Бүгін, 10 қыркүйек күні Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Қазақстанның Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті.
Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Бас мүфтиді Съездің XIX Хатшылығы мен жұмыс тобының дайындық жұмысымен таныстырды, сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлына ағымдағы жылдың 5-6 қазанында өтетін іс-шараға арнайы шақыру табыстады.
«Бір дөңгелек басына дәстүрлі дін өкілдерін жинайтын, Ел астанасы Нұр-сұлтан қаласында кезекті тарихи шара орын алмақшы. Еліміз үшін осындай халықаралық маңызы зор шарада әрқашан татулыққа, бейбітшілікке үндейтін аяулы дініміздің көшбасшысы ретінде Сіздің белсене қатысуыңыз өте маңызды»,-деді Б.Сәрсенбаев.
Сонымен қатар, Орталық басшысы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының еліміздің сын-сағаты пандемия кезінде қарапайым адамгершілік қағаидаттарын дәріптеп, рухани бірлікке шақырып келе жатқан еңбегін жоғары бағалап, конфессияаралық бағыттағы ортақ мақсаттар нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы маңызды шараға шақырғанына алғысын білдіре отырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасын халықаралық дәрежеде насихаттауға, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елдегі бірлікке бастар саясатына үлес қосуға әрқашан дайын екенін білдірді.
Кездесуді қорытындылай келе, Орталық басшысы Болат Сәрсенбаев Наурызбай Қажыны Съез Хатшылығының XIX отырысына дайындық жұмыстары аясында және оның қорытындысы бойынша ҚР Сыртқы істер министрлігі және ҚР АҚДМ-мен бірлесіп ұйымдастырылатын, Шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер базасында өтетін дөңгелек үстелдер сериясына қатысуға шақырды.