Баяндамалары

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезінде сөйлеген сөзі

Бөлісу

Қазақстан Республикасы, Астана қ.
1-2 маусым 2009 ж.

Құрметті съезге қатысушылар!

Мәртебелі меймандар!

Құшағы кең, қонақжай қазақ жеріне келген қадамдарыңыз құтты болсын!

Астанада үшінші рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне шақыруымызды қабыл алып, бүгінгі алқалы жиынға қатысып отырған сіздердің баршаларыңызға қазақстандықтар атынан шынайы ризашылығымды білдіремін.

Адамзатқа ортақ құндылықтарды жинақтап, ортаға салып ой бөлісіп, өркениеттер үндестігін нығайтсақ деген ізгі мақсат, асыл мұраттар сіздерді Астана қаласына топтастырып отыр.

Астана төрінде осы күндері сіздер тарапынан айтылатын салиқалы сөз, салмақты ұсыныстар дүниенің түкпір-түкпіріне тарап, Жер шарында бейбітшілік пен өзара бәтуаластықтың орнығуына септігін тигізеді деген үміттемін.

Азия мен Еуропаның, Батыс пен Шығыстың бел ортасында бой көтерген Астана қаласы бүгінгі таңда алуан түрлі ұлттар мен діндердің де тоғысып, жарасым тапқан орталығына айнала бастады.

Біз Қазақстан халқының діни және этносаралық татулықты ту еткен асыл қасиеттерін әрдайым мақтан тұтамыз. Бұл жетістігімізді әлем жұртшылығына үлгі етуге ұмтыламыз.

Біз жаңа мыңжылдықта да толастамай отырған әлемнің әр бұрышындағы діни текетірестер мен ұлттық қақтығыстардың алдын алуға ықпал етіп келеміз.

Астанадағы бүгінгі басқосу да біздің осындай табанды ұстанымымыздың бір көрінісі.

Сондықтан, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезі дүние жүзінде дінаралық келісімнің өркен жайып, өркениеттердің өзара үндестік табу ісінде айтарлықтай рөл атқарады деп есептеймін.

Құрметті Съездің қатысушылары мен меймандары!

Біздің шақыруымызға үн қосқан, сөйтіп адамдарға өз баталарын беріп, дінбасы аманаттарын тапсыру үшін осында жиналған бүкіл әлемнің діни лидерлерін - Қазақстанның достарын есен-саулықта көру мен үшін бір ғанибет.

Сіздердің әлем туралы діни қамқорлық сезімдеріңіз, Жер бетінде келісімге қол жеткізу ісіне деген сіздердің берілгендіктеріңіз осымен үшінші рет баршаңызды Астанаға жеткізіп отырғанын біз жоғары бағалаймыз.

Біздің жас елордамыздың мәртебелі меймандарды өзінің туған күні қарсаңында қарсы алуының нышандық сипаты бар.

Астана - бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Бейбітшілік және келісім сарайы, мешіттердің мұнаралары, христиандық храмдар мен синагогалардың күмбездері, басқа дін өкілдерінің ғибадат үйлері қала архитектуралық ансамблінің және оның рухани өмірінің ажырағысыз бөлігіне айналып келеді.

Астана - бұл өзінің бүкіл тарихында аса ұлы өркениеттердің тарихи және мәдени мұраларының тоғысу орталығы болған елдің ордасы.

Бүкіл әлемнің саны жағынан жылдан жылға өсе түскен діни, мемлекет және қоғам қайраткерлері Съезд жұмысына қатысуды өзі үшін маңызды санайды. Егер 2006 жылы біздің форумға 29 делегация қатысса, бүгін осы залға әлемнің 35 елінен 77 делегация жиналып отыр.

Мен Исламның аса беделді өкілдерін құттықтауға қуаныштымын. Біз сіздерге: "Ассалаумағалейкум!" дейміз.

Біз үшін өзімізде Христиандықтың көрнекті қайраткерлерін қабылдау үлкен құрмет. Сіздерді өздеріңіздің тақуалық қайрандарыңызда Құдай сақтасын!

Иудаистік қауымдастық лидерлеріне сөз арнап, біз "Шалом алейхем!" дейміз.

Біз Шығыстың бағзыдан келе жатқан діндері - Буддизмнің, Индуизмнің, Даосизмнің, Синтоизмнің және Зороастризмнің өкілдерін Съезімізге қатысуымен құттықтаймыз. Нұр жаусын сіздерге!

Бүкіл әлемнің көптеген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері біздің шақыруымызға үн қосып, осы форумға қатысып отырғанына қуаныштымыз.

Сіздердің барлықтарыңызға біздің Съезге қатысу мүмкіндіктерін тапқандарыңыз үшін ризашылық білдіремін.

Қымбатты достар!

Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі посткеңестік кеңістікте барынша табысты тәжірибелердің бірі ретінде мойындалған.

Біздің елімізде 3200 дерлік мешіттер, шіркеулер мен ғибадат үйлері жұмыс істейді. Бұрнағы күні ғана осында, Астанада мен жаңа Күмбезді мешіт тұрғызылатын жерге құты салдым. Келесі жылы біздің өңірдегі ең үлкен шіркеулердің бірі православиелік Успения Құдай Ана храмының құрылысы аяқталатын болады.

Екінші Съезге салынған Бейбітшілік және келісім сарайы өткен үш жылда еліміздің шынайы рухани орталығына айналды. Мұнда түрлі конференциялар мен форумдар жүйелі өтіп тұрады.

Мен өткен Съезде уәде еткенімдей, біз Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығын құрдық, ол да осы Сарайда орналасқан.

Мемлекеттің қолдауымен Қазақстанда Ислам мәдениеті мен білімінің қоры құрылуда.

* * *

Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен діни нанымдардың рухани мұрасымен кемелденген Қазақстанның біртұтас халқы өз бойына толеранттылық, діни төзімділік және жаңа атаулыны қабылдауға деген ашықтық секілді қасиеттерді қалыптастырған.

Сондықтан да біз ғасырлар бойы қалыптасқан осынау адамгершіл императивті бүкіл адамзатқа жеткізуді өз міндетіміз сезінеміз.

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдау білдірген айтулы бастамаларының бірі 2010 жылды "Халықаралық мәдениеттер жақындасуының жылы" деп жариялау болды.

Сондай-ақ, Қазақстанға алдағы жылдары Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға және Ислам Конференциясы Ұйымына басшылық жасаудың жоғары сенімі көрсетілгенін мақтанышпен атап өте аламын.

Біз ЕҚЫҰ және ИКҰ бойынша өз әріптестерімізге Съездің шешімдері мен ұсыныстарын мақсатты түрде жеткізіп, оларды өз төрағалығымыздың кезеңінде іске асыруға ұмтылатын боламыз.

* * *

Қазақстанның бастамасы бойынша шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі де осы заманғы діндер арасындағы жаһандық үнқатысудың құрамдас та ықпалды бөлігіне айналды. Ол елеулі рөл атқарып, діни лидерлердің, діндер мен халықтардың арасындағы өзара түсіністіктің өсуіне жәрдемдесуде.

11 қыркүйектегі сойқан лаңкестік әрекеттен кейін әлемге атышулы "өркениеттер қақтығысы" дейтін қара бұлт төнгенде біз Съезд шақыру туралы бастама көтердік. Алғашқы форум 2003 жылы болды.

Оған қатысушылар - бүкіл әлемнің аса беделді діни қайраткерлері Декларация қабылдап, онда конфессияаралық үнқатысу халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімге қолдау білдірудің аса маңызды құралы деп аталды.

Екінші Съезді біз 2006 жылы өткіздік. Бұл Таяу Шығыстағы ахуал күрт шиеленісіп, Иракта соғыс жүріп жатқан күрделі уақыт еді. Бұл оқиғалар түрлі діни нанымдағы адамдардың арасында сенімсіздікті күшейтіп, бүкіл әлемге толқындала таралып жатты.

Сол жолы Астанаға жиналған әлемдік діни лидерлер мемлекеттерді үнқатысу жолынан таймауға, сөйтіп Бейбітшілік және келісім мәдениетін нығайту жөнінде шаралар қабылдауға шақырды.

Міне, тағы да біздің елімізде бүкіл планетаның дінбасылары жиналып отыр.

Тағы да осы заманғы дүниедегі ахуал алаңдаушылық туғызып отыр.

