Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының бас сарапшысы Дуйсебаев Жамалбек
Қазақстандағы қазіргі уақытта қалыптасқан діни ахуалға сәйкес, дінге қызығушылық білдіретін азаматтар, әсіресе жастар санының белсенділігі жоғары. Әлбетте, адамгершіліктің ізгі үлгілеріне бет алып, рухани бағытқа түскен азаматтар санының ұлғаюы қоғамдық тұрғыдан алып қарағанда маңызды үрдіс болып табылады. Кез-келген адам өзін алаңдататын, қызықтыратын мәселені іздегенде әлеуметтік ортасымен қатар, түрлі ақпарат көздерінен іздейтіндігі анық. Осылайша, еліміздің аумағында діни әдебиеттерге, материалдарға, діни ақпарат көздеріне деген сұраныс төмендеген емес. Сұраныспен қатар, әр түрлі радикалды, теріс ағымдар да өз идеологияларын баспа материалдары мен ғаламтор арқылы кеңінен таратуы белең алғаны белгілі. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, діни сауаты жоқ азаматтар мен діни білім алғысы келген жастарымыздың осы тәрізді материалдарды оқу арқылы теріс жолға түсіп кету қауіпі өте жоғары. Теріс мазмұндағы әдебиеттер арқылы діни білім алып, көзқарасын түбегейлі өзгертіп алған азаматтар саны да аз емес екені белгілі. Сондықтан, дінтану сараптамасын жүргізу арқылы қоғамға қауіпті ақпараттарды айқындап, олардың таралуына шектеу қою мемлекет үшін аса маңызды күрделі жұмыс болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданып, онда «Дінтану сараптамасы» арнайы жеке баппен енгізіліп, қағидалары мен тәртіптері белгіленген.
Дінтану сараптамасына келіп түсетін діни материалдардың басым көпшілігі ислам бағытындағы материалдар болып табылады. Бұған себеп, еліміздің конфессионалдық бөлінісінде ислам дінінің басым болуы жатыр. Сондықтан, ислам бағытындағы материалдардың дінтану сараптамасына жиі түсуі заңдылық. Орталыққа келіп түсетін діни материалдардың сараптама қорытындыларына қатысты мәліметтерді талдай келе, төмендегідей реттілікпен көрсетуге болады.
Біріншіден, ислам бағытындағы көптеген әдебиеттер мен материалдар дінтану сараптамасының оң қорытындысына ие болған. Бұл ретте, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының» жүргізіп отырған ауқымды жұмыстарының нәтижесі деп болжамдауға болады. Себебі, соңғы жылдары «Имам Матуриди» ғылыми-зерттеу орталығы тарапынан әйгілі ислам ғұламаларының, діни қайраткерлерінің ірі еңбектері аударылып, басылымға шығаруы байқалады. Өткен ғасырлардан мұра болып қалған ислами мұралар да елге әкелініп, діни әдебиет қорларын толықтыруда. ҚМДБ өкілдері тарапынан да ислам негіздеріне қатысты іргелі, мазмұнды әдебиеттер мен еңбектер, діни мазмұндағы ақпараттар қарқынды түрде жарияланып келеді. Сонымен қатар, қолжазба түріндегі барлық материалдарды жарияламас бұрын дінтану сараптамасына жолдап, сараптама қорытындысынан кейін жарыққа шығарады. Әлбетте, бұл жарияланатын материалдардың сапалы болуын, өзекті болуын қамтамасыз етіп отыратындығы анық.
Екіншіден, теріс мазмұнда кездесетін ислами бағыттағы материалдар да баршылық. Көп жағдайда олар ғаламтор желісі арқылы таратылатын сайттар мен әлеуметтік парақшалар болып табылады.
Дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алатын материалдар мазмұнында бірінші кезекте, заңға қайшы белгілер, атап айтар болсақ экстремизм белгілері, заңды билікті мойындамау, отбасы құндылықтарын бұзу, өзге сенімдерді негізсіз айыптау бойынша теріс қорытынды берілетін тұстары көп кездеседі.
Діни радикалды ақпараттарды таратушы топтардың негізгі бөлігі Ибн-Таймияның еңбектерін басшылыққа алумен танылған. Оның еңбектерінде жиі қозғалатын мәселелер ретінде шариғат бойынша өмір сүрмейтін адамды мұсылман ретінде қабылдауға болады ма және мемлекетті исламға сәйкес басқармайтын басшыға қандай қарым-қатынаста болу керек деген сауалдарды айтуға болады.
Бірінші мәселеге кеңірек тоқталар болсақ, Ибн-Таймия дәуірінде кейбір діни мәселелер өзекті болғандығы рас. ХІІІ ғ. Моңғол шапқыншылығы мен крест жорықтары шарықтап тұрған шағында, көптеген мұсылман елдері олардың иелігінде болды. Осындай орын алған жағдайларға байланысты Ибн-Тайимия: «Құраннан, сүннеттен, діни мәтіндердің негізінде ислам заңдарын ұстанбайтын мұсылмандарды қатаң айыптап, ислам заңын бұзған кез-келген адаммен соғысу керек» деген ұрандар көтерді [1, 114 б.].
Басшыға қатысты екінші мәселеде Ибн-Таймия былай деді: «Өзі басқарып отырған мемлекетте ислам негіздерін ұстанбаса, онда ол басшы кәпір болып табылады. Кәпір адам қауымды басқара алмайды, сондықтан оған жиһад жариялау керек». Ибн-Таймияның мұндай ойлары ислам туын көтерген әр түрлі діни-саяси топтар тарапынан қолдау тауып, негізгі ұстанымына айналды десек болады.
ХІХ – ХХ ғғ. экстремисттік идеяларды насихаттауда аса белсенділік танытқан М.Ибн Абд әл-Уаххаб, Д.Әл-Афгани, Р.Рида, Хасан әл-Банна, А.Маудуди, С.Кутб, С.Хавва, А.Ш.Мустафа, А.Фарадж, Джухайман әл-Отейби, ат-Тамими және т.б. тұлғалар болады. Аталмыш тұлғалар ибн-Таймияның ХІІІ ғ. насихаттаған кейбір пікірлерін өздеріне ту етіп ұстады [1, 116 б.].
Экстремистік топтардың басшылыққа алатын еңбектерінің бірі ретінде ат-Тамимидің «Үш негіз және оның дәлелдері» [2] атты кітапшасын атап өтуге болады. Бұл кітапша мазмұнынан ҚР заңнамасына қайшы, экстремистік белгілері бар мәтін ретінде танылған. Бұл материал исламды ұстанған дәстүрлі емес бағыттағы сенім негіздерін баяндайтын кітапша болып табылады.
Кітапша мазмұнында Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының «Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады» деген 4-тармағына қайшы тұстар кездеседі.
Кітапша мазмұнының 15-бетінде: «Алла барша құлдарына тағұтқа күпірлік етіп, Өзіне ғана иман келтіруді бұйырды... Тағұттар өте көп, бастылары бесеу: ...Бесіншісі, Аллаһ түсірген шариғаттан басқамен үкім шығарушы» деп келтірілген дәйексөздер 18-ғасырда, мүлдем басқа ортаға жазылып, қазіргі Қазақстан қоғамына ешқандай түсініктеме жасамай ұсынылатын болса, Қазақстан Республикасының Конституциясы және зайырлылық принциптеріне негізделген барлық ҚР заңнамаларын сынға алу ретінде қабылдануы мүмкін.
Сондай-ақ, кітап мазмұнында дiни ұстанымдар негізінде отбасының бұзылуына жетелейтін діни негізде туысқандармен дос болмау, яғни достық қарым қатынастарды үзуге үгіттейтін идеялар кездеседі.
Кітапшаның 2-бетінде: «Пайғамбарға бойұсынып, құлшылығын жалғыз Аллаға арнаған адамның Алла мен Оның елшісіне дұшпандық қылатындармен дос болуы еш рұқсат етілмейді, тіптен олар жақын туыстары болса да!» деп келтірілген дәйексөздерде «дұшпандық қылатындар» деген тіркестің мағынасы толық түсіндірілмеген. Қазақстанның қалыптасқан қазіргі діни ахуалында мұның салдарынан діни топтар арасында бұрыс түсініктер мен көзқарастар пайда болып, діни негіздегі өшпенділіктер мен алауыздықтардың таралуына алып келеді.
Көріп отырғанымыздай, бұл кітапша мамзмұнынан заңнамаға, жалпы әлеуметтік, мемлекеттік тұрақтылыққа нұқсан келтіруі мүмкін бірнеше үндеулер мен белгілер анықталды. Мұның барлығы сараптама нысанын Қазақстан Республикасының аумағында таратуға және пайдалануға шектеу қоюға негіз бола алады деуге болады.
Сондай-ақ, осы автордың «Китаб ат-Таухид» [3] атты еңбегін де қарастыруға болады. «Китаб ат таухид» мазмұнында ислам дінінің дәстүрлі емес бағыты идеологиясының негізі болып табылатын «Таухид» «шубухат» кітаптарындағы негізгі тақырыптарды үйренудің артықшылығы мен маңызы туралы түсіндірмелер орын алған. Бұл Мұхаммад бин Сулайман ат-Тамими еңбегінің түсіндірмесі мазмұнында дінаралық араздықты қоздыру, өзге азаматтардың діни сезімдерін кемсіту тұстары бүгінгі қоғамда қалыптасқан дәстүрлі діни танымға қайшы ұстанымдағы қолжазба деуге болады.
Бүгінгі таңда интернет кеңістігінде сонымен қатар, ТМД және ҚР аумағында жоғарыда баяндалған «Үш негіз және оның дәлелдері», «Китаб ат-Таухид» сынды еңбектерді басшылыққа алатын кейбір дін насихаттаушыларының аудио және видео материалдары дінаралық қоздыру, әлеуметтік, нәсiлдiк, ұлттық, дiни мүдделерін бұзуға шақыратын белгілер бар болу себепті сот шешімімен экстремистік деп танылған және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, жариялауға және таратуға тыйым салынған. Бұл материалдардың тізімін ҚР Бас прокуратурасы ресми сайтынан көруге болады.
Дінге қызығушылығы бар жастар мен діни мазмұндағы әдебиеттерді тұтынушы азаматтар Дінтану сараптамасынан қорытынды алған діни еңбектер мен материалдарды тұтынудың маңыздылығын ескерген жөн. Күмәнді діни еңбектерді Дінтану сараптамасына жолдау арқылы мазмұнын анықтаудың маңызы орасан екенін назарда ұстау маңызды. Сонымен қатар, діни ақпараттарды тұтынуда ресми сайттар мен арнайы ақпарат көздерін пайдалану аса маңызды.
Қорыта айтқанда, Дінтану сараптамасы діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы ақпараттарды тұтынушы азаматтарға сапалы мәліметтердің жетуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, діни сенім бостандығы мен діни ақпараттарды тұтыну құқығының кепілдігін қамтамасыз ету жүйесінде аса маңызды орынды иеленуде және мемлекет тарапынан болсын, қоғам тарапынан болсын діни ахуалды бақылап отыруда маңызды орталық болып табылады. Дінтану сараптамасы тек діни мазмұнды материалдар мен әдебиеттерге ғана жүргізіледі деген біржақты пікір қалыптаспауы керек, дінтану сараптамасы жеке діни бірлестіктің діни қызметін, жаңа діни топтардың қоғамдағы әрекеттерін толыққанды сараптап, заңға қайшы жақтарын анықтау, олардың діни қызметіне дәйекті сараптамалық қорытынды жасап шығатын орталық ретінде орныққан.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Назиров Д. У Терроризма нет лица. / Уральск ТОО «Полиграфсервис» 2012. – 480 б
- Қалыбекова Л. Дінтану сараптасын жүргізудің механизмдері мен мәселелері, 75 б.
- М.Ибн-Тамими «Үш негіз және оның дәлелдері», 12 бет, ақпараттық парақша.
- Китап ат-Таухид» ақпараттық парақша.