Жалғас Асхатұлы
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі департаменттің Бас кеңесшісі
Сан ғасырдан бері дін барша мемлекеттердің сыртқы-ішкі саясатының қалыптасуына және дамуына серпін бере отырып, қоғамдар арасындағы қатынастарың нығаюына елеулі үлес қосып келеді. Десе де, қазіргі таңда діни идеологиялар белгілі бір экономикалық және саяси мақсаттарға жету үшін де құрал ретінде жиі қолданған қарама-қайшы көрініс белең алуда. Дінге араласқан мұндай салқын саясаттың ықпалы сонау ортағасырлық крест жорықтарынан бері бүгінге дейін жалғасын табуда.
Соңғы ғасырда әлемдік саясат аренасында діни фактордың рөлі әсіресе, ішкі саяси үдерістердің өзгеруіне айтарлықтай зор әсер етуде. Бұған мысал ретінде араб елдерінен Мысыр, Йемен және Ливан секілді елдерде орын алған діни шиеленістерді және парсы жерінде 1979 жылы Иранда болған төңкерістің салдарынан жергілікті билік мемлекеттің ішкі саясатын ислам қағидаттары бойынша қайта құрғанын атап кетуге болады.
Бұған қоса, азық-түлік ресурстарының тапшылығы, шикізат нарығындағы тұрақсыздық, Мысыр, Судан және Эфиопия елдеріндегі су ресурстарын бақылау үшін күрес, әлеуметтік-саяси теңсіздік пен экономикалық дағдарыстардың сақталуы, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес сынды жаһандық түрлі проблемалар әлемді дамудың жаңа тетіктерін іздестіруге итермелеп отыр.
Бұл тұрғыда, бүгінде осындай әлемдік қауымдастық алдындағы мәселелерді шешу үшін халықаралық қатынастарда рухани, моральдық - этикалық байланыстардың дамуына көңіл бөлу заман талабына айналды.
Осылайша барша адамзат алдында ертеден бері қоғам ағысымен біте қайнасып кеткен әлемдік және дәстүрлі діндердің негізінде жатқан адами қасиеттерге толы принциптерді жаңғыртып, дінаралық татулық пен өзара құрметті жандандыру жұмыстарын жүзеге асыру міндеті тұр.
Әлемде діннің маңыздылығын әр елде әртүрлі жолмен бағалайды. Араб елдерінде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасы қалай құрылғанына зер сала қарасақ, бұл елдерде дәстүрлі емес діндер өмір сүргенімен, оларға іс жүзінде емін-еркін қызмет жасауларына еркіндік берілмеген. Бұл елдерде ислам дініне конституциялық тұрғыдан ерекше мәртебе береді. Мәселен, Мысыр Араб Республикасы, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі т.б. секілді бірқатар мемлекеттердің заңнамаларында ислам дінін мемлекеттік статус ретінде бекіткен.
Бүгінде дінаралық диалогты дамытуға әрі нығайтуға үлес қосып келе жатқан мұсылман елдерінде бірқатар діни ұйымдар мен қауымдастықтар бар. Айталық, Мысырда әлемге әйгілі әл-Азхар университеті бұл саладағы жұмысқа елеулі үлес қосып келеді. Ол Таяу Шығыстағы ең көне әрі көрнекті университеттердің бірі саналады. Онда Мысырдың заманауи алдыңғы қатарлы ислам ғалымдары жұмыс жасайды.
Әл-Азхар Мысыр қоғамындағы барлық діни сұрақтарға пәтуа шығару арқылы жауап беруші әрі дінді насихаттаушы, оқытушы орган саналады. Оның мұндай беделі тек ел ішінде ғана емес, сондай-ақ барша ислам әлеміне танымал.
Сонымен қатар әл-Азхар елдегі дінаралық және ұлтаралық татулықты сақтау жолында көп жұмыстар жасап келеді. Әр жылы әл-Азхар шейхі Ахмет ат-Тайеб, Мысырдың бас мүфтиі Шауқи Аллам секілді діни лидерлер бірігіп, жергілікті христиан діні өкілдерімен кездесіп, діни мерекелерімен ресми құттықтап, өзгеге үлгі көрсетіп отырады. Аталмыш тұлғалардың мұндай әрекеті елдегі «Мұсылман бауырлар» сынды діни топтардың өзге дін өкілдерінің мерекесімен құттықтауға болмайды, деген керітартпа көзқарасына жауап болды.
