Жаңалықтар

Қазіргі таңдағы тәңіршілдік ағымының көзқарас негіздері мен ұстанымдары

Бөлісу

Дінтану сараптамасы департаментінің аға сарапшысы

Алмұрзаева Бибігүл

Елімізде Шоқан Уалиханов, Мұрат Әуезов, Әуесхан Қодар және т.б. этнографтар мен тарихшылар тарапынан жазылған көне тәңіршілдік тарихы мен сенімі жайлы ғылыми зерттеулер мен айғақты еңбектер жеткілікті. Бірқатар ғалымдар мен дінтанушылар тарихи жазбаларды негізге ала отырып, көне түркілердің «Көк Тәңірі» түсінігі мен ұстанымын бір құдайлық (монотейстік) сенімге жатқызады. Мысалы, Х ғасырдың басында атақты араб саяхатшысы Ибн Фадлан Еділ бойына келгенде, ондағы оғыз түркілердің көкке қарап «Бір Тәңірі» деп айтатындығы «Еділ бойына саяхат жазбасы» атты еңбегінде кездеседі.1

90 жылдары посткеңестік елдерде түрлі діни қозғалыстардың пайда болу үрдісі белең алды. Оккульттік-мистикалық топтар мен жаңа культтер әрекет ете бастады. Солардың біріне «тәңіршілдер» ағымын жатқызуға болады.

Кеңес үкіметінің бодандығынан босап, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірқатар азаматтар ежелгі түркілік, «тәңіршілдік» дүниетанымды жаңа контексте, яғни жаңа мазмұнда қайта жаңғыртуды қолға ала бастады.

Халық ауыз әдебиеті арқылы жеткен тәңірлік түсінік сарқыншақтарына буддистік, шамандық элементтерді қоса отырып, аралас түсініктегі (синкреттік) тәңіршілдік ағымы қалыптаса бастады. Бұл үрдіс түркі тілдес қырғыз, қазақ, башқұрт, татар, құмық, якут ұлттары арасында да көрініс тапты. Аталмыш көзқарас кейбір Ресей, Қырғызстан және Қазақстан азаматтары тарапынан түбі бір түркі халықтарын бір тудың астына біріктіруге бағытталған идеологиялық алаңға айналды.

«Тарих сахнасында орын алған ежелгі түркілердің әскери-жауынгерлік рухы мен өркениеттік жетістіктері «Тәңірлік» ұстанымға негізделген» деген пікірлер мен көзқарастар осы идеологияны насихаттаушы топтардың негізгі ұраны болып табылады.

Көршілес қырғыз елінде пайда болған «тәңірлік» ағым көзқарасы біздің еліміздегі кейбір азаматтар тарапынан қолдауға ие болды. Қырғыз еліндегі «тәңіршілдік» көзқарас пен ұстаным бойынша тарихи «Манас» эпосын негізге ала отырып Манас тұлғасын, «аруақ» деген түсініктерді жаңғырту үрдісі көрініс тапқан болатын. Осы идея қазақи түсінікке негізделініп, елімізде де насихаттала бастады. Бұл жерде әрине «Манас» эпосы емес, «аруақ», «қасиет» деген сөздер ең басты тақырыпқа айналып, рухты құрметтеу, рух шақыру деген түсінікке ойыса бастады. Бұл ұстаным ары қарай қазақ халқы үшін үлкен мәселелердің бірі болып табылатын «қазақ тілі» мәртебесін көтеруді насихаттай бастады. Ағым мүшелерінің ойынша тіл мәртебесін көтеру, халықтың бойындағы рухын ояту «тәңіршілдік» түсінік пен ұстаным арқылы ғана жүзеге аспақ.

