяу шығыс зерттеулерінің экс-оқытушысы, философия докторы (Оксфорд университеті) Д-р Марат Тертеров қатысты.

ҚР Бельгиядағы Елшісі М.Баймұхан дөңгелек үстелді аша отырып, бейбіт диалог мәдениетін қалыптастыру қазіргі заманның негізгі құндылық бағдарларының біріне айналатынын атап өтіп, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі Еуропалық институттармен ынтымақтастықтың жаңа перспективалық бағыты бола алатынын хабарлады.

Өз кезегінде, Орталық Басқарма Төрағасының орынбасары Н. Есімов ұйым қызметінің негізгі бағыттары, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің барысымен таныстырды. Сондай-ақ, Н. Есімов Съез Қазақстанның дінаралық үнқатысудың жаһандық үдерісіне елеулі үлес қосқанын және халықаралық аренада келісім мен толеранттылық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту бойынша әлемдік қоғамдастықта ерекше орын алғанын атап өтті.

 Жалпы, дөңгелек үстелге қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалогты халықаралық деңгейде ілгерілетудің, әсіресе пандемия салдарын еңсеру үшін бірлескен күш-жігер тұрғысынан, сондай-ақ бейбітшілік пен өзара түсіністік мақсатында этносаралық және дінаралық келісімді талап ететін өңірлік қақтығыстарды шешу тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.