Жаңалықтар

Орталық Азияның сарапшылары XXI ғасырдағы мәдениеттердің тату көршілігін қалыптастыру мәселелерін талқылады

Бөлісу

Бүгін, мамырдың 20 күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында «Орта Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясында Қазақстан және халықаралық ғылыми ұйымдардың жетекші сарапшылары мазмұнды пікірталас өткізді.

Конференцияда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың жаһандық бастамаларын және әлемдік аренадағы қазақстандық модельді насихаттау, мәдениеттерді жақындастыру үшін күш біріктіру, сонымен қатар Орталық Азия елдерінің мәдени-гуманитарлық саласындағы аймақтық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралды.

Онлайн-конференцияға Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Б.Бакиров, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев, Қырғызстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ж.Кулубаев, Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Реджепов, Түрікменстан Мәдениет министрінің орынбасары Н.Ширимов, Ауғанстан қажылық және дін министрінің орынбасары М. Осман Тарик, Өзбекстан Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығы директорының орынбасары Ф.Халимов, БҰҰ Жаһандық коммуникация департаментінің бастығы В.Самек, Түрікмен мемлекеттік университетінің проректоры Д.Аннаев, Тәжікстанның Мәдениет және ақпарат ғылыми-зерттеу институтының директоры Д.Рахими, Қырғызстанның Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының директоры У.Ахметов, ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы кластерлік бюросының директоры м.а. К.Товмасян, Тәжікстанның Мәдениет және ақпарат ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Ш.Комилзода, Өзбекстан Ислам өркениеті орталығы бөлімінің бастығы С.Холходжаев, ҚазҰУ әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а. А. Масалимова, ҚазҰУ Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі А.Құрманалиева қатысып, тұшымды пікірлерімен бөлісті.

Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев халықаралық форумға қатысушы сарапшыларға  өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы қарулы қақтығысқа алаңдаушылық білдіре отырып,  Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың қырғыз және тәжік халықтары біз үшін тарихы, мәдени құндылықтары ортақ бауырлас ел деген тұжырымдамасына тоқталды.

Б.Сәрсенбаев өзінің құттықтау сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің діни толеранттылық пен өркениетаралық диалогты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ, бүгінгі конференцияға қатысушылар алдында басты міндет - жалпы мәдени мұраны сақтай отырып, Орталық Азияны гүлденген аймаққа айналдыру екенін жеткізді.

«Диалог - аймақтағы достық, өзара түсіністік пен тұрақтылық атмосферасын нығайтудың ең сенімді тәсіл. Мәдениеттер мен халықтар арасындағы татулықты ортақ  мүдде, жалпыға ортақ қағидат негізінде дамыту мүмкін болады», - деді Н.Назарбаев орталығының басшысы.

Болат Сәрсенбаевтың пікірін қолдай отырып, халықаралық сарапшылар Съез шеңберіндегі Елбасы Н.Назарбаевтың айрықша үлесіне және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың әртүрлі конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісім моделін құрудағы айрықша рөліне баса назар аударды.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар заманауи прогрессивті әлемде ең алдымен, әлеуметтік, саяси және экономикалық салаларында рухани үндестік пен көршілік ынтымақтастықтың біріктіруші факторы болып табылатындығын растады.

Іс-шараны жалғастыра отырып, сарапшылар мәдени-гуманитарлық және өркениетаралық диалог бағытында көпжақты іс-қимылды дамыту мәселелерін, оның ішінде конференцияға қатысушы елдердің аймақаралық қатынастарын талқылады.

Шетелдік және қазақстандық сарапшылардың сөздерін қорытындылай келе, Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев бүгінгі онлайн-конференция негізгі міндеттерді іс жүзінде шешуге, алға жылжуға ықпал ететін тағы бір қадам болатынына сенім білдірді.

«Орта Азия елдерінің XXI ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» халықаралық онлайн-конференциясының қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерделеу, мәселелерді шешуде өзара іс-қимылдың тұрақты механизмдерін қалыптастыру бойынша тиісті ұсыныстар әзірледі. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі мен  оның институттары арасында ынтымақтастықты жандандыруға келісті.