Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев пен ЮНЕСКО-ның кластерлік кеңсесінің директоры Криста Пиккат биылғы жылдың 19 қаңтарында ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Меморандум аясында тараптар бекітілген ынтымақтастықтың алдағы уақытта бірлескен табысты жобаларға негіз болатынына ерекше тоқталды.
Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Алтай Әбибуллаев дінаралық төзімділікті және әртүрлі мәдениеттер диалогын нығайтуға бағытталған Н.Назарбаев орталығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі халықаралық бастамаларына, ЮНЕСКО-мен жасалған келісімнің маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, бұл келісім ЮНЕСКО тарапынан Қазақстанның рухани дипломатия жетістіктерін жоғары бағалағанының куәсі деген тұжырымды ойымен бөлісті.
Меморандум мақсаты - халықаралық діни бірлестіктер мен олардың рухани көшбасшылары арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету, осы мақсаттағы жұмыстар қатары мен ғылыми зерттеулер саласында келісімдер жасасу, діндер мен мәдениетаралық мәселелерді талқылау үшін диалог алаңдарын құру, соның ішінде Қазақстандағы конфессияаралық диалог тәжірибесін халықаралық деңгейде ілгерілетуді көздейді.
ЮНЕСКО мен Н.Назарбаев орталығының Мәдениеттерді жақындастыру бағытында ортақ жасалатын, мақсаттас іс-шараларына К.Пиккат ерекше қызығушылығын білдірді.
Айта кету керек, Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің бірі ретінде 1945 жылы құрылды. ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кеңсесі 1994 жылы ашылған және төрт елде жұмыс істейді: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан.
Анықтамалық: ЮНЕСКО (UNESCO) 1945 жылы құрылғаннан кейін әлем бойынша ғылым мен білім, мәдениет саласын дамытуға айырықша көңіл бөле бастады. Құрамында 200-ге жуық мүшесі бар ұйым мәдени мұраны сақтап қалу үшін алғаш рет 1972 жылы «Әлемдік мәдени мұра» атты арнайы конвенция қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, «Әлемдік мәдени мұра» тізіміне енген әрбір нысан өзінің мемлекет аумағында қорғалуы тиіс және жаһандық деңгейде насихатталуы керек. Бұл тізімге алғашында Қазақстан атынан Түркістандағы Яссауи кесенесі мен Алматы облысындағы «Тамғалы тас» бастаған барлығы 5 ескерткіш енді. Олар: Сарыарқа — Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері, Ұлы Жібек Жолы, ОҚО-да орналасқан Батыс Тянь-Шань.