Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Хашимит Корольдігінің ханзадасы Хасан ибн Талалды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысуға шақырды

Бөлісу

2021 жылдың 28 қарашасында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Иорданияға жұмыс сапары барысында Хашимит Корольдігінің ханзадасы Хасан ибн Талалды 2022 жылдың 14-15 қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезіне қатысуға шақырды.

Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Қазақстан мен Иордания арасындағы жақсы қарым-қатынастың бастауын 2015 жылғы 10-11 маусымда Король Абдалла II-нің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне қатысуымен, сондай-ақ оның 2017 жылы Қазақстанға ресми сапарындағы басты оқиға  «Ядролық қарусыз әлемге және жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін Н. Назарбаев сыйлығын» табыстаумен байланыстырды.

Сонымен қатар, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын ілгерілетуде Орталықтың қызметіне егжей-тегжейлі тоқтала келе, дінаралық келісім мен бірлік мәселелері Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың үнемі назарында болатынын атап өтті.

Болат Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық жоспарлары туралы айтып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық жобалар мен іс-шаралар, отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен өткізілетін конфессияаралық келісім мәселелері жөніндегі алдағы дөңгелек үстелдер туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, Ханзада Хасан ибн Талал конфессияаралық диалогты нығайту мәселелері бойынша Қазақстанның халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан жұмысының маңыздылығын атап өтіп, Съездің әлемдегі бірегей диалог алаң екенін алға тартты. Сондай – ақ, Қазақстандық тарапқа шақырғаны үшін алғысын білдіре отырып, осындай маңызды халықаралық іс-шараға қатысуға ниет білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне дайындық жұмыстары аясында ынтымақтастық туралы келісті.