Планетаның түрлі өңірлерінде адамдар Құдайдың басты өсиетін бұзып, бірін-бірі өлтіруді жалғастыруда. Мыңдаған бейбіт тұрғындар бұлдыр мақсаттар мен мүдделерге құрбандыққа шалынуда.

Тек соңғы жылда ғана Ыстамбұлда, Мумбайда, Пешаварда, Бағдатта ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған лаңкестік әрекеттер орын алды. Күш қолдану күш қолдануды туғызады, содан да осынау тұйықталған шектің ақыры көрінетін емес.

Ауғанстандағы ахуал бұрынғыдан да қатты шиеленісіп, мұнда бүкіл өңірдің тұрақтылығына қауіп төндіретін экстремистер тағы да "бас көтере бастады". Бұл елде өндірілген есірткілер бүкіл әлемді жайлады.

Ядролық қатер бүкіләлемдік қоғамдастықты шиеленісте ұстап тұр. Халықаралық ядролық қауіпсіздік жүйесі іркіліс жасап, жаппай қырып-жою қаруының "тарамдалу" үдерісін тоқтата алмады. Ядролық материалдар контрабандасы мен бірқатар лаңкесшіл топтардың өзінің ядролық қаруына ие болу әрекеттері қорқынышты нақтылыққа айналуда.

Осылайша, әлем тұрақтылығына төнген қатер азайған жоқ. Тіпті жаңалары пайда болды.

Бүгінде адамзат соңғы онжылдықтардағы ең ауқымды жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысты бастан кешуде, ол әлемдік экономиканың негіздеріне қатаң соққы берді.

Күйреу салдарынан әлемдік экономика триллиондаған долларларды жоғалт¬ты. ХВҚ мәліметтері бойынша әлемнің 50-ге жуық мемлекеті экономикалық шыңыраудың шетіне жетті. Әлемнің бүкіл өнеркәсіптік дамыған экономикалары - АҚШ, Жапония, Еуроодақ және Ресей рецессия жағдайында. Соңғы ондаған жылда алғаш рет Қытай экономикасының өсуі баяулады.

Экономикалық, қаржы дағдарысы әлемнің жоғарыда аталған барлық проблемаларын шиеленістіре түсуде.

Осындай күрделі жағдайларда барлық елдер өз экономикаларын құтқарумен белсене айналысуда. Дағдарысқа қарсы шаралар көлемі 10 триллион доллардан асып түсті. Валюта резервтері азайып, мемлекеттік қарыздар өсуде.

Солай болса дағы осы жолғы әлемдік дағдарыс көп ретте заңды болып отыр.

Соңғы онжылдықтардағы әлемнің экономикалық дамуы, технологиялардағы ғаламат секіріс кедейшілік пен аштық секілді мәңгі проблемаларды шеше алмады.

Несиелеудің қампиған жүйелері, "оңай ақша" есебінен тұрмысты жақсарту әрекеттері бүгінде жүз мыңдаған адамдар үшін нағыз қасіретке айналды. "Еңбексіз байлық табу" иллюзиясы қатардағы алдаушылық болып шықты.

Тағы да адамзаттың алдынан әзірге ешкім де үзілді-кесілді жауап бере алмаған сұрақтар өткір қойылып отыр.

Жаратқанның өзі адамзатқа сый еткен әлемнің бүкіл сансыз байлығы неліктен оның аз ғана бөлігінің игілігіне қызмет етеді?

Кедейлер мен байлардың арасындағы алшақтық геометриялық прогрессиямен ұлғайып барады. Ал осындай кезде миллиардтан астам адам күніне 1 доллардан аз қаржыға тірлік кешуде.

Бір елдерде қоқыстарда барлық өндірілген өнімдердің үштен бір бөлігі жойылуда. Планетаның басқа бөліктерінде тұтас елдер мен өңірлер аштық қатерінде қалып отыр.

Осы заманғы ғылымның сондайлық ғажап табыстары жағдайында неліктен әлемді кенеттен пайда болатын планеталық эпидемияның қатері сілкінтіп тұрады, ал миллиардтаған адамдардың неліктен медициналық көмекке қолжетімділігі жоқ?

10 миллион дерлік бала жыл сайын бес жасқа жетпестен, оның үстіне емдеуге болатын аурулардан шетінеп жатады. Әлемде 30 миллионнан астам адам ВИЧ-инфекциямен ғұмыр кешуде, ал олардың 3 миллионының ғана антиретровирустық терапияға қолы жетеді екен. Адамзатқа жаза секілденіп жаңа эпидемиялар пайда болуда, ал олардың алдында ғылым әзірге әлсіз болып тұр.

