2021 жылдың 18 қазанында Нұр-сұлтан қаласында Қазақстанның рухани келісім күніне орай "Қазіргі заманның сын-қатерлері жағдайында конфессияаралық және ұлтаралық келісімді нығайту" тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен Нұрсұлтан қаласы әкімдігінің дін істері басқармасы және дінтану орталығы.
Конференцияға Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А. Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Б. Бәкіров, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма төрағасы Б. Сәрсенбаев, "Мәдениет арқылы әлем" Халықаралық қауымдастығының президенті Т.Мұхамеджанов, сондай-ақ Қазақстан Халықтары Ассамблеясының, мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің өкілдері, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Хатшылығы мен Съезіне қатысушылар, қоғам қайраткерлері мен Ресей, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан, Ливан, Австрияның халықаралық сарапшылары қатысты.
Іс-шараның мақсаты ұлтаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қолдау, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, барлық діни мәдениеттер мен конфессияларға деген құрметті арттыру, сондай-ақ қоғамдық санада толеранттылықты нығайту болып табылады.
Конференция барысында қатысушылар мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді, қазақстандық бірегейлікті нығайту міндеттерін, сондай-ақ елімізде және әлемде дінаралық диалог пен өзара түсіністікті ілгерілетудегі азаматтық қоғамның өсіп келе жатқан рөлін талқылады.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы өз сөзінде Қазақстан бүкіл әлем алдында қоғамдық және дінаралық келісім мен бірліктің өзіндік моделін, заманауи проблемаларды жаһандық ауқымда шешуге өзінің көзқарасын ашық көрсетіп отырған мемлекет ретінде көрінетінін атап өтті.
«Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рухани бірлік пен қоғамдық келісімді сақтауға мақсатты күш-жігер мен ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан бүгінгі таңда бірегей диалог алаңы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі миссиясы жоғары дәрежеде өзекті және сұранысқа ие болып отыр.
Жаңа сын-қатерлерге қарсы тұрудың ең тиімді құралдарының бірі халықтар мен конфессиялар арасындағы диалог, сондай-ақ бейбітшілік жолдарын іздестіру болып табылатыны анық", - деді Б. Сәрсенбаев.
Орталық басқармасының төрағасы конференцияға қатысушыларды Съездің XIX Хатшылығының қорытындылары, оның негізгі шешімдері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне дайындық бойынша Орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстары мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған басқа да халықаралық іс-шаралар туралы хабардар етті.
Айта кетейік, Рухани келісімнің бірінші дүниежүзілік конгресі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 18 қазанда Алматыда өткен болатын. Бұл күні Конгресс қатысушылары 18 қазанды Рухани келісім күні деп жариялауға арналған манифест қабылдады.