Мадина Мағазқызы Әбішева,
Конфессияаралық және өркениетаралық
диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев
орталығы, Ақпараттық-имидждік іс-шаралар департаментінің бас кеңесшісі
VІІ ғасырда Сасанидтік Иранға ислам дінінің енуі, ел тарихы үшін жаңа кезең, үлкен дәуір бетін ашты. Мұхаммед пайғамбардың ілімі ирандықтар тарихы мен мәдени өміріне ықпал етіп қана қойған жоқ, ел өмірінің маңызды бөлігі ретінде қалыптасты. ХХғ. ислам революциясына дейін тарих бойында шиизм туы астында ирандықтар жері мен мемлекетін сақтап қалу мақсатында бірнеше мәрте біріккен болатын: олардың ең ірілері ретінде ХIVғ. Сарбедарлар көтерілісі, XVIғ. Сефевидтер династиясының билік жолындағы күресі мен XIX бабшылдардың көтерілісін атап өтсе болады. Демек, 1979ж. жеңіске жеткен ислам революциясы батыс зерттеушілерінің пікірінше кездейсоқ оқиға емес, ирандықтардың VІІ ғасырдан бергі күресінің нәтижесі деп пайымдауға болады.
2015ж. санақ бойынша Иран халқының саны – 78 млн. адамды құраса, Иранның статистикалық орталығы мәліметі бойынша Ирандағы халық саны 2021 жылы 85 млн. адамға жеткен [1]. Ресми деректер бойынша, елдің 91 % шииттер, 7,3 % сунниттер, 0,7% христиандар, 0,3 % иудейлер, 0,1 % зороастрийлер және 0,1 % басқа дін өкілдері құрайды.
Конституцияға жүгінсек, аз ұлттар құқығын қорғайтын баптардың көптеп кездесетініне куә боламыз. Елдің ресми діні 12-имамды қабылдайтын шииттік ағымдағы джафаридтік ислам діні болғанымен, Конституцияда ислам дінінің басқа ағымдарына да дін ұстану еркіндігі мен ашық саяси кеңістік берілген. «Иранның ресми діні болып 12-имамды қабылдайтын джафариттік ислам ағымы саналады және бұл қағида еш уақытта өзгермейді». Сонымен қатар, ИИР Конституциясына сәйкес: «... бұл нанымды ұстанушылар өзі діни талаптарына сәйкес діни дәстүрлерін жүзеге асыруда толық ерікті болып табылады: олар ресми түрде діни тәрбие мен білім беру жұмыстарымен айналыса алады, азаматтық және жеке басқа байланысты істерді (неке, ажырасу, мұрагерлік, өсиет) шешіп, сол негізде сотқа жүгіне алады; осы исламдық ағымдардың біреуін ұстаушылар саны жергілікті халықтың көп бөлігін құрайтын кез келген жерде, мұсылмандық басқа ағымды ұстанушылар хұқын сақтай отырып, осы діни ағым талабы негізінде жергілікті нұсқаулар мен ережелер орнатылады» (12 бап) [2, 29].
Тек исламдық ағымдар ғана емес, зороастрийлер, иудеилер мен христиандар осындай хұқықтарға ие.
«Тек ирандық зороастрийлер, иудейлер мен христиандар заң шеңберінде өз діни дәстүрлерін еркін жүзеге асырып, өз ілімдеріне сай азаматтық істері мен діни
тәрбие жұмыстарымен айналыса алатын діни азшылық болып табылады» деп айтылады Иранның Ата заңында.
Ашық деректерге сүйенер болсақ бүгінде Иранда 1 млн. аса христиандар өмір сүруде, олардың 600 тарта шіркеулері бар.
Ирандағы православтық христиандар мен католиктер қарамағында Тегеран, Исфахан, Тебриз, Урмие және Абадан қалаларындағы 14 католиктік шіркеу, Хой аймағындағы белгілі тарихи «Кара-Келиса» шіркеуі, Тегерандағы 12 евангелиелік шіркеу бар [3, 14].
Тегеранда христиан-ассириялықтар қарамағында 6 шіркеу, екі әйелдер монастырі, бір монахтық үй бар. Тегерандағы өздерін Шығыстық шіркеуге жатқызатын 2 православтық шіркеу ассирийліктердікі болса, 3 шіркеу ассирийлік католиктердікі. Бүгінде 80 мың адамды құрайтын григорияндық армяндардың тек Тегеран қаласында 8 шіркеуі бар.
