Жаңалықтар

Н.Назарбаев орталығында христиан дініне арналған «Бейбітшілік пен келісім жолы» тақырыбында екінші халықаралық фотокөрменің ашылуы болды

Бөлісу

Биылғы жылдың 25 мамырында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы алаңында әлемдегі ең көп таралған дін – христиан дініне арналған «Бейбітшілік пен келісім жолы» халықаралық фотокөрмесінің  салтанатты ашылуы өтті.

Әлемдік және дәстүрлі діндерге арналған тақырыптық фотокөрмелер сериясындағы екінші фотокөрме жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды дәріптеуге, әлемдегі түрлі халық діндері мен мәдениеттеріне деген толеранттылық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С. Егізбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев, Қазақстандағы Апостолдық Нунцио Фрэнсис Ассизи Чулликатт, Қазақстан Митрополиттік округінің шіркеу-қоғам байланыс бөлімі төраға орынбасары, Успен кафедралды соборының ключариі, протоиерей Д. Байдек қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ, іс-шараға мемлекеттік органдардың, діни бірлестіктердің, Бразилия, Грузия, Индонезия, Моңғолия, Оман және Ресей елдерінің шетелдік дипломатиялық миссиялары мен жетекші республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Фотокөрменің алғысөзінде Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстан діндер диалогы мәселесінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін айтты. «Ел аумағында тату-тәтті өмір сүріп жатқан барлық этностардың, түрлі конфессиялар мен дін өкілдерінің бірлігі - бұл ең үлкен жетістік пен құнды байлықтардың бірі», - деді спикер.

Орталық Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев Елбасымыз Н.Назарбаевтың бірегей диалог алаңы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін құрудағы айрықша рөлін, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстанды жаһан орталығы ретіндегі ілгерілетудегі дәйекті саясатына тоқталды. Сонымен қатар, фотокөрмеге жиналған қауымға Орталықтың басым бағыттары мен іс-шаралары, биылғы Съезд хатшылығының ХІХ отырысы, сондай-ақ 2022 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне дайындық барысы туралы ақпарат берді.

Іс-шарада Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі С.Егізбаев өзінің құттықтау сөзінде әртүрлі дін өкілдерін бір шаңырақ астына жинаған Қазақстан өзінің тұтас тарихында ұлтаралық татулықты, дінаралық тепе-теңдікті әрқашан сақтап келе жатқандығын атап өтті. Тұрақты қоғам құруда өз жетістіктерімізді сақтау өте маңызды, сондықтан полиэтникалық, поликонфессионалдық жасампаздық пен даму факторына айналудың маңызы зор.

Сонымен қатар, Қазақстандағы Апостолдық Нунцио Фрэнсис Ассизи Чулликатт 29 жыл ішінде қалыптасқан Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастардың маңыздылығын жоғары бағалап, бұл жылдар екі ел үшін өзара келісім мен терең сенімділіктің нақты растауы болғанын атап өтті.

Салтанатты рәсімнің соңында іс-шараға қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушылардың, Н.Назарбаев орталығының халықаралық серіктестерінің, соның ішінде Православие шіркеуі ұсынған, Нұр-Сұлтандағы Рим-католик Әулие Мария архиепископы, Қазақстанның Евангелиялық Лютеран шіркеуі, Мәскеу Патриархаты Дінаралық қатынастар шіркеуінің сыртқы байланысы бөлімі және «Казахстанская правда» республикалық газеті ұсынған суреттермен таныс болды.

Естеріңізге сала кетейік, «Бейбітшілік пен келісім жолы» фотокөрмесі барлық карантиндік сақтық шараларды сақтай отырып, 2021 жылдың 25 маусымына дейін Бейбітшілік және келісім сарайында жұмыс істейді.