Шукей Інжу Болатқызы
Діни ахуалды талдау және мониторинг департаменті
Аға сарапшы
Белгілі бір қоғамдық құбылыстар мен процесстердің дамуын бақылауда ұстау көптеген салалардағы талдау жұмыстары үшін маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Мұндай міндетті көп жағдайда мемлекеттік құрылымдар атқарады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 4 бабына сәйкес республикадағы діни ахуалды зерделеу және талдау жұмыстарын дін саласындағы уәкілетті орган атқарады [1].
Мемлекеттік тапсырма аясында аталған міндетті орындауға Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институты да қатысады. Сондай-ақ, өңірлік деңгейдегі діни ахуалды зерделеу дін саласындағы жергілікті уәкілетті органдардың қызметінің құрамдас бөлігі болып табылады.
Белгілі бір жетістіктеріне қарамастан, қазіргі уақытта елімізде діни ахуалды бақылау және зерделеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды толыққанды жетілген деуге келмейді.
Аталған саладағы мониторинг пен талдау жұмыстарының мынадай негізгі олқылықтарын атауға болады:
1) республика мен оның өңірлерін біріктіретін мониторингтің бірыңғай әдіснамасының жетілмегендігі;
2) мониторингтің цифрлық форматқа ауыспауы;
3) мониторинг нәтижелері бойынша әзірленген талдаулар мен ұсынымдардың практикалық қолданылу деңгейінің төмендігі;
4) мониторингке жауапты мамандардың ғылыми-теориялық және кәсіби құзыреттілік деңгейлерінің жеткіліксіздігі; т.б.
Аталған олқылықтардың ішінде діни ахуал мониторингі әдіснамасының жетілмегендігі ерекше өзекті болып отыр. Мамандардың өз жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруы және жүргізуі, жазылған талдаулар мен ұсынымдардың сапасы, ең алдымен, ғылыми-теориялық тұрғыдан сауатты әзірленген әдіснамаға тәуелді десе болады.
Бүгінде отандық ғылыми-сарапшылық салада діни ахуал мониторингі бойынша еңбектердің жоқтығы айқындалып отыр. Ұсынылып отырған мақаланың өзектілігі де осы мәселемен байланысты. Мақалада діни ахуал мониторингінің әдіснамалық ерекшеліктеріне шолу жасалатын болады.
Бүгінде мониторинг саласында қызмет атқаратын мамандар арасында «мониторингтің» ұғымы мен мәнін жеткілікті түсінбейтіндер де кездеседі. Біреулері мониторингті ақпарат жинаудың әдісі деп түсінсе, екіншілері бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауға бағытталған шара деп қабылдайды. Енді бір мамандар мониторингтің периодикалық мәнін тиісінше ұғынбайды.
Аталғандардың негізінде «мониторинг» және «діни ахуал мониторингі» ұғымдарына тоқталып кетейік.
Мониторинг қоғамдағы құбылыстар мен процестердің жай-күйін, өзгерісін бағалау және даму келешегін болжамдау мақсатында үздіксіз бақылау жүйесі болып табылады.
Ал діни ахуал мониторингі – мониторингтің дін саласына бағытталған түрі. Діни ахуал мониторингі аясында дін саласындағы негізгі проблемалар мен тенденцияларды анықтау, талдау және оларды шешу бойынша әдістемелік/практикалық ұсынымдар әзірлеу міндеттері белгіленеді.
Мониторинг бірнеше кезеңдерден тұратын күрделі процесс. Ендігі аралықта мониторингтің әдіснамалық және техникалық ерекшеліктерін оның кезеңдерін қарастыру аясында талқылауды жөн көрдік.
Діни ахуал мониторингі 5 кезеңді қамтиды:
- Дайындық кезеңі.
Бұл мониторинг жұмыстарының сапалы жүргізілуін қамтамасыз ететін алғышарттарды қалыптастыратын маңызды кезең болып табылады. Дайындық кезеңінде мониторинг жүргізуге қажетті ресурстар (мамандар, материалдық-техникалық жабдықтар, т.б.) анықталып, қажетті инфрақұрылым әзірленеді.
- Мониторингтің теориялық-әдіснамалық негіздемесін әзірлеу кезеңі. Бұл кезеңде мониторинг бағдарламасы әзірленіп, теориялық-әдіснамалық негіздеме жасалады. Бағдарламада мониторингтің өзектілігі, мақсаты, міндеттері, негізгі өлшемдер (индикаторлар), ақпарат көздері, ақпарат жинау және өңдеу әдіс-тәсілдері анықталады.
Мониторинг әдіснамасындағы маңызды мәселелердің бірі – бақылауға қойылатын өлшемдерді (индикаторларды) анықтау. Индикаторларсыз бақылау мониторинг болмайды. Яғни, индикаторлар белгілі бір құбылыстар мен процесстердің өзгеру динамикасын өлшеуге арналған құрал қызметін атқарады.
Мониторинг толыққанды жүргізілуі үшін индикаторларды анықтауға қатысты мынадай талаптар бар:
- индикаторлар анық әрі түсінікті болуы шарт;
- индикаторлар өзгеріс деңгейін көрсету үшін белгілі бір өлшемдер арқылы анықталуы керек (сандық, деңгейлік, пайыздық өлшемдер);
- индикаторлар бақылаудың жүйелілік талаптарына сәйкес келуі керек және олардың жиілігін немесе циклын ескеруі тиіс [3].
Индикаторларға қойылатын талаптардың ерекшеліктерін ашып көрсету үшін діни ахуал мониторингі аясында анықталған бірнеше маңызды индикаторларды атап көрсетейік: тұрғындардың діни толеранттылық деңгейі; тұрғындардың зайырлы мәдениетінің деңгейі; тұрғындардың діни радикалдылық деңгейі; дін саласындағы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділік деңгейі; діни ұйымдар мен ағымдардың белсенділік деңгейі; тіркелген діни ұйымдардың саны; т.б.
Сондай-ақ, бұл кезеңде ақпарат көздері мен ақпарат жинау әдістері де анықталып, мониторинг жүргізуге қажетті құралдар әзірленеді.
Мониторинг аясында мынадай ақпарат көздерін пайдалануға болады: БАҚ, соның ішінде электронды БАҚ пен сайттар, әлеуметтік желілер; НҚА, бағдарламалар, мемлекеттік органдардың ресми құжаттары, есептері, ақпараттық мәліметтері; қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде халықаралық ұйымдардың құжаттары мен статистикалық деректері; зерттеу материалдары; т.б.
Ақпарат жинау үшін тұрғындар арасындағы сауалнама, адрестік топтар арасындағы сауалнама, сарапшылық сауалнама, сарапшылық сұхбат, тереңдетілген сұхбат, нарративтік сұхбат, фокус-топ, ашық топтық дискуссия, кейс-талдау, SWOT-талдау, контент-талдау (сандық және сапалық), визуалды талдау, социологиялық бақылау әдістері қолданылады.
Ақпарат жинау әдістері белгілі бір өлшемдерге сәйкес анықталады. Яғни, қандай да бір өлшемді қандай әдіс арқылы алынған ақпарат арқылы зерделеуге болатындығы айқындалып, қолданылады. Кей жағдайда бір өлшемді бірнеше әдісті қолдану арқылы да зерделеу қажет болады.
- Далалық кезең. Бұл кезеңде таңдалған ақпарат жинау әдістері арқылы эмпирикалық деректер жинақталады: сауалнама жүргізіледі; сұхбат алынады; контент-талдаудың ақпараттық-деректік базасы толтырылады; социологиялық бақылау аясында құбылыстар тіркеліп, хаттама толтырылады; т.с.с.
- Эмпирикалық деректерді өңдеу кезеңі. Аталған кезеңде жинақталған деректер өңделіп, талдауға әзірленеді. Деректерді өңдеу мынадай бірнеше кезеңдерден өтуі мүмкін:
Деректерді бастапқы өңдеу: бұл кезеңде сауалнама арқылы алынған деректер арнайы кестеге салынады, сұхбаттардың жазбасы транскрипцияланады, контент-талдаудың деректері белгілі бір параметрлер бойынша топтастырылады, т.с.с. жұмыстар атқарылады. Сондай-ақ деректерді қайта тексеру жүргізіледі.
Екінші өңдеу: факторлық, корреляциялық немесе басқа талдау әдістерін немесе арнайы компьтерлік бағдарламаларды қолдану арқылы деректер сапалы өңдеуден өтеді.
Мысалы, факторлық талдау құбылыстарды, ерекшеліктер мен белгілерді анықтап, оларды бөлу және жіктеу болып табылады. Ал корреляциялық талдау таңдалған параметрлер арасындағы қатынастар мен тәуелділіктерді анықтау арқылы орындалады (екі немесе одан да көп белгілер бойынша) [4].
Бірнеше кезеңдік өңдеуден өткен деректер талдауға шығарылады.
- Талдау және презентация кезеңі. Бұл кезеңде эмпирикалық деректерге бастапқыда қойылған міндеттер мен жасалған болжамдар аясында теориялық талдау жасалады. Негізгі өзекті мәселелер мен тенденциялар анықталып, қорытынды тұжырымдар мен практикалық ұсынымдар беріледі.
Бүгінде Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институты тарапынан діни ахуал мониторингінің арнайы әдіснамасы әзірленіп, қоданысқа енгізілген. Дегенмен, бұл саладағы жұмыстардың сапасын арттыру жолында Институт «Цифрлық мониторинг» жобасын әзірлеуде. Аталған жоба мониторинг аясында жедел ақпарат жинау мен жедел талдау жұмыстарын жүргізуге кең мүмкіндіктер беретін болады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы №483-ІV Заңының, 4 бап, 1-1 тармағы.
- Өңірлік деңгейдегі діни ахуалды талдау және мониторинг жұмыстарының қазіргі жай-күйі және өзекті мәселелері туралы талдау хат, Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институты, № 798 хат/ 04.12.2020
3.Руководство по мониторингу и ценки проектов, программ, политик, Г.Маматкеримова, А. Болотбаев, С. Билалова. – Б.: 2002. – 56 С.
4.https://studme.org/60765/psihologiya/planirovanie_metodov_obrabotki_dannyh