Танымал шығыстанушы ғалым Әбсаттар Бағысбайұлы Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы қызмет жылдарының басында өте қажет шығыстану ғылымы саласының ұлттық мамандарын даярлауға белсене араласып, алғаш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде араб бөлімі мен Шығыс тілдер кафедрасының ашылуына, кейінірек Шығыстану факультетінің ұйымдастыруына бастамашы болды. Бүгінде Еліміздегі білім ордасының қара шаңырағынан түлеп ұшқан жүздеген шығыстанушы мамандар мемлекетіміздің дамуына әр салада атсалысып, есімдері белгілі болуда.
Әбсаттар қажы, Қазақстан мұсылмандарының III және IV Кұрылтай жиынында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, кейін Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы болып тағайындалып өмір жолын ислам дінін насихаттауға арнады. Ғалымның шығыстану біліміне, исламтану саласында қосқан еңбектері арқылы отандық ізденушілер ислам әлеміндегі ойшыл, даналармен таныс болды.
Әбсаттар Бағысбайұлы ҚазҰУ-нің Тілдер және Халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры қызметінде болғанда Қазақстанның ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің Хатшысы ретінде жұмыс бабымен танысқан едім.
Ол кісі 1-сыныпты кеңесші дипломатиялық лауазым иесі ретінде де Отанына қызмет етті, ҚР Сауд Арабиясындағы Корольдігіндегі елшілігінің кеңесшісі ретінде де әріптес болдық.
Үндістандағы ҚР Елшілігіндегі қызметім барысында Мұхаммед Хайдар Дулати кесенесін реставрациялау аясында, ұйымдасытырлған конференцияға Әбсаттар Бағысбайұлы Шығыстану институтының директоры ретінде қатысып, мазмұнды баяндама жасаған болатын.
Жылы жүзді, жарқын келбетті Әбсаттар Бағысбайұлы Дербісәлінің артында ұлағатты ұрпағы, мазмұнды кітаптары, ойлы шәкірттері қалды. Бақилық болған қазақтың асыл тұлғасының иманы саламат, барар жері бейіш болғай...
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев