Жаңалықтар

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығы Басқарма Төрағасының Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты үндеуі

Бөлісу

Адам өліміне әкеп соққан елдегі соңғы қайғылы оқиғалардың нәтижесінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 10 қаңтар күнін Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Н.Назарбаев Орталығы атынан және жеке өз атымнан қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге тезірек сауығып кетуді тілейміз.

Осы қайғылы күндері біз Алматыда және Қазақстанның басқа да қалаларында жан түршігерлік, зорлық-зомбылық оқиғаларының куәгері болдық.

Террористік актілер біздің Тәуелсіздігімізді бұзуға, еліміздің егемендігін жоюға бағытталғаны анық.

Осы жылдар бойы Қазақстан халқы аялап сақтап келген тұрақтылықтың, бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің құндылығын бәріміз де көрдік. Біз бәріміз жалпыұлттық бірлік пен тәуелсіздіктен маңызды ештеңе жоқ екеніне тағы да көз жеткіздік. Себебі, бірлік халықты кез келген жағдайдан аман алып шығатын ұлы қасиет.

Қазіргі жағдайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз қадамдарын, ең алдымен, біздің мемлекеттілігімізге қарсы агрессивті күрес жүргізетін террористермен күресуге бағыттады.

Осыған байланысты, дәл қазір дүрбелеңге бой алдырмай, тек дәлелденген, нақты ақпарат көздеріне сену бұрынғыдан да маңызды. Халықаралық қоғамдастық, беделді халықаралық ұйымдар, жетекші әлемдік БАҚ, сондай-ақ әлемнің түрлі елдерінің талдау орталықтарына объективті ақпарат пен бағалауды таратуда барынша қолдауды қамтамасыз ету керек.

Бүгінгі таңда еліміздегі қоғамдық-саяси жағдай шиеленіскен тұста, Қазақстанның діни көшбасшыларының елдегі келісім мен толеранттылықты қамтамасыз етудегі топтасқан күш-жігері одан да үлкен рөл атқаратынына сенімдімін.

Осы күрделі кезеңде бізге рухани көшбасшылардың, діни бірлестік өкілдерінің және Н. Назарбаев орталығының халықаралық серіктестерінің елдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген күштерге қарсы қолдауы мен батыл сөз сөйлеуі маңызды.

Қазақстанның барлық діни көшбасшыларына біздің бірлескен күш-жігерімізді Қазақстан халқының бірлігін сақтауға, жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ экономиканы, инфрақұрылымды қалпына келтіру және тыныс-тіршіліктің барлық салаларында маңызды реформаларды іске асыру мақсатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасындағы ортақ іс-қимылдарды біріктіруге бағыттағым келеді.

Ел басшылығының батыл саясаты мен дер кезіндегі іс-қимылының арқасында біз тұтастығымызды сақтап, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алғанымызға сенімдімін. Қандай да бір сын-қатерлерге қарамастан, біз Қазақстан аумағында келісімде тұратын барлық этностардың, түрлі конфессиялар мен діндер өкілдерінің бірлігі кепілі болатын өзіміздің құндылық бағдарларымызды бекіте аламыз.

Болған оқиғалар бізге саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асырудың маңыздылығы мен қажеттілігін тағы да көрсетті.

Жақын арада, біз бірге жаңа тарихымыздың осы бір қорқынышты кезеңін еңсеріп қана қоймай, елімізді гүлденген мемлекетке айналдырып, болашаққа батыл қадам басамыз деп сенемін.

Баршамызға бейбітшілік, келісім мен амандық тілеймін!