ПРЕСС-РЕЛИЗ: Астанада климат, жасанды интеллект және ауыр дертке шалдыққан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық құжаттар таныстырылды
2026 жылғы 7 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысының қорытындысы бойынша екі халықаралық құжат – «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» және «Дін саласында жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі» қабылданды. Сондай-ақ, Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартия таныстырылды, оны ары қарай ілгерілетуді Хатшылық мүшелері қолдады.
Құжаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде айтқан тапсырмаларына сәйкес, сондай-ақ Съезд қорытындылары бойынша қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» құжаты ережелерін іске асыру шеңберінде әзірленді.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай әлемдік діни дәстүрлер өкілдері мен халықаралық сарапшылар қауымдастығының қатысуымен дайындалған климат және жасанды интеллект жөніндегі құжаттарды таныстырды.
«Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі» құжаты 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясының 22-тармағына сәйкес, әртүрлі діни және мәдени дәстүрлердің өкілдері болып табылатын халықаралық Жұмыс тобының 26 мүшесінің қатысуымен әзірленді.
Оның негіздемесінде табиғаттың құндылығын тану, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, тұтынудағы ұстамдылық және халықтың аса әлсіз топтарымен ынтымақтастық сынды төрт маңызды қағидат қарастырылған.
Қазақ мәдениетінде адамға табысталған дүниеге жауапкершілікпен қарап, оны келер ұрпаққа аман жеткізу міндетін білдіретін «аманат» ұғымы айрықша орын алады.
Құжат жастардың экологиялық сауаттылығын арттыру, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыру, қалдықтардың көлемін азайту, сондай-ақ діни қауымдастықтардың қызметі мен қасиетті орындардың аумағында тұрақты даму қағидаттарына негізделген тәжірибелерді енгізу сияқты ынтымақтастықтың нақты бағыттарын көздейді.
Екінші құжат – «Дін саласында жасанды интеллектті қолданудың этикалық кодексі» 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясының 23 және 24-тармақтарын дамыту мақсатында әзірленді.
Құжатты Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен дін қайраткерлерінен, ғалымдардан және сарапшылардан, соның ішінде технология саласындағы мамандардан құралған 24 өкілден тұратын Дінаралық комиссия дайындады.
Кодекс адам қадір-қасиетін, ар-ождан бостандығын, дербес деректерді және діни мазмұнның түпнұсқалығын қорғауға бағытталған 11 этикалық қағидаттарды қамтиды.
Цифрлық манипуляциялардың, алгоритмдік кемсітушіліктің, киелі мәтіндерді бұрмалаудың және діни сенімдер туралы жеке ақпаратты коммерциялық, саяси немесе идеологиялық мақсатта пайдаланудың алдын алуға ерекше назар аударылған.
Құжаттың негізгі ұстанымы – жасанды интеллект білім алуға және ақпаратты талдауға жәрдемдесе алады, алайда адамның рухани беделін, жеке діни тәжірибесін және моральдық жауапкершілігін алмастыра алмайды.
Екі құжат та ұсынымдық сипатқа ие және заңдық міндеттемелер жүктемейді. Оларды одан әрі ілгерілету БҰҰ құрылымдарын, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференцияларының (COP) алаңдарын, жасанды интеллект пен цифрлық басқару мәселелеріне арналған форумдарды қоса алғанда, халықаралық платформаларда, сондай-ақ технологиялық компаниялармен және жасанды интеллект әзірлеушілерімен өзара әрекеттестік аясында жүзеге асырылады деп жоспарланған.
Отырыстың жеке бір бағыты ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартиясының таныстырылымы болды – бұл Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен гуманитарлық бастамасы, оны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Bambino Gesù балалар ауруханасының сараптамалық қатысуымен дайындаған.
Хартияның негізінде ауруды толық емдеу мүмкіндігінің болмауы баланың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету, оның азабын жеңілдету және жан-жақты қолдау көрсету міндетін жоққа шығармайды деген қағидат жатыр.
Құжатта бірқатар нақты басымдық айқындалған. Олардың қатарында дәрігерлер мен ата-аналар арасындағы сенімге негізделген өзара қарым-қатынасты қамтамасыз ету, түсінікті медициналық ақпарат пен екінші дәрігерлік пікір алу мүмкіндігіне қолжетімділік, баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, үздіксіз паллиативтік көмек көрсету, ауырсынуды тиімді басу, сондай-ақ отбасының сенімдеріне құрметпен қарай отырып, психологиялық, әлеуметтік және рухани қолдау көрсету.
Денсаулық жағдайы, мүгедектік, болмаса әлеуметтік жағдайы баланың қадір-қасиеті мен оның күтімге және медициналық көмекке қарасты құқығын шектеуге негіз бола алмайтыны ерекше атап өтіледі.
Ұсынылған Хартия Қазақстан мен Қасиетті Тақтың ең осал санаттағы балалардың құқықтарын қорғауға және олардың отбасыларына қолдау көрсетуге бағытталған практикалық гуманитарлық ынтымақтастығының үлгісі болды.
Қабылданған құжаттар мен таныстырылған Хартия дінаралық диалогтан экология, технологиялық этика және адам құқықтарын қорғау салаларындағы нақты халықаралық бастамаларға өтуді көрсетеді.
Құжаттардың толық мәтіндерімен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің ресми сайтында танысуға болады: https://religions-congress.org/ru.