Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы мен Үндістанның Қазақстандағы елшісі өзара ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Бөлісу

Бүгін, 5 тамызда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Үндістанның Қазақстан Республикасындағы елшісі Шубхдаршини Трипатхи ханыммен кездесті.

Кездесудің мақсаты - ынтымақтастықты нығайту, конфессияаралық және дінаралық салалардағы қатынастарды дамытудың маңызды аспектілерін талқылау.

Орталық басшысы 1992 жылы дипломатиялық қарым -қатынас орнағалы бері Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты байланыстар қарқынды түрде нығайып, дамып келе жатқанын атап өтті.

«Үндістан Республикасы - Қазақстанның негізгі саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Біздің халықтар арасындағы қарым-қатынас ежелден бастау алған және тамыры тереңде жатыр. Бүгінде Қазақстан-Үндістан қарым-қатынастарының даму перспективалары біздің ынтымақтастықтың дұрыс векторын таңдағанымызды көрсетеді. Осыған байланысты біз мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, бейбітшілік пен конфессияаралық келісім, ортақ рухани және адами құндылықтарды насихаттауға ниеттіміз, - деді Болат Сәрсенбаев.

Кездесу барысында Орталықтың Басқарма Төрағасы Қазақстандағы Үндістан Елшілігінің басшысына алдағы жылы өтетін Съез Хатшылығының ХІХ отырысына белсенді дайындық жұмыстары туралы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2022 жылы өтетін VII Съезі жайлы ақпарат берді. Сондай-ақ, кездесуде Орталықтың халықаралық және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс -шаралары туралы айтылды.

Орталықтың Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Съез Хатшылығының ХІХ отырысы қарсаңында Н.Назарбаев орталығы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктер базасында бірқатар дөңгелек үстелдер сериясын ұйымдастырып жатқанына тоқталды. Дөңгелек үстелдер конфессияаралық диалогты қамтамасыз ету мен сақтау жөніндегі Елбасының негізгі бастамаларын ілгерілетуге, бірегей халықаралық платформа - әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, Болат Сәрсенбаев Шубхдаршини Трипатхи ханымды биылғы жылдың 17 тамызында Нью -Делиде өтетін дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.

Елші Шубхдаршини Трипатхи Орталықтың Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевқа жылы қабылдағаны үшін және ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықаралық аренадағы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытудағы баға жетпес рөлі мен үлесін ерекше атап өтті.

Елші Үнді елі  тарапының әлемдегі қауіпсіздікті, тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мен сақтау бойынша бүкіл адамзатқа ортақ миссияны жүзеге асыру бойынша Орталықпен ынтымақтастықты дамытуға ниетін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан-Үндістан қарым-қатынасын одан әрі нығайту, бірлескен перспективалы жобаларды іске асыру, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын насихаттауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.