2021 жылғы 2 қарашада Тегеранда «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел онлайн форматта өтті.
Бұл іс-шара Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен, Қазақстанның Ирандағы елшілігінің ұйымдастыруымен, ИИР Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы және Иранның Қазақстандағы елшілігінің белсенді қатысуымен өткізілді.
Дөңгелек үстелге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С.Егізбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Е.Байбол, ИИР Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының Дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының төрағасы Ғ.Сүлеймани, Қазақстанның Ирандағы Елшісі А.Оразбай, Иранның Қазақстандағы елшісі М.Сабер, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб муфтиі Е.Оңғаров, Құм қаласындағы Халықаралық діндерді зерттеу ұйымы басшысының орынбасары Х.Әбдипур, «Рухани жаңғыру» КЕАҚ-ның Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысыі Қ.Майгелдинов, ИИР Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының Дінаралық және мәдениетаралық диалог орталығының Ислам, ортодоксалды христиан және протестант діндері жөніндегі депатраментінің басшысы З.Рашидбейги және екі елдің өзге де сарапшылары қатысып, сөз сөйледі. Осы іс-шараға IRNA, Tehran times, Iran news, Iran daily және өзге де БАҚ өкілдері қатысып отырды.
Өзінің құттықтау сөзінде ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі С.Егізбаев әлемді іс жүзінде өзгертетін пандемия аясында заманауи жаһандық сын-қатерлер мен қауіптер жағдайында түрлі халықтарды, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыруда діни фактор маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ретінде өзінің айқын әрі нақты көрінісін тапқан өркениетаралық және дінаралық келісімнің бірегей қазақстандық тәжірибесі әлемдік қоғамдастық тарапынан сұранысқа ие.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының басшысы Е.Байбол Қазақстан өз тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала отырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халықаралық аренада көтерген бастамаларының пәрменді түрде жүзеге асқанын, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жаһанда конфессияаралық диалог орнатудағы маңызын, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың кейінгі саяси-экономикалық реформаларын, ҚР қоғамы келісім мен үйлесімділікте дамып отырғанын ашып көрсетті.
Қазақстанның Ирандағы елшісі А.Оразбай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен дінаралық және этносаралық диалогқа қол жеткізу жолында қазақстандық бірегей модел қалыптасқанына, халықаралық аренада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты маңызды халықаралық іс-шаралар өткізіліп келе жатқанына егжей-тегжейлі тоқталды. Қазақ елшісі ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев саяси сабақтастықты үзбей, дінаралық және этносаралық келісім мен түсіністіктің сақталуына, Дін съезінің отырыстарын жаңа мазмұнда жалғастыруға мән беріп отырғанын атап көрсетті.
Бұдан өзге, Иранның Қазақстандағы елшісі М.Сабер өзінің бейбітшілікті сүйетін, диалог пен толеранттылықты жақтаушы ретінде танымал елде миссияда жүргеніне аса қуанышты екенін мәлімдеді. Ол ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезін» шақыру, «Қазақстан халқы ассамблеясын» құру туралы бастамалары Қазақстанның әртүрлі діндер арасындағы бейбітшілікті, диалогты және ауызбіршілікті ілгерілетуге ұмтылысының айқын көрінісі екенін қадап айтты.
Жалпы, аталған және өзге де спикерлер бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалогты ілгерілетудің маңызын, Қазақстан мен Иранның осы мақсаттағы күш-жігерлерін, Дінаралық диалогтың бірегей алаңы - Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезінде көтеріліп жүрген бастамалар пен ой-пікірлердің өзектілігін, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауларындағы міндеттердің сәтті іске асырылу барысын кеңінен талқылады.