Жаңалықтар

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев «Есірткісіз болашақ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты

Бөлісу

Ағымдағы жылдың 28 қазанында Алматыда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев «Есірткісіз болашақ» тақырыбында М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ Академиясы ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Қатысушылар қатарында сонымен қатар мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, оның ішінде студенттер, магистранттар, докторанттар, ҚР ІІМ Академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы болды

«Есірткісіз болашақ» конференциясы барысында сарапшылар есірткі бизнесіне, терроризмге, экстремизмге және ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылға қатысты негізгі тақырыптарды талқылады.

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев өз сөзінде, әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани көшбасшылары есірткінің, радикализмнің әлемде тез таралуына ерекше алаңдап отырғанын және мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен бірге осы зұлымдыққа қарсы күресте күш-жігерін біріктіруге ниетті екендігін атап өтті. «Діни көшбасшылар бізге жаһандық тұрақтылыққа төнген жаңа қауіп-қатерлерге – халықаралық терроризмге, есірткі бизнесіне, жастарды деструктивті және радикалды ағымдарға тартуға жауап беруге көмектеседі деп ойлаймын. Оларда адамдарға игі ықпал ете алатындай өнегелік, этикалық және рухани күш бар, сондықтан оларға бұл жұмысты атқару үшін мүмкіндік беру керек», - деді Болат Сәрсенбаев.

Сондай-ақ әлемде діни экстремизм мен терроризм қаупінің күшеюін ескере отырып, Қазақстанда бірнеше жылдан бері деструктивті діни ағымдарға қарсы белсенді шаралар қолданылып келе жатқаны айтылды. Атап айтқанда, Орталық еліміздегі және әлемдегі діни ахуалға тұрақты негізде талдау жүргізеді. Дінтану сараптамасы және интернет кеңістігіне мониторинг жүргізеді.

Жалпы, іс-шараларға қатысушылар қоғамдардың, әсіресе жастардың радикалдануына себепкер болатын барлық экономикалық, саяси, әлеуметтік-құрылымдық және идеологиялық факторларды барынша азайтуға бағытталған жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті.