Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығы өңірлік дін істері басқармалары және еліміздің жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып келеді

Бөлісу

2021 жылдың 3-4 маусым аралығында Түркістан мен Шымкент қалаларына жұмыс сапары аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев  орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Түркістан облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары С. Қалқамановпен, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы А.Тұяқбаев және Түркістан облысы  Дін істері басқармасының басшысы Қ.Әбуовпен, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Ж.Темірбековамен жұмыс кездесулерін өткізді.

Кездесулерде қысқа мерзімде аймақтардың экономикалық және туристік модернизациясы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың Түркістанның түркі және қазіргі заманғы сәулет негізінде бірегей жаңғыруына қосқан үлесі бірауыздан атап өтілді.

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Түркістан мен Шымкент ұлттық дәстүр мен мәдениеттің қаймағын бұзбаған, тағылымды тарихы тереңде жатқан және көпұлтты, көпконфессиялы қоғамның бірігуіне  ықпал ететін қалалар екенін баса айтты.

«Осыған байланысты биылғы Съез хатшылығының алдағы XIX отырысы және 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі бейбітшілік пен келісім орнату бағытында Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халықаралық бастамаларын ілгерілетудің негізі болады» - деді Орталық басшысы.

Өз кезегінде, сұхбаттасушылар жаһандық диалог алаңына айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің халықаралық аренадағы рөлінің артуына ерекше назар аудара отырып, Н.Назарбаев орталығының конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімнің тиімді моделін ілгерілетудегі маңызды үлесіне жоғары баға берді.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысы дін істері басқармаларының басшылығы конфессияаралық қатынастардағы мемлекеттік саясатты іске асыруда аймақтарда болып жатқан ахуалға жан-жақты зерттеу жасауға, дінаралық келісімді нығайту мақсатында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруға қолдау көрсететінін жеткізді.

Рухани-адамгершілік және азаматтық құндылықтарды дамытуға, дінтану саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және білім беру саласындағы өзара қызығушылықты ескере отырып, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Н.Назарбаев орталығы мен университет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің міндеттерін насихаттау бойынша ақпараттық-имидждік жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ Түркістанда түркі әлемі өкілдерінің қатысуымен бірлескен халықаралық іс-шаралар өткізуге келісті.

Сонымен қатар, тараптар университет студенттері мен магистранттарына арналған «Дінтану» және «Теология» мамандықтары бойынша кәсіптік практиканы ұйымдастыру туралы келісімге келді. Атап айтқанда, Қазақстандағы волонтерлік қозғалысты қолдау, студенттердің бірлескен іс-шараларды өткізуде лингвистикалық, аудармашылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту мақсатында Орталық басшысы шет тілдерін жетік білетін студенттерді негізге ала отырып қабылдауға дайын екендігін білдірді.

Түркістан және Шымкент қалаларындағы кездесу қорытындысы бойынша өңір тұрғындары арасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілетуде әрі қарай да жұмыстар қажеттілігі, сондай-ақ алдағы Съез Хатшылығының отырысына және Орталықтың басқа да халықаралық іс-шаралары бойынша қолдау көрсетуге дайын екені аталды.