13 сәуірде Болат Сәрсенбаевтың Қарағанды қаласына сапары барысында Н.Назарбаев конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Меморандумға қол қоюдың мақсаты дінтану саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және ағартушылық қызметті дамыту мен іске асыру саласында тығыз ынтымақтастықты жүзеге асыру және қазақстандық қоғамда рухани-мәдени құндылықтарды дамыту болып табылады.
Сондай-ақ, құжат тараптардың дін саласында ақпаратпен, тәжірибемен және жинақталған ғылыми-зерттеу материалдарымен алмасуын, дінтану білімінің сапасын арттыру, діни негізде деструктивті көріністердің таралуының алдын алуды және бірлескен ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүзеге асыруды, әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің идеяларын ілгерілету бойынша бірлескен ақпараттық және имидждік жобаларды іске асыруды көздейді.
Басқарма төрағасы Б.Сәрсенбаев биылғы жылдың 14-15 қыркүйегіне жоспарланған VII Съезді ұйымдастыру және дайындау жөніндегі орталықтың жұмысы туралы хабардар етті, сондай-ақ академиялық ынтымақтастықтың, оның ішінде «Дінтану» мамандығы бойынша оқитын университет студенттері үшін орталық базасында кәсіби практиканы ұйымдастырудың перспективаларын атап өтті.
Өз кезегінде Е. А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Н. Дулатбеков Б. Сәрсенбаевқа оқу орнына келгені үшін алғыс айтып, одан әрі ынтымақтастықтың табысты болатынына сенім білдірді.