Ағымдағы жылдың 14 шілдесінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Каспий аймағындағы экономикалық, саяси, энергетикалық және қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін АҚШ-тың Каспий Саяси Орталығының өкілдерімен кездесуі өтті.
Кездесу мақсаты – COVID-19 байланысты іс-шаралар жағдайын және елдің пандемиядан кейінгі қалпына келтіру стратегияларын бағалау, сондай-ақ Қазақстан үкіметінің ағымдағы саяси басымдықтарына және АҚШ пен Қазақстан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін қарастыру болды.
Делегация құрамына Каспий Саяси Орталығының бас директоры және директорлар кеңесінің мүшесі – Эфган Нифти, отставкадағы елші – Ричард Э. Хогланд, Орталықтың аға менеджері – Ақбота Кәрібаева және Бағдарламалар бойынша көмекші – Джереми Коэн кірді.
Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Н.Назарбаев орталығының қызметінің басым бағыттарымен, мақсаттары мен міндеттерімен таныстырды, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған халықаралық іс-шараларды өткізу жоспарларымен бөлісті, сондай-ақ Съездің ХІХ Хатшылығы мен 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық барысы туралы айтты.
Өз кезегінде АҚШ делегациясының өкілдерін келесі мәселелер қызықтырды: тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда діни толеранттылықты табысты насихаттау; діни толеранттылықты одан әрі арттыру үшін Қазақстан мен Орталық Азия аймағы қабылдаған қадамдар; АҚШ үкіметінің конфессияаралық диалог пен толеранттылықты ілгерілету жөніндегі миссиясын қолдауға бағытталған көмегі мен қолдауы.
Басқарма Төрағасы қонақтардың сұрақтарына жауап бере отырып, бүкіл әлемде «Қазақстандық жол» немесе «Назарбаев моделі» деп танылған Қазақстанда құрылған қоғамдық бейбітшілік пен келісім үлгісінің бірегейлігі туралы айтты.
«Нұр-Сұлтан – әлемдік діндер мен өркениетаралық диалогтың геосаяси орталығы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев заманауи әлемдік қоғамдастық дәл біздің еліміздің астанасы арқылы Қазақ мемлекетін қолайлы инвестициялық ахуалы, жоғары инфрақұрылымдық дамуы, әлеуметтік-экономикалық саласындағы, мәдени даму таңғажайып нәтижелері бар 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері бірлік пен келісімде өмір сүретін ел ретінде бағалайтындығын ұдайы айтып отырады. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев тәуелсіздік таңында жариялаған конфессияаралық және ұлтаралық келісім саясатын ілгерілету және нығайту курсы жаңа тарих бойына Қазақстанның дін және діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі мағынасын құрайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қазақстан Республикасы Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі елдің қазіргі мемлекеттік саясатын толығымен қолдайды» - деді Б. Сәрсенбаев.
Болат Сәрсенбаев Орталықтың маңызы зор жобалары мен іс-шараларын жүзеге асырумен қатар, конфессияаралық саладағы Қазақстан мен АҚШ арасындағы серіктестік қатынастар әлеуетінің басымдылығын атап өтті. Орталықтың алғашқы меморандумдарының бірі БҰҰ Өркениеттер Альянсымен Орталық делегациясының 2019 жылғы желтоқсанда Нью-Йоркке сапары кезінде жасалған. Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделін БҰҰ мойындағандығының белгісі ретінде БҰҰ Өркениеттер Альянсымен стратегиялық маңызды серіктестік туралы келісімге А. Моратинос қол қойған болатын.
Тараптар әрі қарайғы өзара іс-қимыл және дінаралық диалогты ілгерілету туралы, сондай-ақ сараптамалық кездесулер ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, дөңгелек үстелдер мен конференциялар өткізу мақсатында тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою ниеті туралы уағдаласты.