Жаңалықтар

Қазақстан – дінаралық диалогтың бірегей алаңы

Бөлісу

Назерке Өрғара

Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі

Н.Назарбаев орталығы,

Ақпараттық-имидждік іс-шаралар

Департаментінің бас кеңесшісі

Заман алмасып, адaмзaт қoғaмының aқыл-oйы aлaманғa түскeн жaһaндану кезінде жұтылып кетпеудің бір жолы – елдің тұтастығы мен бірлігі. Бүгінгідей ғылыми-технологиялық прогрестің дaму заманында өркениетпен қатар түрлі ғаламдық өзгерістер де қылаң бергені бәрімізге аян. Тіпті, дүниежүзін дүр сілкіндіріп, адамзат атаулыны рухани құндылықтан жұрдай қылатын лаңкестік әрекеттер де аз емес. Алысқа ұзамай-ақ көршілес мемлекеттерде болып жатқан оқиғаларға куәміз.

Жан-жағымыздағы осындай өзгерістерге қарамастан, Қазақстан - Орта Азиядағы береке-бітімі жарасқан, келісім мен бірлікті ұштастыра білген ел. Оған тарих куә, тағылымды уақыт куә. Бүгінгі бейбіт заман - әрине, дін мен ұлт татулығын алғы шепке қоя білген Елбасы-Н.Назарбаевтың ұтымды саясатының жемісі, Тәуелсіздіктің 30 жылындағы елімізге Тәңір сыйлаған ұлы жетістіктердің бірі және де бірегейі.

Соңғы кездері ел бірлігі жолында іске асырылып жатқан игі бастама, ірі жобалардың қатары аз емес.

Осы ретте, 2003 жылы Елбасы бастамасымен өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі әлемдегі барлық адамзатты түріне, дініне, нәсіліне қарамай бір болуға үндейтін ғажап бастама. Бұл бастама содан бері қазақ даласында алты рет өтті. Күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан әлемдік Съез – Елбасының кейінгі ұрпаққа мұра қылар жауһар ескерткіші десек артық айтқандық болмас.

Съез барысында әр үш жыл сайын жаһанның белді көшбасшылары жиналатын елордамыз тек еліміздің ғана жүрегі емес, бүгінде конфессияаралық және дінаралық келесімнің бірегей моделін қалыптастырған алаңға айналды.

Осы орайда, «Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін», - деген Елбасы сөзі ойға оралады.

Расында, бүгінде еліміз көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына жинаған құтты мекен. Өзге ұлтты жатсынып, өзектен теппей, құшағымызды ашқан дархан қасиет қазақтың қанында, бауырмалдық болмысында бар.

Бүгінде, Елбасының ұлт бірлігі жолындағы тарихи бастамалары әлем назарында. Өткенге үңілер болсақ, ел Тәуелсіздігінің 10 жылдық мерейтойында Рим папасы Иоанн Павел II Астанаға жасаған сапары күні бүгінгідей баршаның көз алдында. Өйткені, бұл еліміздегі қоғамдық-саяси және діни іс-шаралар қатарынан елеулі орын алған ерекше оқиға еді. Рим папасы Иоанн Павел II бірлік пен келісім жолындағы азаматтық істері үшін  Елбасына алғыс айтып, қасиетті тақтың ең үлкен сыйлығы  - Пия сыйлығымен марапаттағаны да еліміздің тарих беттеріндегі жарқын жетістігі.

Қарапайым құндылық азайған заманда адамгершілік, татулық, адалдық пен рухани сыйластық қасиеттерін ту еткен Съездің бүгінгі қоғамға берері көп. Әлем қауымдастығының жоғары бағасына ие болып, дінаралық татулықтың нығаюы, жалпы адамзат баласының бір-бірін жатырқамай бейбітшілікте ғұмыр кешу жолында 2003 жылдан бері аянбай тер төгіп келе жатқан Съездің болашағы жарқын екеніне сеніміміз зор.

Жалпы, «ұлы қaзaқ» дейтін ел жаңа мыңжылдықтa да әртүрлі хaлықтарды бір aрнаға тоғыстырып, бейбіт өмірге бастама болатын киелі мекенге айналарына сенемін!