Жаңалықтар

Алматыда «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» халықаралық фотокөрмесінің ашылуы өтті

Бөлісу

Бүгін, 17 мамырда Халықаралық музей күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматыда Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі бірлесіп ұйымдастырған «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрменің салтанатты ашылуы өтті.

Фотокөрмеге бейбітшілік пен келісімді бейнелейтін, исламның рухани құндылықтарын айшықтайтын фотосуреттер ұсынылды. Сонымен қатар экспозиция қатарын Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейі ұсынған ислам туралы бірегей және қызықты жәдігерлер толықтырды.

Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстанның діни бірлестіктері, ғылыми-сарапшылық қоғамдастық, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, сондай-ақ Алматыдағы Әзірбайжан, Венгрия, Иран, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түркия елдерінің Бас консулдықтары қатысты.

Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы фотокөрмеге келген қонақтарды құттықтай отырып, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан барлық ұлт өкілдері мен діндердің бірлігі мәселесі бойынша сындарлы диалогқа ұмтылғанын және әлемде толеранттылық идеяларын ілгерілетуге барлық жағынан ықпал ететінін атап өтті.

Болат Сәрсенбаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың конфессияаралық диалогты нығайтудағы, бірегей халықаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін құрудағы айрықша рөлін, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың діндер мен өркениеттер диалогының жаһандық орталығы ретіндегі Қазақстанның позициясын насихаттаудағы дәйекті саясатына тоқталды.

Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев іс-шараға келген қонақтарды Н. Назарбаев орталығының негізгі бағыттарымен, Қазақстан Республикасының Парламент Сенаты Төрағасы М. Әшімбаевтың басшылығымен биылғы жылы өтетін Съезд Хатшылығының кезекті XIX отырысына дайындық жұмыстары туралы хабардар етті. Сонымен қатар, 2022 жылы өтетін VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, әлемдік және дәстүрлі діндерге арналған халықаралық конференциялар мен фотокөрмелер ұйымдастыру жоспарларымен бөлісті.

«Әртүрлі конфессиялар мен діндердің өкілдерін бір алаңға біріктіру арқылы біз бейбітшілік, келісім және ынтымақтастық идеяларын халықаралық қоғамдастықта нығайтуға және ілгерілетуге өз үлесімізді қоса алатынымызға сенімдімін», - деп қорытындылады өз сөзін Болат Сәрсенбаев.

Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінің директоры Дүниежүзілік музейлер күні қарсаңындағы халықаралық фотокөрменің символикасын атап өтіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мәдениетіміз бен дәстүрімізді, әртүрлі дін өкілдері мен халқымызды одан әрі жақындастырудың жаңа мүмкіндіктерін, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды жандандыратын осындай бірлескен шараның маңызын атап өтті.

Іс-шараны жалғастыра отырып, Алматы қаласы Орталық мешітінің наиб имамы Е.Назарбек жиналғандарға бүгінгі фотокөрме баға жетпес пайда әкелетінін және қазіргі әлемде туындайтын дінаралық диалог сұрақтарына жауап табуға көмектесетінін атап өтті.

Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының дін бойынша атташесі Емирлах Узум өз тарапынан Қазақстанның халықаралық аренада бейбітшілік және келісім орнатудағы бастамаларының маңыздылығына тоқтала келе, осындай мәдени-ағартушылық іс-шара өткізудің мазмұнына жоғары баға берді.

Салтанатты рәсімнің соңында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты фотокөрме барлық карантин ережелерін сақтай отырып, Қазақстанның Орталық мемлекеттік музейінде 2021 жылдың 1 маусымына дейін жалғасатынын еске саламыз.