Иран еврейлері қазір Таяу Шығыс аймағындағы ең үлкен диаспорасы болып саналады. Ислам режимінде еврей қауымы мәдени және материалдық мұрасын сақтауға тырысып, өзінің діни және қоғамдық өмірін жалғастырып келеді [4]. Кейбір деректер бойынша, Ирандағы иудейлердің бүгінгі саны 50000 адамды құрап, тек Тегеранда 27 синагогты иемденеді екен [3, 15].
Бүгінгі саны 35000 адамды құрайтын зороастрийлердің, Тегеран мен басқа да жергілікті орындарда 35 храмдары бар. Көп бөлікті құрайтын мұсылмандар азшылық болып саналатын дін өкілдерімен бейбіт өмір сүріп, оларға тиісті құрмет көрсету керектігі жайлы ИИР Конституциясының 14 бабында айтылады: «Құранның аятына сәйкес, ИИР үкіметі мен мұсылмандар мұсылман еместерге исламдық әділеттілік және мейірімділікпен қарап, олардың адамдық құқтарын сақтауға міндетті. Бұл қағида исламға, Иран Ислам Республикасына қарсы шықпайтын, астыртын әрекетке қатыспайтын адамдарға қатысты болып табылады» [2, 29].
ИИР-ның Конституциясының 64-бабында оларға берілетін мүмкіншіліктер жайлы баяндайды: «... зороастрийлер мен иудейлер бір депутат, халдей-ассириялықтар бір депутат, елдің солтүстігі мен оңтүстік бөлігіндегі христиан-армяндар бір-бір депутаттан сайлай алады» [2, 43].
Осы тұрғыда, Ирандағы діни қысымға қатысты жарияланымдар бахаи дінін қудалауға қатысты екенін атап кету қажет, бұл Иранда бахаи дінінің ресми түрде дін ретінде мойындалмауынан деп тұжырым жасауға болады.
Ирандық армяндар өз тілінде «Алик», «Аракс», «Хуру» атты газеттер шығарады. Зороастрийлердің де парсы тілінде жарық көретін "Форухар", «Хумен», «Чиста» атты газеттері бар. Осылайша, елдің діни азшылығы заң шығарушы ұйымдарға қызметке тұрған уақытта өздерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірлерін анықтауға қатыса алатын мүмкіндіктері бар.
Діни азшылықты құрайтын халықтар Иранда балаларын қалаған мектепке беруге ерікті, дегенмен елдегі барлық мектептер тек парсы тілінде жұмыс жүргізеді. Бұл мектептерде факультатив түрінде өтетін ана тілімен қатар діни сабақтары да жүргізіледі. Аталған мектептерді Иранның ағарту министрлігі қаржылай көмекпен қамтамасыз етеді және мектептерді аяқтау барысында берілетін құжаттар Иран аумағындағы барлық жерде қабылданады.
Бұл халық өкілдері басқалармен қатар жоғарғы оқу орындарына қабылдана алады және кейбір университеттерде қосымша түрде азшылық ұлттардың тіл кафедралары жұмыс істейді. Атап айтқанда, Исфахан университетінде армяндардың арнайы армян тілі кафедрасы тұрақты жұмыс атқаруда [3,16].
Иран мәдениетін дамытуда елдегі этникалық топтардың үлкен әсері болды. Сан ғасырлық тарихы бар Иран – көп ұлт, халық, тайпа, дін мекені. Дегенмен, ортақ дін арқасында бұл біртұтас Иранға айналған. Этникалық бояулары парсы кілемінің өрнегі тектес, бұл халықтар бір ұлттық көріністі береді. Бірнеше онжылдықтар барысында көшпелі тайпаларға отырықшы өмір саясаты ұсынылғандықтан елдің бай аудандары мен қалаларында өзара миграцияның көбеюі байқалады. Уақыт өтуіне байланысты әдеттегі өмір салты өзгергенімен олардың мәдениеті, ұлттық киімдері, дәстүрлі тұрмыс құралдары, музыкасы, биі, қолөнер туындыларының ерекшелігі сақталып қалды [3, 6].
Иранда Түркістан шекарасынан Парсы шығанағының жылы суларына дейінгі үлкен аймақта шамамен миллионға жуық көшпенді тайпалар өмір сүруде. Бұл тайпалардың басым көпшілігін – күрт, лур, бахтияр, гилак, белудж тайпалары құрайды. Олар біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығында басқыншылық және өзге себептермен Иранға еніп, елдің таулы аймақтарында қалып қойған тайпалар. Орталық Иранның кейбір тайпалары арийлік тектен тарайды. Ал, Хузистан мен Хорасандағы арабтар, Кучан түрік тайпалары, кашкаи, Әзербайжандағы шахсеван, афшар тайпалары мен түрікмендер тарихтың әрқилы кезеңдерінде Иран жері арқылы өткен халықтардың өкілдері болып табылады.
