Жаңалықтар

Дінаралық диалогтағы әйелдердің орны

Бөлісу

Қазіргі қоғамдағы әйелдің орны мен рөлі туралы көп айтылуда. Соның ішінде дінаралық диалогтағы әйелдің орны туралы сөз қозғалып, зерттелуде. Әлемдік және дәстүрлі діндердің әр қайсысында әйелдің отбасындағы, қоғамдағы рөлі мен оның құқықтары туралы нақты айқындалған.

Мәселен, кез келген қоғамның құраушысы, әлеуметтік дамудың негізгі факторы болып әйел мен ер адам болып саналады. Яғни олардың қарым-қатынастарының негізінде қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, саяси, рухани, мәдени өмір құралады.

Жалпы, әйел мен ер адамның қоғамда өзіне тиесілі, табиғатына жақын қызметтері бар, соларды дұрыс атқарған кезде ғана мінсіз қоғам құруға болады.

Тарихтан белгілі, кез келген мемлекет, қоғам өзінің саяси, басқарушылық жүйесінде діннің кейбір ұстанымдарын негізге алған. Мысалы, кез келген әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті кітаптарында Жаратушыға құлшылық етуде әйелдер мен ерлер тең екендігін көруге болады, алайда физиологиялық, психологиялық, табиғи жаратылысына қатысты өзгешеліктері бары бәрімізге белгілі.

Бұл туралы христиан дініндегі киелі кітап Тәуратта, «осылайша Құдай адамды (рухани жағынан) өзіне ұқсас әрі бейнелес етіп, бірін еркек, бірін әйел етіп жаратты», «Құдай Адамды қатты ұйқыға салып, оның бір қабырғасын алып, орнын бұлшық-етпен жауып, алған қабырғадан оған әйел жасап берді…» делінген.

Аталған христиан дінінде Иса Мәсіхке дейін әйелдердің ой-өрісі, қабілеті жағынан құқықтары шеттетілген. Оларды ерлерден төмен санап, білімге қабілетсіз деп таныған. Алайда Иса Мәсіх өзінің анасына мойынсұнып, құрметтеп, әйел затына деген қарым-қатынасты көрсетті. Иса Мәсіхтің ілімін ұстанып, ең үздік ізбасарлары болғанда әйелдер деседі. Ол үнемі олармен сұхбаттасып, білім мен ілімнің жалпыға бірдей екенін көрсете білген.

Дегенмен, орта ғасырларда кейбір христиан дінбасылары әйелдердің құқығы туралы жазбаларды жасырып, жария етпеуді қатаң ұстанған. Оларды жұмақтағы алғашқы күнәһар ретінде танып, тіпті әйелдерді «азғырушы», «мыстан», «сиқыршы» деген ұғымдармен қатар қойып, жала жапқан. Кей кездері, ешқандай сотқа жүгінбей, шіркеудің үкімімен көрікті, көзі ашық, көкірегі ояу қыздар мен әйелдерді «ер адамдарды азғырушы», «мыстан», «арбаушы», «сиқыршы» деп айыптап, тірілей өртеу туралы да шешім шығарған кездерді тарихтан көруге болады. Мысалы, Францияда Жанна д’Арк сынды көптеген әйелдер әртүрлі жаламен тірідей отқа жағылды.

Сонымен қатар, христиан дінінде әйелдер тұрмыс құрғаннан кейін, күйеулерінің меншігіне айналып, олардың қандай да болмасын мүлігі бар болса, оны да күйеуінің иелігіне өткізген. Ер адам әйеліне азаматтық, қоғамдық құқығы жоқ құл ретінде қарап, оған құлшылық ету жолындағы ұстаз болу міндеттелген. Яғни, ер адам тек қожайын емес, әйелге күнәлардан арылудағы рухани жетекші деп түсіндірілген. Сонымен қатар, ажырасу туралы шешімді тек ер адам ғана қабылдайтын болған.