Жер бетіндегі игіліктер жолындағы бассыз бәсекеде неліктен өмірдің адамгершілік жақтары ұмытыла беріп, тұтынуға табынушылық неліктен көптеген адамдар үшін өмірдің мәніне айналды?

Тұрақты өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші тұрғыға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар - ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы ойсыз бәсеке билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды.

Упанишадтарда "сыпыра білмеушілікте болған көргенсіздер былай деп ойлайды: "Біз мақсатқа жеттік", делінген.

Адамзаттың прогресі де кейде қателікпен қолайлы да жайлы тұрмыс жағдайын жасау үдерісімен бірдей түсініле бастады.

Сонда адамзаттың ғұмыр кешуінің шынайы мәні осында ма? Бәлкім, тоқтап, біз осы қайда барамыз, бізді болашақта не күтіп тұр дегенді ойланатын уақыт жеткен шығар?

Өкінішке орай, адам қауымдастығы руханилық регресті бастан кешуде дейтіндер ішінара дұрыс болып шығады. Мүмкін, осы заманғы дүниедегі барлық экономикалық сілкіністердің терең себебі осында болар.

Дағдарыс экономикадағы, күнделікті адам өміріндегі, түрлі экономикалық құрылымдар секілді адамдардың, елдер мен халықтардың өзара қарым-қатынасындағы адамгершілік бастаулардың мәнін бірнеше қайтара өзекті етті.

Қазіргі ахуалды ой елегінен өткізуге және дағдарысты еңсеруге соны көзқарас қажет екендігіне сенімдімін. Мұнда ескі амалдар мен қасаңдықтар жарамайды. Оның бәрі жартылай шара болады.

Қазіргі жаһандық экономикалық "зілзала" рухани әлемнің тектоникалық қабаттарын қозғалысқа келтірді.

Осы қозғалыстар неге соқтырады? Бұл тұрғыда қазірдің өзінде жаһандық соғыстар, күш қолдану мен қатыгездіктің жаңа ауқымды өршулері туралы қатерлі болжамдар бар.

Әлде адамзат жемісті де тең тұрғыда барлық мәдениеттер мен халықтар өзара ықпалдасатын тірлік формасын табатын болар.

Бүкіл адамзатқа сөз арнаған Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бұл өмірдегі өз миссиясының басты мақсатын айқын тұжырымдаған: "Мен ізгіліктің тектілігін жетілдіру үшін ғана жіберілгенмін".

Иисус Христос былай деген: "Егер адам бүкіл дүниеге ие болса, ал өз жанына жарақат түсірсе, одан оған не пайда бар?".

Бүгінде алдыңғы тұрғыға ізгілік бастаулары шығуы тиіс. Осынау маңызды құралсыз қоғамның дағдарыстан дамудың әлдеқайда жоғары траекториясына шығуы мүмкін емес. Мен бұған әбден сенімдімін.

Барлық кезеңде мәртебелі моральдық құндылықтардың сақтаушылары діни лидерлер - түрлі діндердің басшылары болған және болып отыр. Нақ сондықтан да осынау күрделі кезеңде дін қайраткерлеріне айрықша үміт артылады.

Бүгінде қай кездегіге қарағанда діннің адамгершіл-гуманистік императивтері қажет болып отыр.

Талмұттың аңызында былай делінеді: "...әр адам мынаны есте сақтағаны жөн, дүние ол үшін және оның жауапкершілігіне жаратылған".

Нақ сіздер, діни лидерлер, руханилықтың - дүниенің үйлесімді дамуының басты шартының қайта өрлеуінің жүргізушілері бола аласыздар. Біз өз Съезіміздің мәртебелі мақсатын осыдан көреміз.

Құрметті Съезге қатысушылар!

Құдай шамаң жетпейтін жүк бермейтіні белгілі, сондықтан да бүгінде адамзаттың өзінің бұрынғы қателіктерін түзеу мүмкіндігі әлі де бар.