Осының салдарынан Ахмет ат-Тайеб әр жылы елдегі мұсылмандардың барлық дін өкілдерімен жақсы мәміледе болып, дінаралық татулықтың кез-келген үлгісін көрсету керек, деп халыққа үндеу жасап отырады.
Осы бағытта әл-Азхар құрамында дінаралық диалогты нығайтуға бағытталған «Дінаралық диалог орталығы» жұмыс жасайды. Бұл орталықтың басты жұмысы ретінде 2019 жылы Ахмет ат-Тайеб пен Католик шіркеуінің лидері Папа Франциск Біріккен Араб Әмірліктерінде «Адамдар арасындағы бауырластық» атты халықаралық конференциясына қатысып, «Адам арасындағы бауырластық» атты ортақ құжатты қабылдағанын ерекше атап өтуге лайықты. Бұл дінаралық диалог саласында тарихи маңызы бар басқосу болды. Себебі, аталмыш құжатта ислам мен христиан әлемі дінаралық диалог мәдениетін насихаттауға және экстремизм мен терроризмнің кез келген түрімен бірігіп күресу міндеті мақұлданған еді. Бұл туралы Американдық өркениеттер алмасу мен ынтымақтастық орнату қорының (CECF) негізін қалаушы Башар Арафат: «Менің ойымша, екі діни көшбасының кездесуі әрі маңызды құжатты қабылдауы Батыс пен АҚШ елдеріндегі төзімсіздік пен ұлтшылдықтың көріністеріне түбегейлі қарсы тұратын жаңа дәуірдің басталғанының көрінісі», - деген болатын.
Қазіргі таңда аталмыш бағытта ислам мен христиан әлемін байланыстырып, тұрақты жұмыс атқару үшін «Адамдық бауырластық жөніндегі жоғары комитет» құрылды.
Бұл Комитеттің Бас Хатшысы ретінде әл-Азхар шейхі Ахмет ат-Тайебтың сенімді өкілі Мұхаммед Абдуссалам тағайындалды. Аталмыш Комитет қабылданған Ортақ құжат негізінде жұмыс жасайды және бұл тұрғыда әл-Азхардың дінаралық диалог саласындағы қызметін негізге алады.
Сонымен қатар, осындай жоғары мәртебелі дін көшбасшыларының тарихи басқосуы тек ислам мен христиан емес, сондай-ақ болашақта Ыбырайымдық дін – ислам, христиан және иудаизм діндерінің басын біріктіретін болады. Бұл бағытта 2022 жылы Абу-Даби қаласында бұрын соңды болмаған «Ыбырайымдық діндердің үйі» атты ауқымды жоба жүзеге асқалы жатыр. Аталмыш жоба аясында Садият аралында ұлтқа, дінге және нәсілге қарамастан БАӘ-де тұратын барлық қауымдастықтар арасында бейбітшілікті насихаттайтын және адамдық бауырластықты бейнелейтін бірегей діни ғимарат салынады.
Ел билігі «Адам арасындағы бауырластық» құжатына негізделген бұл жоба әртүрлі халықтар, қауымдастықтар мен конфессиялар арасында татулық пен достықтың жаңа дәуіріне серпін береді деп сенім білдіреді.
Осындай игі жобаның аясында БАӘ 2019 жылды «Толеранттылық жыл» деп ресми бекіткен болатын. Толеранттылық жылында БАӘ түрлі діндер мен ұлттар арасында мәдени, рухани және саяси төзімділікті насихаттауға баса назар аударды. Бұл бағытта БАӘ тиісті заңдар қабылдап, дін мен саясат арасында шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасты.
