Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Баяндамалары

Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабайдың «Діни лидерлердің тұрақты әлемдік дамуға қол жеткізудегі рөлі» атты халықаралық онлайн-конференциядағы құттықтау сөзі

Бөлісу

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ ГҮЛСАНА ҚОЖАБАЙДЫҢ ҚҰТТЫҚТАУ СӨЗІ

«Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция

Дүйсенбі, 1 маусым 2026 жыл

---

Құрметті діни лидерлер, құрметті әріптестер,

Сіздерді тұрақты бейбітшілік пен дамуға қол жеткізудегі діни лидерлердің рөліне арналған халықаралық онлайн-конференциямызда қошеметпен қарсы алуға қуаныштымын.

Бүгін арамыздан көптеген байырғы серіктестерімізді көріп отырғаныма ерекше қуаныштымын. Көпшілігіңіз орталығымыздың жұмысына, соның ішінде климаттың өзгеруі мәселесін шешудегі діндердің рөлі және діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық принциптері туралы жақын арадағы бастамаларымызға өз үлестеріңізді қосып үлгердіңіздер.

Бүгінгі кездесу – жай ғана ресми іс-шара емес, бұл біз қалыптастырып үлгерген өзара диалог пен ынтымақтастықтың заңды жалғасы. Сондықтан бұл шараға қатысқандарыңыз бен бізге білдірген сенімдеріңіз үшін сіздерге шын жүректен алғыс айтамын.

Құрметті әріптестер, біз жаһандық белгісіздік белең алған өте күрделі кезеңде кездесіп отырмыз. Қақтығыстар мен гуманитарлық дағдарыстар, қоғамның жіктелуі, климаттық қатерлер, әлеуметтік теңсіздік, цифрлық дезинформация және сенім тапшылығының артуы – бүгінгі халықаралық күн тәртібінің негізгі сипатына айналды. Бұл сын-қатерлер тек саяси немесе экономикалық қана емес, сонымен бірге моральдық және рухани сипатқа ие. Діни лидерлердің рөлі дәл осы себепті өте маңызды болып қала береді.

Сонымен қатар, ашығын айту керек: дінаралық диалог әрдайым оңай бола бермейді. Діни қауымдастықтардың тарихи тәжірибесі әртүрлі, саяси жағдайлары өзгеше, ал кейде халықаралық күрделі мәселелерге қатысты көзқарастары бір-біріне мүлдем қайшы келіп жатады. Келіспеушіліктер болған, бірақ сенім әлі үзіле қоймаған сәтте диалог ең маңызды құралға айналады.

Біз бұған өткен жылдың қыркүйек айында Астанада өткен, Таяу Шығыс үшін өте қиын кезеңге тұс келген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидердерінің VIII Съезі барысында куә болдық. Соған қарамастан, иудаизм мен ислам дінінің мәртебелі өкілдері басқа да дәстүрлі дін лидерлерімен бірге бір залдан табылып, диалогты жалғастырды. Бұл оңай болған жоқ, бірақ бұл өте маңызды қадам еді. Діни дипломатияның қолынан келетіні – міне, осы: ол барлық келіспеушіліктерді бірден жоймауы немесе қақтығыстарды толық шешпеуі мүмкін, бірақ ол байланыс жібінің үзіліп кетуінен сақтайды. Қазақстан үшін мұндай тәсіл өте жақын әрі таныс. Біздің еліміз діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты бұрыннан бері қолдап келеді. Бұл ұстаным 130-дан астам этнос пен түрлі конфессия өкілдері өзара құрмет рухында бірге өмір сүріп жатқан Қазақстанның өз тәжірибесінен де айқын көрінеді. Діни лидерлер Съезі мен оның Хатшылығы – діни жетекшілер, сарапшылар, дипломаттар және халықаралық ұйымдардың өкілдері өз ойларын ашық айта алатын беделді алаңға айналды. Съез қорытындылары, соның ішінде 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясы, жас діни лидерлердің коммюникесі және Сарапшылар дөңгелек үстелінің жұмысы – адамдық қадір-қасиетті, әртүрлілікті құрметтеуді, бейбіт қатар өмір сүруді және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ту етіп келеді. Бұл пайым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бейбітшілік жолындағы жаһандық қозғалысты» ілгерілету жөніндегі бастамасынан, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық бітімгершілік күш-жігерге, соның ішінде Бейбітшілік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуынан да көрініс тапқан.

Бүгінде біз діни дипломатияны жаһандық қызығушылық тудыратын практикалық салаларға енгізуіміз керек. Оның бірі — климаттың өзгеруі. Климаттың өзгеруі тек экологиялық проблема емес, бұл — әділдік, жауапкершілік және қоғамның әлсіз топтарына деген ынтымақтастық мәселесі. Дәл осы себепті біздің орталық «Климаттың өзгеруі мәселесін шешудегі діндердің рөлі» атты құжатты әзірлеуді аяқтады. Осы үдеріске өз үлесін қосқан қатысушыларға алғысымды білдіремін.

Тағы бір маңызды сала – жасанды интеллект. Жасанды интеллект білім беруді, коммуникацияны, білімге қолжетімділікті, тіпті адамдардың рухани жетекшілік іздеу жолын да өзгертіп жатыр. Бұл үлкен мүмкіндіктермен қатар, маңызды этикалық тәуекелдерді де тудырады. Сондықтан Президент Тоқаевтың ЖИ үшін дінаралық этикалық негіздерді әзірлеу туралы идеясы өте дер кезінде көтерілген бастама болып табылады. Осы екі салада да діни лидерлер ең құнды дүниені – жауапкершілік, адамдық қадір-қасиет, байсалдылық, жанашырлық және болашаққа деген қамқорлық тілін ұсына алады.

Құрметті әріптестер, біздің ынтымақтастығымыздың іс жүзіндегі құндылығы – арамыздағы айырмашылықтарға қарамастан, түрлі дәстүрлер бірлесе: балаларды қорғау және жастарды қолдау; этикалық технологиялар мен климатқа деген жауапты көзқарасты ілгерілету; өшпенділік пен радикализмнің алдын алу сынды бағыттарда жұмыс істей алатындығында.

Бүгінгі талқылау осы диалогты нақты практикалық іс-қимылға айналдыруға көмектеседі деп үміттенемін. Бүгін бізбен бірге болғандарыңыз үшін баршаңызға тағы бір мәрте алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Біз сіздердің қатысуларыңыз бен ықыластарыңызды жоғары бағалаймыз. Рақмет.