Мысалы, «Аруақ – ол материалный зат. Ол клетка. Кейде адам бейнесінде ие болып көрінеді. Кейде жан-жануардың бейнесінде кие болып көрінеді. Оны біз тіктеуіміз керек жан-жануар болса адам бейнесінде көрінетіндей қылып»деген және «Қасиет» сөзі ата-баба рухын шақырып, олардан аян алу арқылы болашақта орын алатын оқиғалардан хабардар болу деген мағынаны білдіреді» деген сынды мистикалық ойлар дәлел бола алады.

Сондай-ақ, қырғыз елінен басқа ресейлік тәңіршілдер ұстанымы да елімізде аталмыш үрдістің қалыптасуына ықпал етуде. Осы орайда тәңіршілдік ағымның қазақ және орыс тілді аудиториясы қалыптасты. Аталған аудиторияларда бір идеология насихатталғанымен, «тәңіршілдік» ойды халыққа түсіндіріп, таратуда әр-түрлі әдіс тәсілдер қолданылуда.

Қазақ тілді аудиторияға бағытталған насихаттық әдіс-тәсілдер:

  1. «Аруақ», «қасиет» және «құт» түсініктері – қазаққа, түбі бір түркі халқына тән ұғым деген көзқарас.
  2. Қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктері мен сөздік қорын пайдалана отырып, сөздердің мағынасына қатысты нақты мәліметтерді ашық түрде бұрмалап түсіндіруге аса мән берілген. Осы орайда кейбір сөздерге қатысты ғылыми негізсіз дәлелдер орын алғандығына мән беру қажет. Мысалы, араб тілінен енген «мешіт», «сүннет» (сүндет) және т.б. сөздер жоққа шығарылып, көнеден келе жатқан түркілік сөз ретінде түсіндірілуде.

Сондай-ақ, «Қазақ тілі құдірет, алтын тағына отырғыз», «Қазақ тілін жаназамен жандандыр», «Қазақтығын ұмытқан қазақ, саған айтам», «Бесігің – өріс, ұлтың – тұрақ»2 және т.б. осы сынды «ұрандар» жиі жариялануда.

Ұлттың рухына, санасы мен түсінігіне жақын осы сынды тақырыптар аталмыш ағым мүшелерінің айналасында адамдарың топтасуына жол ашуда. Жалғантәңірлік дүниетанымды қазақ тілінің мәртебесін көтеруге шақыру арқылы насихаттау жүргізілуде.

  1. Қазақи салт-дәстүр мен мұсылмандық міндеттерді бұрмалай отырып, жаңа догматикалық түсініктер қолға алынуда. Мысалы, «Әумин» сөзінің орнына «Өмін» сөзін индуистік «Ом» медитациясының дыбысталуын негізге ала отырып, «Өмііііін» деп созып айтудың ережесі қалыптастырылуда.

Келесі реттегі мистикалық әрекеттердің біріне – жаңадан пайда болған жаназа шығару мен ас беру рәсімдері жатады. Байқап отырғанымыздай аталмыш ағым мүшелері «тәңірлік» сенімдері мен ұстанымдарын догматикалық тұрғыда жүйелеу сатысына көше бастаған. Ислам дінінің әдет-ғұрпы мен ата-баба салт-дәстүрін өздерінше бұрмалап насихаттауда.

Орыс тілді аудиторияға бағытталған насихаттық әдіс-тәсілдер:

  1. «Қасиет» түсінігі негізгі догматикалық ұстаным болып табылады. Қасиетке көріпкелдік, болжау әрекеттері жатады. Олардың түсініктері бойынша көне түркілер осы «қасиет» арқылы ұлы дала өркениетін құрып, әскери жетістіктерге қол жеткізген-мыс.
  2. Шамандық салттарды (ритуал) орындауға көп көңіл бөлінеді. Мысалы, даңғара (бубен) арқылы рухтарды шақыру, отпен аластау әрекеттерін жатқызуға болады.

Осы орайда кейбір танымал тұлғаларды қамти отырып, «тәңіршілдік» дүниетанымына қатысты түрлі пікір алмасу бағдарламалары жиі насихатталуда.