Христиан дінінде адамның өлгені ол оның терең ұйқыға кеткені деп түсіндіріліп, әйелдердің ерлері алдындағы неке адалдығын сақтап, рухани жанында болғандары абзал делінген. Сондықтан әйел жесір қалып қойса да, көп жағдайда тұрмысқа шықпаған.

Сондай-ақ, католик дінінің ұстанушылары, «әйел мен күнә» бір ұғым деп, үйленбей өткен. Нәтижесінде, «күнәдан пәк» деп түсіндірілген. Католик шіркеуі Папаларды тек үйленбеген кардиналдар арасынан сайлайтын болған.

Сөйтіп 19-ғасырдан бастап, батыс елдерінің жаңа капиталистік жүйеге бетбұруы басталған шағында, әйел мен еркектің қоғамдағы алатын орнын айқындау үрдісі басталды. Алайда, бұл әйелге жақсылық әкелмеді. Өйткені, әйел мен баланың еңбегіне мардымсыз ақы төлеу, құқықтарын таптау секілді дүниелер жалғаса берді.

Осы жүйеге шыдай алмаған әйелдер өз құқықтары үшін күресуді бастап, феминизм идеологиясы өмірге енді. Осы бастаманың аясында ескі патриархаттық дәстүрдің көрінісі тек шіркеу аясында ғана емес, зиялылар мен көзі ашық оқымыстылардың арасында да кемсіту байқалатын болды.

Десе де, христиан дінінің – православ, католик және протестант сынды тармақтарында әйел-ананың рөлі мен құқықтарын төмендететін қағиданың жоқтығын көруге болады. Тіпті, құдайлық миссияның әйел-ана арқылы жүзеге асырылып, Құдай-ана дәрежесіне әйел бейнесінде көтерілуі, қасиетті кітап Тәуратта дінге қызмет еткен әйелдер бейнесінің бар екенін ескерсек, христиан дінінде де әйел-ананың орны үлкен мәнге ие екенін аңғаруға болады.

Келесі, әлемдік деңгейге жеткен мәдениеттердің бірі – үнді-будда мәдениеті болып саналады. Әлеуметтік өмірінде ғасырлар бойы касталық жүйе үстемдік етіп, әйелдер кастаның төртінші сатысында құлдармен (шудралармен) шамалас болды. Ману заңдары бойынша ерлердің құқығы мен дәрежесі үстемдік етті. Ежелгі үнділіктердің «Ведалар» кітабындағы суреттеуде «әйел кесірткеден, жыланнан, улы хайуаннан да зиянды» деп бейнеленген.

Үнді қоғамы осы Ведалардың ережелерін қатаң ұстанған, мұнда тек жеке адам мәселесі ғана емес, бүкілкасталардың, елдің мәселелері талқыланған. Сөйтіп, Ведалардың ережесін сақтау, Ману заңын орындаумен тек болды. Онда барлық кастадағы әйелдерге бала тәрбиесі, үй шаруасы міндеттелді. Ал жоғары кастадағы әйелдер әлеуметтік дәрежеге ие болғанмен, барлығына бірдей, веда мәтіндерін оқуға, оны оқыған жерде отыруға, ораза ұстауға, әдет-ғұрыптарды орындауға қатаң тыйым салынды. Ал осы веда ережелерін оқып, зерттеген әйелдер қоғамнан, өз отбасынан шеттетіліп, әлеуметтік статусынан айырылған.

Алайда, заман өте келе қатаң жарғының мәнісі жойыла бастағаны байқалып, буддизм іліміне өзгерістер ене бастады.

Қазіргі кезде заманауи буддизмнің ұстанушылары өз уағыздары мен дәрістерінде ерлер мен әйелдердің орны мен дәрежесі туралы көп айтуда. Олардың пікірінше, әйелдің еркектен ең басты артықшылығы оның шексіз мейірімділігі, «олар бүкіл әлемді жүрегіммен қабыл алып, сезеді» деген. Яғни аталған мәдениетте де әйел дәрежесіне қатысты көзқарастың өзгергенін көруге болады.