Әр үлкен тайпаның ондаған кіші тайпаларға бөлінетін бірнеше көптеген тарамдары бар. Білім беру құрылымының кеңеюімен ирандық тайпалардың жас өкілдері – инженер, дәрігер, мемлекет қайраткерлері және ғалымдар санын көбейтіп, алдыңғы қатарлы зиялылар қатарын толтыруда.
Бүгінгі күні Иранда өзінің тілі, ұлттық киімі, белгілі бір мекендері бар жүзден артық тайпа өмір сүруде. Олардың ішіндегі ірілерін – афшарлар мен шахсевендер жазда Сабалан тауының етегінде өмір сүрсе, қыста Каспий теңізі маңындағы Мосхан егіншілік аймағында шоғырланады; Белуждер – пәкістандық шекарадан ирандық шөлді далаларға дейінгі үлкен аймақта өмір сүруде. Ирандық күрттер Әзірбайжанның солтүстік шекарасынан Хузистанның құрғақшылық даласына дейінгі жерді қамтиды. Бахтиярлар Исфаханның солтүстігінен орын алатын Зард Кух таулы алқабында өмір сүріп, қыста Хузистан жазығына түседі.
Гилактар Иран жеріне енген алғашқы тайпалар болып есептелінеді, олар Иранның теңіз маңындағы аудандарына қоныстанып, таза парсы диалектісінде сөйлейді. Бүгінде олардың саны азаюда. Гилак тайпасы ұрпақтарының аз бөлігі Талиш жерінде өмір сүруде [5].
Түрікмендер Иранның басқа тайпалары арасында сырт пішіндерімен ерекшеленеді. Кашкайлықтар биік таулы Фарс аудандарында өмір сүретін, түрік тілді тайпа болып саналады. Арабтар Парсы шығанағы жағалауы мен Хузистан жазығына бытырай орналасқан. Лур тайпалары біртұтас құрылымнан тұрады. Кейбір деректер лур халықтарының ежелгі күрттерден тарайтындығын көрсетеді. Бұл екі тайпаны мамандар мидиялықтардың ұрпақтарына жатқызады. Олардың
арасында елдің батысындағы тауларында өмір сүретін мамасаний лурлары негізгі тайпалардың бірі болып саналады [6,13].
Жоғарыда аталған халықтардан басқа, Иранда этникалық мұрасы мүлде ерекше үндіевропалық тілге жататын армяндар да өмір сүруде. Олар Тегеран, Исфахан және Әзірбайжан аймағында тұрақтанып, көбіне кәсіпкерлік, өндірістік техникалық қызметпен айналысады. Еврей, ассирия және арабтардан тұратын семит этникалық топтары, тұрғындардың аз пайызын құрайды. Еврейлер де армяндар сияқты өз этникалық, тілдік, діни негізін сақтап, қауымдарымен ірі-ірі қалаларда өмір сүруде. Ассириялықтар елдің солтүстік-батыс бөлігіне қоныстанған.
Иранның этникалық топтары арасында саны жағынан ірі ұлт ретінде ирандық түріктер немесе азерилерді атаса болады. Түркі тілдік топқа жататын азери тілінде елдің 16,8 % бөлігі сөйлейді. Пайыздық көрсеткіштерге сүйенсек, Иранның 45,6 % парсылар, 16,8 % түріктер, 9,1 % күрттер, 2,2 % арабтар, ал 26,3 % қалған ұлттың азшылық өкілдері құрайды [7, 26].
Иран этникалық әркелкілігімен қатар, діни әртүрлілігімен де ерекшеленеді. Бұл ел халқының 90 % шииттер болса да, ислам елі басқа халықтар дінін ерекше құрметтейді. Расымен-ақ Иранға сапар шеккен адам, сөзсіз мұсылман мешіттерінен өзге шіркеулер мен ғибадатханалардың еркін бой көтеруін байқайды.
Діни азшылықты құрайтын топтар ресми қабылданған қаулы негізінде өз әдет-ғұрыптары мен дәстүрін еркін жүзеге асыра алады. Хамадан қаласындағы Эстер мазары маңында вавилондықтар дәуірінен негізін қалаған иудейлер серіктігі әлі күнге дейін жұмыс істеуде. Ал, солтүстік Әзірбайжандағы армян шіркеуі мен оған қарасты қасиетті Тадеуш монастыріне жыл сайын шілде айында мыңдаған христиандар жиналады. Иранда 200 мыңнан артық армяндар бар. Олардың ең үлкен қауымы Исфахан ауданында Иолфте орналасқан, бұл жерде олардың 13 шіркеуі, соборы және «Азиядағы католиктік музейі» бар [6, 9].