«Тәңіршілдік» ағымы түбі бір түркі ұлыстарын бір тудың астына біріктіріп, әлем сахнасында рухани бәсекелестікке ие бола алатын идеологияны қалыптастыруды ұстануда. Олардың ойынша аталмыш идеология тек «тәңіршілдік» ұстанымы арқылы жүзеге аспақ. Дегенмен, бұл идеологияның астарында исламофобтық көзқарастар мен әрекеттер орын алуда.

«Ислам дінінің қазақ жеріне соғыс арқылы еніп, саяси, рухани және экономикалық басқыншылық саясатын жүргізу салдарынан түркі әлемі дамымай артта қалған» деген көзқарас тәңіршілдік ағымын ұстанушы азаматтарға тән ортақ түсінік. Сол себепті де ағым мүшелері тарапынан исламофобтық көзқарастар, атап айтқанда ислам құндылықтарын аяқасты қылу, мазақ қылу қалыпты жағдайға айналған.

Мысалы, әлеуметтік желілердің бірінде жарияланған кезекті бейнежазба мазмұнында «...біздің қазақ даласында, біздің мемлекетімізде ислам діні жоқ. Ислам діні деп жүргеніңнің бәрі Тәңір жолының ұстанымдары. Қайталап айтамын біздің даламызда, қазақ мемлекетінде ислам діні жоқ. Бізде тәңіршілер исламистер бар. Тәңір дініне тиесілі барлығын қаусара құшақтап өмір сүріп жатқан Тәңіршіл исламистер бар. Сондықтан олар Ханафи мазхабын ұстанып отыр қазақтың дүниетанымына жақындату үшін» делінген. Сондай-ақ, «Аврамның жолымен жүр дейтін ұлы кітапты қолына алатын болса қазақы диниетанымнан аулаққа кетіп қалады. Күн көрістері қиындайды...» деген сияқты ойлар жиі көрініс табуда.

Ағым мүшелерінің әлеуметтік желі парақшаларында қоғамда діни алауыздық пен араздықты тудыратын үндеулер насихатталған бейнежазбалар мен контенттер жариялануда. Олардың мазмұнында діни экстремизм белгілері кездеседі. Азаматтарды «мұсылман» болғандығы үшін «айыптап», «ата-баба жолынан, салт-дәстүрінен алшақтағандар» - деп халық арасында іріткі салу, ру-руға бөлу және т.б. әрекеттер еліміздің бірлігі мен дін саласындағы тұрақтылығына қауіп төндіреді.

Тәңірлік сенімнің пайғамбары, біздерге жеткен қасиетті кітабы жоқ. Тәңір сөзі түркі халықтарының түсінігінде, соның ішінде қазақ тілінде Құдай сөзінің синонимі ретінде көрініс тапқан. Ислам діні тұрғысында Алла сөзінің баламасы ретінде қазақ тіліндегі Құдай немесе Тәңір түсінігі шариғатқа еш қайшылығы жоқ.  

Академик Ғарифолла Есім «Хәкім Абай» кітабында «тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті мойындағандық», - деп тұжырымдаған.

Қазақстан мемлекеті тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпыадамзаттық құндылықтардың жалпыұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.

Ел Конституциясына сәйкес барлық азаматтардың заң алдындағы теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың моделі қалыптасты. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын іске асыруға бағытталған және дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудың және ұлттық мүддені қорғаудың құқықтық негізі болып табылады.

Осы орайда, діни кемсітушілік пен діни араздыққа жол берілмейді.

Елімізде заң нормаларында көрсетілгендей, дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, зорлық-зомбылыққа үндеумен және өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттермен байланысты діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге қатаң түрде тыйым салынған.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Записка» о путешествиина Волгу» атты еңбегі, http://www.hist.msu.ru/ER/Etext/fadlan.htm.
  2. «Youtube.com» видеохостингісінде орналасқан бейнежазба каналы.