Мәселен, ел билігі 2019 жылы толеранттылыққа қатысты нақты бірнеше қадам жасады. Олар:
- әрбір отбасында төзімдік пен дінаралық диалогты насихаттау арқылы бейбітшілік және үйлесімділікке негізделген қоғам құру бағдарламасы іске асты;
- орта білім беретін оқу орындарда жастарды төзімділік пен ынтымаққа тәрбиелейтін жаңа пәндер енгізілді. Бұл өз кезегінде Білім министрлігі тарапынан жаңа қаулымен бекітілді;
- әртүрлі сала бойынша жұмыс орындарда әріптестердің арасында татулық пен ынтымақ орнату мақсатында ағартушылық-танымдық бағдарламалар жүзеге асты;
- елдегі 200-ге жуық ұлттар, нәсілдер мен дін өкілдерінің қарым-қатынасын нығайтып, олардың мәдениетімен жақын танысу үшін мемлекеттік деңгейде түрлі мәдени, діни іс-шаралар ұйымдастырылды;
- ұлтаралық және дінаралық диалог, төзімділік пен мәдениеттер алуандығының тұрақтылығын сақтауға бағытталған саясатты ілгерілету үшін толеранттылыққа қатысты заңнамаларға өзгерістер енгізілді. Бұл тұрғыда елде арнайы Толлеранттылық министрлігі құрылды;
- қоғамда ортақ өмір сүру құндылықтарын күшейтуге бағытталған медиалық жобалар іске асырылды. Мұнда БАҚ беттерінде төзімділікке, дінаралық диалогқа жетелейтін әрекеттер мен қарым-қатынастарды насихаттайтын бағдарламалар іске қосылды.
Осылайша БАӘ жаһандық алдында осы секілді жобалар мен бастамаларды ұсыну арқылы қалыптасқан төзімділік моделді бүкіл әлемге паш етуді басты мақсат тұтады.
Қазіргі таңда БАӘ ұлтаралық және дінаралық сұхбатты ілгерілетуде араб елдерінің арасында көш бастап келеді.
Сонымен қатар Сауд Арабиясы Королдігі Таяу шығыс пен Парсы шығанағы аймағында сыртқы саяси байланысты және дінаралық қатынасты дамытудағы беделі жоғары елдің бірі болып табылады. Саудия ең алдымен мұнай, басқа да табиғи байлықтарының арқасында елеулі экономикалық және қаржылық әлеует иесі. Бұл ретте Саудия 21 араб мемлекеті арасында "Үлкен жиырмалық" тобына енген жалғыз ел екенін айтса жеткілікті. Сондай-ақ бұл мемлекет Мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы (OPEC) сынды ықпалды ұйымда маңызды роль атқарады.
Сыртқы саясатта Саудия Мұсылман әлемінің ынтымақтастығына негізгі басымдық береді. Бұған елдің Исламның қос кие қаласы – «Мекке мен Мәдинаның сақшысы» сипаттағы мәртебесі мұрындық екендігі мәлім.
Бүгінде Саудия жетекшілік ететін Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) мен Бүкіләлемдік Ислам Лигасы (БИЛ) әлемдік деңгейде мойындалған ұйымдар болып табылады. Аталмыш ұйымдардың өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің және Хатшылығының жұмысына тұрақты қатысады.
ИЫҰ құрамына 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 ел кіреді. Ал БИЛ құрамына 29 ел кіреді және бүгінге дейін оның ұйымдастырған іс шараларына 50-ден астам елдің өкілдері тұрақты қатысып келеді. Бұған қоса БИЛ БҰҰ Білім, Ғылым және Мәдениет жөніндегі Ұйымы (ЮНЕСКО) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қорына (ЮНИСЕФ) мүшелік етеді.
Қазіргі таңда ИЫҰ өзінің 1969 жылы қабылдаған қызметтік Жарғысына сәйкес терроризмге, заңсыз геосаяси қадамдарға, инвестиция, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылым және технологиялар, климаттың өзгеруіне қарсы тұру, дінаралық және мәдениет аралық қатынасты нығайту сынды мәселелер бойынша жұмыстар атқарып келеді.
Бұған қоса ИЫҰ өзінің «2025 жылға арналған жұмыс бағдарламасының» 3.1 тарауында конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты ілгерілетуге қатысты негізгі қызметтерді бекіткен. Аталмыш бағдарлама аясында бүгінде ИЫҰ әртүрлі елдермен, халықаралық ұйымдармен ортақ жұмыс жасауға мүдделі. Бұл бағытта ИЫҰ негізгі мынадай қағидаттарды ұстанады:
- толық теңдік;
- әр халықтың өз тағдырын өзі шешу құқығына деген құрмет;
- әр елдің ішкі істеріне араласпау;
- мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу;
- ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді дінаралық диалог құрып, келіссөз жүргізу арқылы бейбіт жолмен шешу;
- ұйымға мүше мемлекеттер аумақтарының тұтастығына, сонымен бірге саяси тәуелсіздігіне де қарсы күш қолданбау немесе қоқан-лоққы көрсетпеу.
