2025 жылдың 1 тамызы мен 25 қыркүйегі аралығында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі аясында «Турин Кебіні» және «Қасиетті кітаптар» атты екі халықаралық рухани-мәдени көрме өз жұмысын бастады.
Көрменің ресми ашылу салтанаты 1 тамыз күні сағат 15:00-де өтті. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, діни бірлестіктердің, мәдениет және ғылым саласының көрнекті өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Қос көрменің басты мақсаты – әртүрлі діни конфессиялардың тарихи және рухани мұрасын кеңінен таныту арқылы қоғамда дінаралық түсіністік пен өзара құрметті нығайту, сондай-ақ көрмеге келушілердің рухани-танымдық көкжиегін кеңейту.
«Турин Кебіні» көрмесі христиан әлеміндегі ең бағалы жәдігерлердің бірі – Иса пайғамбардың денесі оралған деп есептелетін Турин жамылғысына арналды. Бұған дейін бірнеше елде таныстырылған экспозиция Қазақстанда алғаш рет көрсетілді. Көрмеде кебіннің дәлме-дәл көшірмесі мен 27 тақырыптық ақпараттық панель, сондай-ақ тарихи артефактілер, бейнематериалдар мен иллюстрациялық брошюралар ұсынылды.
Бұл халықаралық жобаны ұйымдастыруға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы, Қазақстандағы Православие шіркеуі, Астанадағы Рим-католик архиепархиясы, «Kirche in Not» ұйымы, Суверенді Мальта орденінің Германиядағы өкілдігі және ACN International Папалық қоры атсалысты.
«Қасиетті кітаптар» көрмесі – әлемдік діндердің қасиетті жазбалары арқылы әртүрлі діни дәстүрлердің рухани негіздерін көрсетуге бағытталды. Экспозицияда қасиетті мәтіндердің және түрлі діндер мен тарихи дәуірлерге қатысты сирек кездесетін қолжазбалардың 50 данасы ұсынылды.
Экспонаттардың ішінде VII ғасырдағы Құран қолжазбасы, XIX ғасырдағы сирек кездесетін Інжілдің нұсқалары, Кенесары ханның Құран кітабы, Талмуд, Тора, буддистік Трипитака және басқа да құнды кітаптар бар.
Аталған көрмені ұйымдастыруға Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы, Израильдің Иерусалим қаласындағы Ұлттық кітапханасы, ҚР Ұлттық музейі, Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы, Орталық мемлекеттік музейі, Қазақстандағы Православие шіркеуі, Астана синагогасы және каллиграф Орынбасар Асылбек қатысты.
Өткізілген көрмелер аясында келушілер түрлі діндердің рухани мұраларымен тереңірек танысып, адамзат тарихындағы діни жазбалардың мәдени, тарихи және моральдық мәніне үңілу мүмкіндігіне ие болды.
Көрме 10:00 - 20:00 дейін жұмыс жасайды.