Аз ұлттар мәселесі ХХ ғ. соңғы онжылдықтарында өздерін өркениетті санайтын бірқатар елдерде қайшылықтар туғызып, қанды қақтығыстарға алып келді. Бүгінгі күні Ирак пен Түркия сияқты Иранда да күрттердің мәселесі шешілмеген даулы мәселелердің бірі болып табылады [8, 142]. Иранның Әзербайжан провинциясында 2009ж. күзінде орын алған оқиғалар да осыны меңзейді.
2012 жылы шиит уағызшысы Нимр әл-Нимр Сауд Арабиясында ұсталып, 2016 жылдың қаңтарында жазалануынан кейін орын алған саяси шиеленістің нәтижесінде Сауд Арабиясы Иранмен дипломатиялық қарым-қатынасын үзді. Осы сынды Иранның өзге де біршама проблемаларын шешу жолдарын күтуде...
Дегенмен, Иранның Негізгі заңында шиит және сүннит мазхабтарына бөлінуі туралы айтылмайды, тек әртүрлі мектептердің құқықтық қағидалары мен талаптары берілген. Ирандағы ресми дін шииттік бағытқа жататын джафариттік ислам болса да, Конституцияның 12-тармағында басқа исламдық нанымдар, атап айтқанда ханафи, шафиғи, малики, ханбалистік және зәйдиліктердің толық құрметтелетінін атап көрсетеді. Осы тұрғыда, Йемен мен Сауд Арабиясында
ізбасарлары тұратын сунниттік исламның барлық құқықтық мектептері (алғашқы төрт) және бір (соңғы) шииттік ағымдар тізімделгенін атап өту қажет [9].
Бүгінгі Иранның исламдық теократиялық мемлекет ретіндегі 40 жылдан асқан конфессияаралық қатынастарды реттеудегі тәжірибесі осындай сипатқа ие. Тарихтан белгілі болғандай, ислам революциясынан кейін 1979 ж. 1-сәуір күні Иран Ислам Республикасы жарияланды, батыс зерттеушілердің басым көпшілігі жоққа шығарған «исламдық модельдегі» даму жолын таңдаған жаңа мемлекет дүниеге келді.
Бүгінде шиизм идеологиясы бірнеше этнос өкілдерінен тұратын Иран тұтастығын сақтап отыр деп пайымдауға болады. Шиизмді өздерінің негізгі діні ретінде тани отырып, Иран ислам дінінің өзге де ағымдарымен қатар, православие, католицизм сынды христиан өкілдерімен ынтымақтастық қатынастар орнатуға ниетті. Бұл бағытта Ислам мазхабтарын жақындастыру жөніндегі дүниежүзілік ассамблеясы мен Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымына қарасты Дінаралық диалог орталығының қызметін жеке атап өтуге әбден болады. Аталған ұйымдар Елбасы бастамасымен ұдайы өткізіліп тұратын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің тұрақты қатысушылары, сонымен қатар дінаралық саммит алғашқы рет ұйымдастырылған 2003 жылдан бастап Иран Ислам Республикасы Қазақстан бастамасына үздіксіз қолдау көрсетіп келетінін атап өткен абзал.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. جمعیت ایران در سال ۱۴۰۰ بیش از ۸۵ میلیون میشود https://www.ilna.news
قانون اساسی جمهوری اسلامی ایران –قم: انتشارات لاحیجی، 1373/1995 -96 صفحه2 .
3.Третий взгляд: новости, репортажи и комментарии из иранской прессы. – Алматы: Посольство ИРИ пресс отдел, 2008. – 53 с. 4. Еврейская община в Иране http://www.iimes.ru/?p=23257
5. Юрьев М. Общая характеристика населения Исламской Республики Иран. www.yerkramas.org
6. Иран и иранцы. – Алматы: Культурное Представительство при Посольстве Исламской Республики Иран в Казахстане, 1998. – 80 с.
7. چهره ایران – تهران: گیتاشناسی، 1374/1996.- 256 صفحه
8. Жигалина О.И. Современная ситуация в Иранском Курдистане // Иран: ислам и власть. – М.: Институт Востоковедения РАН, Издательство «Крафт+», 2002. – С. 242-249.
9. Мамедова Н.М. Межконфессиональные отношения в Иране и их влияние на ситуацию в регионе. Институт востоковедения РАН, г. Москва, 107031, Россия Московский государственный институт международных отношений, г. Москва, 119454, Россия https://kpfu.ru/uz-rus/hum/arhiv/mezhkonfessionalnye-otnosheniya-v-irane-i-ih_342064.html