Ағымдағы жылдың 14 мамырында Алматыға жұмыс сапары барысында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры м.а.-мен Серік Сейдумановпен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Тараптар жалпы құндылықтар мен өзара түсіністікке сүйене отырып, болашақ жұмыстарда пайдалану үшін кәсіби тәжірибе, ақпарат және атқарылған зерттеу материалдарымен алмасу бойынша серіктестік орнатуға ниетті.
Меморандум сонымен қатар діни саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша бірлескен ғылыми-практикалық іс-шараларды ұйымдастыруды, соның ішінде Философия, саясаттану және дінтану институтының дін көшбасшыларымен және дін саласындағы сарапшылармен өткізілетін «Қазақстандағы діни зерттеулердегі өзекті мәселелер» тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысуын, 2021 жылы өтетін Съездің XIX Хатшылығының отырысына және одан кейінгі уақытта Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне дайындық жұмыстарын көздейді.
Тараптар діни-сараптамалық қоғамдастықтың конфессияаралық қатынастар саласындағы ғылыми жобаларды дамытудағы рөлінің артып келе жатқанын, сондай-ақ Н.Назарбаев орталығына қарасты Діни ахуалды талдау және дінтану сараптамасы институтының қолданбалы зерттеулеріне отандық ғалымдарды біріктіру мен тартудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Сәрсенбаев Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдумановты ағымдағы жылдың 17 мамырында Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде өтетін «Ислам және адамзат: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық фотокөрменің ашылуына сондай-ақ ағымдағы жылдың 20 мамырында Н.Назарбаев орталығында өткізетін «Орталық Азия елдерінің ХХІ ғасырдағы мәдениеттер татуластығы» атты халықаралық онлайн конференциясына қатысуға шақырды.
Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаев серіктестік орнату және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілету мақсатында ағымдағы жылдың 11-17 мамыр аралығында Алматыға жұмыс сапары аясында жетекші жоғары оқу орындарының, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен, Қазақстанның ірі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесулер өткізуде.