2020 жылы ИЫҰ конфессияаралық және мәдениетаралық диалогқа байланысты Король Абдулла ибн Абдулазиз Халықаралық конфессияаралық және мәдениетаралық диалог орталығымен (ХКМДО - King Abdullah bin Abdulaziz International Centre for Interreligious and Intercultural Dialogue) бірігіп Джакарта қаласында конференция өткізді. Онда түрлі елдерден діни қызметкерлер мен саяси тұлғалар қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты Оңтүстік Шығыста орналасқан елдердегі діндер арасындағы татулықты насихаттау және онда дінаралық диалогты ілгерілетуде саяси тұлғалардың рөлін күшейту болды. Себебі, соңғы жылдары Мьянме, Таиланд секілді елдерде әсіресе, мұсылмандарға қатысты дінаралық араздық мәселесі өте өзекті. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін ИЫҰ жергілікті діни ұйымдармен келіссөз жасасып, ынтымақты қоғам құруға шақырды.
Қазақстан ИЫҰ-да 1995 жылдан бері мүше мемлекет болып келеді. Бүгінде еліміз ИЫҰ-на төрағалық етудің жауапты жұмысын жалғастырып келеді. Осындай ірі халықаралық ұйымға төрағалық ету елімізге көрсетілген жоғары сенім болып табылады.
Мұндай сенім артудың негізінде еліміздегі ұлтаралық және дінаралық келісім мен татулықтың іргетасын қалаған салиқалы саясат жатыр.
Сонымен қатар, Қазақстан ИЫҰ-ның Сауда және экономикалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары ретінде сайланды. Бұл комитет – ИЫҰ-ның ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық өзара әрекеттестікті жүзеге асыруға жауапты басты органы.
Қазіргі таңда ИЫҰ халықаралық деңгейде Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіріп, олардың жүзеге асырылуына айтарлықтай ықпал етіп келеді. Бұл жерде ИЫҰ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің шақырылуына алғашқы болып қолдау білдірген ұйымдардың бірі екенін атап кеткен жөн.
Бүгінде Саудия бастамасымен құрылған ХКМДО араб жазирасы ғана емес, сондай-ақ Батыс елдерінде де дінаралық диалог құруды басты мақсат ететін орталық болып табылады.
ХКМДО құрылымының тұжырымдамасы әр түрлі конфессиялар мен мәдениеттердегі адамдар арасындағы диалогты дамытуға, діни фобияларды жоюға және өзара сыйластықты насихаттауға бағытталған.
Басқа да халықаралық ұйымдар секілді ХКМДО өз кезегінде адамзат құқын қорғауға қатысты ортақ декларацияны, нақтырақ айтар болсақ ойлау еркіндігі мен діни-сенім бостандығын алға тартады. Орталықтың басты мақсаты – дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Орталық құрамына ислам, иудаизм, христиан, индуизм және буддизм дін өкілдері кіреді.
Аталмыш салада ХКМДО 2015 жылы Халықаралық шәкіртақы бағдарламасын іске қосқан. Бұл бағдарлама негізінде арнайы қоғамдастық құрылды. Онда жастарға дәріс беретін 276 әртүрлі дін өкілінен жиналған мамандар бар. Олар шәкіртақы иелеріне тұрақты түрде дінаралық қатынас тақырыбында семинар, тренингтер өткізіп тұрады. Бүгінге дейін бұл бағдарламаға 10 000 нан астам жастар қатысып, қазірде олардың 93 арнайы шәкіртақыға иеленді.
Бағдарламаға әртүрлі сала бойынша белсенді жастарды тартып, арнайы шәкіртақы белгілеу арқылы оларды көптеген ұлттар мен діндер тұратын қоғамда дінаралық қатынасты нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізуге дайындайды. Ол үшін алдымен мұндай іріктелген жастарға арнайы білім беру жүйесі қарастырылған. Жүйеге сәйкес білім берушілердің қатарына ислам, христиан, будда, иудей және т.б. осы секілді діндердің өкілдерінен білікті мамандар тартылады. Олар әлемдік деңгейде қоғамның тұрақтығын сақтау, дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі мәселелерді, әдіс-тәсілдерді оқытады.
Осының нәтижесінде жүйелі түрде білім алған жастар келешекте ашық оймен алаңға шығып, қоғамның ағысына жаңа көзқараспен қарап, дін мен ұлтаралық татулық пен ынтымақтастықтың жолдарын қарастырады деп күтілуде.
ХКМДО аталмыш бағытта Дүниежүзілік Скаут қозғалысы ұйымымен (Scouts for SDGs - www.scout.org) бірлесе жұмыс атқарады. Бұл өз кезегінде әлемнің барлық жерінен белсенді жастарды тартуға көмек береді. Аталмыш Қозғалыспен бірлесе отырып ХКМДО «Бейбітшілік үшін диалог» атты бағдарламаны жүзеге асырды. Осы бағдарлама аясында ХКМДО жастарды әсіресе, қыз-келіншектерді тартып, оларды қоғамның тұрақты дамуына салмақты үлес қосады деген мақсатпен соңғы жылдары жастармен тығыз жұмыс жасауда. Өйткені, жаһандық заманда дінаралық қатынасты ілгерілету үшін жастардың белсенділігін, ерекше әлеуетін тиімді пайдаланып тез жетістікке жетуге болатынын ХКМДО басты назарға алуда.
Сонымен қатар, ХКМДО соңғы уақытта Диалог білім хабы (Dialogue Knowledge Hub) виртуалды порталын іске қосты. Онда бүкіл әлемдегі конфессияаралық диалогты дамытуға қатысы бар дін саласындағы мамандар үшін ақпараттық-ағартушылық мәліметтер жарияланады. Мұнымен қатар портал арқылы ортақ желіге қосылып, онда дінаралық қатынасқа байланысты онлайн вебинарлар, курстар мен оқыту дәрістері тұрақты жүріп отырады. Осындай курстардың негізгі мақсаты ХКМДО қызметкерлерінің дін саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, ХКМДО имиджін арттырып, өзгенің пікірін тыңдау болып табылады.
Жалпы, бүгінде ХКМДО дінаралық диалогты насихаттауда белсенді жұмыс жасап келеді. Ол Батыс пен Ислам әлемі арасында көпір орнатқан ерекше орталық саналады.
Ислам әлеміндегі осы секілді халықаралық діни ұйымдар мен орталықтардың дін саласындағы татулық мен ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жұмыстарымен жақын танысып, олармен тәжірибе алмасу кез-келген елді қызықтырары сөзсіз. Бұл өз кезегінде дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету саласында ислам елдеріндегі ұйымдардың әлем алдындағы салмақты орнын тағы бір айғақтайды.
Қазіргі таңда дінаралық қатынасты нығайтудағы Қазақстанның дін саласындағы саясаттың ілгері дамуына үлес қосып келе жатқан мемлекеттік органдар мен орталықтар тұрақты қызмет атқарады. Соның бірі Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығын ерекше атауға болады.
Аталмыш Орталық өз қызметін 2019 жылы бастаған. Мұндай қысқа мерзімде Орталық конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету бойынша жұмыс атқаратын әлемге танылған түрлі халықаралық ұйымдармен, орталықтармен ынтымақтастық орнатып үлгерді. Солардың ішінде: БҰҰ Өркениет Альянсы, Кавказ мұсылмандары басқармасы, әл-Азхар Ислам зерттеулері академиясы (Мысыр), ИЫҰ, БИЛ (Саудия), Мұсылман ақсақалдар кеңесі (БАӘ) және т.б.
Бүгінде Орталық осындай қарым-қатынас орнатқан ұйымдармен бірлескен іс-шаралар, халықаралық конференциялар ұйымдастырып, конфессияаралық бағытта тәжірибе алмасу жұмыстарын жалғастырып келеді. Атап айтар болсақ, а.ж. наурыз айында әл-Азхар Ислам зерттеулері академиясының Бас Хатшысы Назир Мұхаммед Аядтың арнайы шақыруымен Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев «Діндер мен мәдениеттер диалогы» тақырып аясында ұйымдастырылған Ислам істері жөніндегі жоғарғы Кеңестің 31-ші Халықаралық конференциясына қатысты. Сапар барысында Басқарма Төрағасы Мысырдың Бас мүфтиі Шауқи Аллам, Уақфтар министрі Мұхтар Жұма секілді беделді тұлғалармен кездесіп, Орталық пен әл-Азхар арасындағы ынтымақтастық аумағын кеңейту жөнінде сұхбат құрды. Сондай-ақ, кездесу барысында әл-Азхар құрамында дінаралық диалогты нығайтуға бағытталған «Дінаралық диалог орталығы» мен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы арасында меморандумға қол қою мәселесі талқыланды. Осы секілді бастамалар өз кезегінде болашақта аталмыш сала бойынша көптеген жан-жақты тәжірибе алмасуға септігін тигізеді.