Бүгін, 11 маусым күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Қазақстан Республикасының Буркино-Фасодағы құрметті консулы Фасо Эвелин Мари Поль Зербо Будамен жұмыс кездесуі өтті.
Орталық басшысы Буркино-Фасомен серіктестік қатынастарды тек саяси, сауда-экономикалық салаларда ғана емес, конфессияаралық, өркениетаралық даму саласында да кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 10 жыл толды. Біз ынтымақтастық деңгейімізді өте жоғары бағалаймыз және болашақта біздің Орталықтың қызметін, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын халықаралық аренада ілгерілету жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз. Біздің ынтымақтастық үлкен нәтижелерге жол ашатынына сенімдімін», - деді Б.Сәрсенбаев.
Кездесу барысында Болат Сәрсенбаев Евелин Мари Поль Зербо Буда ханымды Орталық қызметінің басым бағыттарымен таныстырды. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық іс-шаралары - 2021 жылы өтетін Съездің XIX хатшылығы және 2022 жылға жоспарланып отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі жұмыстарымен таныстырды.
Қазақстан Республикасының Буркино-Фасодағы құрметті консулы Евелин Мари Поль Зербо Буда Орталықтың Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаевқа кездесу мүмкіндігі үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың елдегі және әлемдегі конфессияаралық келісімді сақтаудағы жемісті еңбектеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Евелин Мари Поль Зербо Буда дін және өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуде Орталықпен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін білдірді.
Сондай-ақ, тараптар жетекші жоғары оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен, ірі бұқаралық ақпарат құралдарымен Съез идеяларын насихаттау және бірлескен іс-шаралар өткізу мақсатында ынтымақтастық туралы уағдаласты.
Кездесу қорытындысы бойынша құрметті консул Бейбітшілік және келісім мұражайын аралады, әлемдік және дәстүрлі діндерге арналған халықаралық фотокөрменің жұмыстарымен танысты.