Қазіргі дағдарыс әлемге қайта өзгерудің, адамзаттың әділ дүние тәртібі туралы мәңгі арманын іске асырудың бірегей мүмкіндігін береді. Ал бұл мүмкіндікті жіберіп алу кешірілмес болар еді.

Оның үстіне бұрын әрдайым болып келгеніндей жаңа әлемдік тәртіп кезекті жаһандық әскери қақтығыстан кейін емес, бейбіт түрде - үнқатысу және өзара қолайлы ұстанымдарды әзірлеу жолымен құрыла алар еді.

Біздіңше, жаңа дүние құрылысының негіздері қандай?

Біріншіден, бұл әділ экономикалық модель.

Ол адал да әділ әлемдік қаржылық, валюта жүйесіне негізделуі тиіс, онда алдау мен ысырапқорлыққа орын болмайды. Онда адам жасайтын игілік әрбір адамның жасампаздығы мен прогресіне, оның рухани өсуі мен жетілуіне бағытталатын болады.

Екіншіден, бұл мемлекеттер арасындағы өзара қатынастардың әділ саяси моделі.

Мұнда басты орынға жекелеген елдердің емес, бүкіл әлемнің мүдделері қойылуға тиіс. Халықаралық қатынастардың жаңарған жүйесінде үлкен және шағын елдерге, "жақсы" және "жаман" халықтарға бөлу болмауға тиіс. Осынау жаңа дүние баршаға ортақ сенім мен құрметтің, әріптестік пен үнқатысудың дүниесі болуы тиіс.

Сондықтан да бізді АҚШ-тың жаңа басшылығының мұсылман әлемімен өзара түсіністікті жолға қоюға деген ұмтылысы қанаттандырады. Әлемде маңызды өзгерістер бола бастағанының белгісі бұл.

Біз сондай-ақ Сауд Арабиясы Королінің мәдениеттер мен діндер үнқатысуы туралы ұсынысына қолдау білдіреміз.

Үшіншіден, бұл жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас.

Планетада ахуалды тұрақтандырып, оны қауіпсіз жасай алатын халықаралық кооперацияның жаңа формаларын әзірлеу жөнінде табанды іс-қимыл қажет. Лаңкесшілдік пен есірткі бизнесіне қарсы тұрудың әлдеқайда тиімді тетіктері талап етіледі.

Бүкіл адамзаттың ядролық қарусыз дүниеге қарай жаһандық қозғалысында күш-қуатты біріктіру айрықша маңызды.\

Бұдан 40 жыл дерлік бұрын қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы шарт ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әмбебап тетігі бола алмады. Ол жаңа ядролық мемлекеттердің пайда болуына жол бермеу былай тұрсын, сонымен бірге "ядролық клуб" мүшелерінің жаппай қырып-жою қаруын жетілдіруіне тыйым да салмады.

Сондықтан халықаралық қоғамдастық ядролық қаруды таратпау тетіктерін дереу қайта қарауға және жаңа әмбебап Ядролық қаруды баршаға ортақ көлбеу және тіктеп таратпау туралы шарт жасауға кірісуі тиіс.

Әлемдік қоғамдастық алдындағы өз жауапкершілігін түйсіне отырып, біздің еліміз әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен ерікті түрде бас тартты. Өкінішке орай, біздің өнегемізбен жүргендер әзірге аз ғана. Сондықтан Қазақстан планетадағы ядролық қатерді толық жоюға бағытталған саясатын одан әрі жалғастыратын болады.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымына 29 тамызды, бұдан 18 жыл бұрын менің Жарлығыммен Семей ядролық полигоны жабылған күнді Жаппай қырып-жою қаруынан бас тартудың Бүкілдүниежүзілік күні деп жариялау бастамасымен қайырылдық.

Нақ осы БҰҰ аясында әлемдік қоғамдастық бүкіл адамзатқа төнген осы заманғы қатерлерге қарсы тұру шараларын әзірлеуі тиіс.

Төртіншіден, жаңа дүние тәртібі жоғары адамгершілік пен руханилықсыз мүмкін емес.

Нақ осылар дағдарыстан кейінгі дүниені қайта құрудың басты тетіктері болуы тиіс. Әр халықтың мәдениетінде бар жақсының бәрі бүкіл адамзаттың игілігі болуы керек. Мұндай дүниеде өзара күмәнданушылыққа, діни және басқа негіздер бойынша кемсітушілікке орын болмауы керек. Бұл прогресс дегеніміз материалдық игіліктердің санымен ғана емес, сонымен бірге жоғары адамгершілікпен және адамдардың жауапкершілігімен өлшенетін қоғамдастық болады.

