Жаңалықтар

Болат Сәрсенбаев Иран мәдени орталығының директоры-Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матинмен кездесті

Бөлісу

Биылғы жылдың 11 наурызда Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Иран мәдени орталығының директоры – Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матинмен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Иран тарапының алдағы іс-шараларға қатысуының маңыздылығын атап өтіп, орталықтың дінаралық диалогты жаһандық деңгейде дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде Съез Хатшылығының XX отырысы мен VII Съезді ұйымдастыру жұмысы туралы атап өтті.

«Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толу қарсаңында өтіп жатқаны қуантады. 2003 жылы I Съез өткізілгеннен бері Иран барлық Съездердің жұмысына белсенді қатысып келе жатқанына ерекше назар аударғым келеді. Осы жылдар ішінде дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту үшін барлық қажетті жағдайлардың жасалғанына қуаныштымын», - деді Б.Сәрсенбаев.

Өз кезегінде Матин мырза Иран елшілігі Иранның Қазақстанмен дінаралық келісімді қамтамасыз ету және әлемдегі мәдениетаралық диалогты ілгерілету мәселелерін қолдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында тараптар мәдениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілету жұмыстарының болашағын, сондай-ақ ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою мүмкіндіктерін талқылады.

         Анықтамалық: Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I-VI Съезіне Иран тарапынан: ИИР Ислам құқықтану және құқық комитетінің төрағасы Мехди Могаддам, ИИР жоғары мәдени Кеңесінің мүшесі Али Акбар Садики Рашад, ИИР Президентінің кеңесшісі, Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының президенті Мехди Мұстафави, Мәдениет және ислам байланыстары Ұйымы жанындағы дін орталығының директоры Расулипур Расул Алимохаммад, Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Мұхаммад Әли Тасхири, ИИР дінаралық диалог орталығының директоры Али Мохаммад Хельми, Дүниежүзілік ислам мазхабтарын жақындастыру ассамблеясының Бас хатшысы Аятолла Мохсен Мохаммади Араки және басқалар.