Ал енді ислам дініндегі әйелдің орны қандай дейтін болсақ, қасиетті Құран Кәрімде, Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де әйел мен еркектің тең екені айтылған. Бірақ, теңдіктің астында олар тең жаратылғанымен, психологиялық, физиологиялық жағынан бірдей емес екендігі белгілі. Ислам діні ежелгі араб еліндегі қараңғылық кезеңіндегі әйелге деген, дүниеге келген қыз балаға деген қарым-қатынасты тоқтатты. Өйткені, отбасында дүниеге келген қыз баланы қабылдамай, тірілей көметін, әйелдерді затша саудалап, еркектерге қанша әйелмен үйленгісі келсе, соншасына үйлене алатын болған. Осылайша, ислам діні әйелдің абзал жаратылыс екенін, олардың дәрежесі мен орнын ерекше айқындап берді. Әйелді қорламай, оны ардақтауды, зат ретінде емес тірі жан, тұлға ретінде қарауды жолға қойды. Керек десеңіз, «жұмақ – ананың табанының астында» деген ұстанымға бас идірді. Қасиетті Құран әйелдің дәрежесін барлық жағынан қысқа әрі нұсқа сипаттай келе, сәйкесінше жоғары мәртебеге көтерді. Жалпы, Құран Кәрімде әйелдер мен ерлер деген атаулар үнемі қатар айтылады. Нәтижесінде Ислам діні әйелге, анаға, отбасы мен неке тақырыбына үлкен мән және ерекше мәртебе берді.

Тіпті, Қасиетті Құранда «еркектер» деп аталатын сүре жоқ, ал бірақ «Ниса», яғни «Әйелдер» деп аталатын үлкен сүре бар. Оны әйелдерді еркектерден төмен көрсетудің сипаты деп қабылдамау керек, керісінше әйелдердің артықшылығын айшықтап берді. Осы ерекшелікті тек ислам дінінен ғана көруге болады. Ислам бес уақыт намаз оқуды, ораза тұтуды, садақа беруді, қажылыққа баруды еркек пен әйелге тең парыз ретінде ұсынған. Осылардың әрқайсысында әйелге үлкен жеңілдік жасалған.

Егер христиан дүниетанымы үйленбей өтуді құп санаса, исламда керісінше отбасын құрып, ер адамның әйелге қамқорлық танытып, ұрпақ жалғастыруы мұсылманның парызы болып саналады.

Батыс әйелдері білім алу, еңбек ету, меншіктену құқықтары мен сөз бостандығы, іс-әрекет бостандығы үшін күрес жүргізді. Ал Исламда әйелдердің білім алуға деген құқығы ерлермен бірдей және өз пікірін ашық білдіруге құқылы болды. Әйелдер қоғамдық өмірге етене араласып, шайқастарға қатысып, әскерлердің жанында жүру мүмкіндігіне ие болды. Ұрпақ жалғастыруда әйелдерді ерлермен қатар қойып, оларды тұлға ретінде мойындап, мұрагер ретінде қалдыру үрдісі басталды және одан ешкім айыра алмайтын. Сонымен қатар, әйел отбасында ешқандай да қаржылық жауапкершілік алмайды, барлығын ер адам қамтамасыз етуі қажет болатын.

Әлемдік діндердегі әйелдердің орнын зерттеу арқылы, дінаралық диалогтағы әйелдің де орны ерекше екенін көруге болады. Жалпы гендерлік түсініктің, феминизация құбылысының Батыс елдерінде пайда болуы бекер емес, өйткені, әйелдер құқығының шектелуі, арының тапталуы жиі кездесетін. Ал шығыс елдеріне келетін болсақ, мұнда әйелге жеке тұлға ретінде қарап, қоғамдағы, отбасындағы ерекше орны белгіленген болатын.

С. Болатқызы,

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы, Халықаралық ынтымақтастық Департаментінің бас сарапшысы

qazaquni.kz