Мұндай дүние тәртібін құруға жетекші державалар ғана емес, сонымен бірге барлық басқа елдер мен халықаралық ұйымдар қатысуы керек.

Нақ осы тұрғыда өзімнің "Дағдарыстан шығу кілті" деген мақаламда мен Түбегейлі жаңару жоспарын әзірлеуді ұсындым. Бұл жоспарда жаңа валюта жүйесін құру, ұлттардың, халықтар мен елдердің шаруашылық жүргізу мен жоспарлаудың жаңа, әлдеқайда тиімді тәртібіне көшу жөніндегі шаралар ғана болмауы тиіс. Мәдениеттердің өзара баюының шексіз мүмкіндіктерінен өз әлеуетін алатын рухани саладағы түбегейлі инновацияларды мен оның ажырағысыз элементі ретінде көремін.

Сондықтан дағдарысқа тек материалдық тұрғыдан қарсы тұруды қарастыру тым тар өрісті болар еді.

Санадағы өзгерістерсіз, моральдық нормалар мен биік адамгершілік қағидаттарды қатаң сақтаусыз дағдарысты еңсере алмайтынымызға мен сенімдімін!

Тек әділ дүние тәртібі ғана адамзат қоғамы өркендеуінің негізі бола алады!

Астанада құрылған Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығының қызметі нақ осыған бағытталуы тиіс.

Оның аясында түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерінің үнқатысуын кеңейту маңызды. Оған зайырлы және діни БАҚ-тардың және жастар бірлестіктерінің, ғылыми және шығармашылық дегдарлар өкілдерін тартқан жөн.

Орталық бейбітшіліктің, келісім мен әділдіктің интеллектуалдық зертханасына айналып, жаһандық күн тәртібіне ұсыныстар әзірлеп ұсынуы тиіс. Ол Съездің жұмысшы құрылымы болып, оның барлық қатысушыларын жаңа идеялармен және ұсыныстармен нәрлендіруі керек.

Біздің Съездің хатшылығы Орталықпен бірлесіп, жұмысы мәдениеттердің үнқатысуы мен экономикалық өзара ықпалдастыққа бағытталған басқа форумдармен және халықаралық ұйымдармен үнқатысу және ынтымақтастық үшін Діни лидерлер кеңесін құру мәселесін ойластыра алар еді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Үшінші Съезіне қатысушылар осындай көзқарасты жақтайды деген сенімдемін.

Құрметті Съезге қатысушылар!

Өздеріңіздің мінәжаттарыңызда, уағыздарыңызда, адамдармен кездесулеріңізде сіздер адамзатқа Құдай Сөзін жеткізіп, осынау дүниенің көнермейтін құндылықтарын сақтаушы болып табыласыздар.

Сіздер миллиардтаған адамдарға арнаған әрбір өз сөздеріңіз олардың іс-әрекетіне, сенімдері мен құндылыққа бағдарлануына қалай ықпал ететінін толық мәнінде сезінесіздер деп сенемін. Қазақстан жерінен біз бірлесіп адамдарға жолдайтын барлық діндердің негізіне алынған ізгіліктің, әділдік пен қайырымдылықтың жоғары мұраттарын ұстану жөніндегі шақыруымызды олар естиді деген үміттемін!

Ардақты әлеумет!

Мәртебелі меймандар!

"Халықтарды бір бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана" деген даналық сөз бар.

Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ. Сондықтан ізгілік, рақым, имандылық секілді мәңгілік ұғымдарды санаға дарыту арқылы адамдарды тазарту қажет. Адам түзелмей заман түзелмек емес. Бүлінген заманды түзеу - адамның өз міндеті.

Мінеки, біз бүгін осы жайында - адамзаттың бүгіні мен ертеңгі тағдыры туралы кең отырып кеңесуге жиналып отырмыз.

Сонымен бірге бұл басқосу қазіргі дүниежүзілік саяси ахуалға, халықтар достығына игі ықпалын тигізеді деп сенемін.

Съезд жұмысының табысты өтуіне тілектестігімді білдіремін.

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!