Баяндамалары

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ІІІ Съезінің жабылуында сөйлеген сөзі

Бөлісу

2 шілде 2009 ж.

Құрметті Съезге қатысушылар мен қонақтар!

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезі өз жұмысын аяқтады.

Сіздер екі күн бойы бейбітшілік пен діндер арасындағы келісімді нығайту жолдары туралы көкейтесті мәселелерді талқыладыңыздар.

Бұл басқосулар сындарлы жағдайда өтті. Соның нәтижесінде Съезге қатысушылар тарапынан Үндеу қабылданды, онда діндер диалогын кеңейту және жалғастыра беру туралы ортақ тілектеріңіз көрініс тауып отыр.

Съезге келген барлық делегация басшыларына жемісті еңбектері үшін өз ризашылығымды білдіремін.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдеріне, әр елдің саясаткерлері мен қоғам қайраткерлеріне біздің Съезге шақыруымызды қабыл алғандары үшін шексіз алғысымды айтамын.

Құрметті Съезге қатысушылар мен қонақтар!

Осыдан он жыл бұрын ЮНЕСКО Астананы «Бейбітшілік жолындағы қалалар» халықаралық конкурсының жеңімпазы деп таныды. Осы жылдар ішінде Қазақстанның жас астанасы бұл жоғары атаққа абыроймен алып келді. Қазір де, діни лидерлердің бірегей форумында жоғары мәртебелі қонақтардың басын қосып отырып, ол Бейбітшілік пен келісім қаласы деген өз мәртебесін тағы да дәлелдеді.

Съезде өткен пікірталастар Астанада бас қосқан барлық діни лидерлердің үнқатысуға әзір екендігін және аса мүдделілігін тағы да көрсете білді.

Бұл күндерде Бейбітшілік пен келісім сарайында және тәуелсіздік сарайында талқылауға шақырылған мәселелер бойынша әртүрлі ой-пікірлер айтылды, барлық делегация өкілдерінің көзқарастары білдірілді.

Бірақ айтылған сөздердің барлығын сан қырлы ғаламшарымыздың тағдырына алаңдаушылық және елдер мен халықтар, әртүрлі дін өкілдері арасындағы келісім мен өзара түсіністікті нығайту жолдарын іздеуге деген құлшыныс біріктірді.

Әлемдік және дәстүрлі діндердің ІІ Съезі Хижраға сәйкес мұсылмандардың ең қастерлі айларының бірі – Раджаб айында өтті.

Бұл кезде жаратушының мейірімі адамдарға шексіз «төгіліп», оларды ізгі істер мен бастамаларға оятады.

Сондықтан да Сіздердің осында, Қазақстан жеріне қабылдаған шешімдеріңіз – Құдай жолындағы ізгі де рақымды іс.

Сіздердің әлемге арнап айтқан сөздеріңіздегі даналық адамдардың жүрегіне жетіп, қызу қолдау тапсын!

Ғаламшарымыздағы қазіргі жағдай күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы. Ксенофобия мен діни төзбеушілікке негізделген лаңкестіктің, соғыстар мен қақтығыстардың жаңа құрбандары туралы хабарды біз жүрегіміз сыздап қабылдаймыз.

Форумға қатысушылардың барлығы діннің бейбітшілік пен келісімді, төзімділік пен өзара түсіністікті сақтаудағы, қоғамның имандылық негіздерін нығайтудағы рөлі маңызды екендігін атап өтті.

Қазіргі әлемдік дағдарыстың күрделі кезеңінде оның рөлі барынша күшейе түсті түседі.

Сондықтанда рухани бастауларды дағдарыстан кейінгі әлемді қайта құрудың басты тетіктерінің бірі дәрежесіне көтеру керек.

Съездің қорытындылары халықтар арасындағы татулық пен келісімге шақыратын тақуалардың ауқымын кеңейте беретініне сендіремін!

Оның үстіне, саясаткерлер мен діни лидерлер арасында тұрақты жұмыс істейтін үнқатысуды ұйымдастыру көрегендік қадам болар еді деп есептеймін.

Біздің ортақ мақсатымыз – халықтардың өзара жауапкершілігіне, өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығына негізделген неғұрлым қауіпсіз, тұрақты және әділетті қадам құру.

Будда өсиет еткендей, « егер сен мың сөздің орнына жалғыз ғана, бірақ БЕЙБІТШІЛІК орнататындай сөз іздеп тапсаң, сол жеткілікті болар еді!»

Мен ІІІ Съездің қорытындылары өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды ілгерілетудегі тұжырымдамалық және практикалық аса маңызды рөл атқаратынына сенімдімін. Ол, сөзсіз, адамдарды жақындастырады, әлемде дінаралық өзара түсіністікті нығайтады.

Ашық мәдениетаралық және дінаралық үнқатысу Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының шешуші мәселелерінің бірі болып табылатынын атап айтқым келеді.

Бұл жолды біз жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің барлық деңгейлеріне жүргізіп келеміз және жүргізе беретін боламыз.

Құрметті Съезге қатысушылар мен қонақтар!

ІІ Съезд өз жұмысын аяқтады. Оған қатысушылар бұрынғыдан көбейіп, пікірталастар – анағұрлым тереңірек және мазмұнды, қабылданған шешімдер неғұрлым байсалды бола түсті.

Бұл жол айрықта тұрған әлемге осы форумның қажеттілігін білдіреді. Біздің Съезіміз – адамдар арасындағы келісімге бастайтын түзу жолды көрсетуге қабілетті шамшырақтың бірі.

Мен барлық делегация басшыларына, барлық қонақтарға Съезге қатысқаны үшін зор ризашылық білдіремін!

Біз қоштаспаймыз, осында, Қазақстанның ел ордасы – Астанада қайта кездескенше дейміз!

Барлықтарыңызға бейбітшілік пен келісім, шабыт пен даналық, бақыт пен ізгілік тілеймін!