Әлемге жайылған індет адамзат тіршілігін бұрын соңды болмаған, түбегейлі өзгеріске әкелуде. Жаһан өте терең дағдарыста. Осындай қиын шақта адам баласы мемлекеттік жүйеге, ғылым мен медицинаға ғана сеніп қоймай, діннен және дін өкілдерінен қолдау мен қамқорлық күтуде. Қауіпті індет аталған дін әлеміне де өз ықпалын тигізбей қоймады.Бұл пікіріді «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаев білдірді, деп хабарлайды Strategy2050.kz.
Адамзат тарихында карантин ұғымы Ислам өркениетіне тиеселі.
«Медицина ұғымының ірге тасын қалаушы - Абу Әли Ибн Сина осыдан он ғасыр бұрын қатерлі дерттердің адамнан адамға жұғу жолдарын ең алғаш зерттеп, оған қарсы тұрудың амалдарын ойластырған. Тарихқа үңілсек Ибн Сина қала қақпасын жабу, мешіт пен базарда көпшіліктің жиналуына тыйым салу, обадан көз жұмған адамдардың киімдерін өртеу секілді нұсқаулықтардың арқасында Үргенш шаһарының халқын аман сақтап қалған. Бұл осыдан он ғасыр бұрын болса да, қазіргі карантиннің негізгі қағидаттарын қалады», - деді ол.
Індеттің алдын алу шараларын сақтамау салдарынан Малайзиядағы коронавирусқа шалдыққан бір ғана адам намаз кезінде 200 мұсылманның осы індетпен ауыруына себеп болған.
«Ал Оңтүстік Кореяда COVID-19 анықталған мыңдаған азаматтың жартысына жуығы Иисус-Синчонджи шіркеуінің зияратшылары болып шыққан.Бүгінде әлемде коронавирусты 1 миллион 600 мыңнан астам адам жұқтырса, тоқсан бес мыңнан астам адам көз жұмды. Бұл сандар күн сайын артуда. Осы көзге көрінбес жаумен күресте дін мен дін өкілдерінің орны ерекше. Қауіпті вирустың алдын алу үшін әлем ғибадатханалары діни мінәжаттарды, көпшілік діни шараларды шектеуге кірісті», - деді ол.
«Қарусыз соғыста» дін көшбасшылары мен халықаралық діни ұйымдардың, оның ішінде әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің тұрақты қатысушыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше.
«Олар сақтық шараларын қамтамасыз етуде, өзіне қарасты дін өкілдері мен халықты ауызбіршілікке шақыруда алдыңғы шептен көрінді. Мұндайда Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) «Егер қандай да бір жерде жұқпалы ауру тараса ол жерге бармаңдар. Егер сол жерде болсаңдар, онда ол жақтан кетпеңдер және қашып шығуға әрекет жасамаңдар. (Себебі, бұл ауруды таратуға септігін тигізеді)», – деген хадисінің қазіргі таңда маңызы ерекше», - дейді ол.
Сондай-ақ, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының серіктесі әйгілі Әл-Азхар университеті жаман дерттің өршуіне байланысты: «Егер мемлекетте жамағатпен шоғырланып оқылған намаз вирустың таралуына себеп болса, жамағатпен намазға уақытша бармауға рұқсат етіледі», – деген пәтуа шығарды.
«Осы бағытта жамағатты жұқпалы вирустан сақтап қалатын діни қарарлар бірқатар мұсылман елдерінде жарық көруде. Қос киенің сақшысы – Сауд Арабиясы ақпан айынан бастап ел аумағына шетелдіктерді кіргізбеу туралы шешім қабылдады. Умра парызын орындамақ болған Саудия азаматтарын да бұл ниетін кейінге қалдыруға шақырды. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 12 миллионнан астам адам жиналатын Мұсылман қауымның бес парызының бірін өтеу 2020 ж. шілде айының соңына жоспарланған болатын. Дегенмен, қазіргі таңның өзінде Меккедегі Қасиетті мешіт пен Мәдинадағы Пайғамбар мешіті тұңғыш рет бос. Көптеген мұсылман елдерінде коронавирустан қаза тапқандардың жаназа намазын оқудың, марқұмдарды жерлеудің арнайы тәртібі бекітілді», - деді А.Әбибуллаев.
Мұсылман елдері арасында қатерлі аурудан ең көп жапа шеккен – Иранда көпшіліктің наразылығына қарамастан қасиетті Мешхед мен Кумда қалаларындағы мешіттер жабылды.
«Біріккен Араб Әмірліктерінде орталық мешіттер толық жабылмаса да залалсыздандыру мен кілемдерді сағат сайын дезинфекциялаудың қатаң шаралары қолға алынған. Түркия елінің Мүфтияты да барлық мешіттерді жабу жайлы ұйғарымға келді.Католицизмнің орталығы саналатын Ватикан ғибадат ету амалдарын зияратшыларсыз атқару жайлы шешім қабылдаған. Рим папасы Францисктің өзі уағыздарды бейнебайланыс арқылы жеткізуде. Орыс Православ Шіркеуінің басшысы Мәскеу және Бүкіл Ресей Патриархы Кирилл ресейлік қоғам арасында індеттің таралмауы мен алдын алуға ерекше үн қосты», - деді ол.
Ұлыбритания, Германия, Швеция, Нидерланды секілді елдердегі дін өкілдері әдетте мінәжат ету кезінде ортақ ыдыстан бірлесе сусын ішетін діни дәстүрлер мен қол алысу міндеттейтін рәсімдер толығымен тоқтатылды.
«Иудаизм дінін ұстанушылар Израильде де жергілікті раввиндер Кеңесі ғибадат етушілерді қол алысып амандасудан, киелі нысандарды, оның ішінде «Жылау» қабырғасын сүю амалдарынан бас тартуға мәжбүр. Елімізде 17 жыл бойы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің мақсат мүдделерінің бірі – дінаралық татулық, адамзат тіршілігіне қатысты барлық ортақ құндылықтарды насихаттау. Осыған дейін Съезге жиылған діни көшбасшылар әлемдегі қақтығыстар мен түрлі теріс діни ағымдардың кесірінен болатын кикілжіңдер мен қантөгістердің адамзатқа қауіп екеніндігіне назар аударған болса, ендігі жерде «тілсіз жау», діндер мен өркениеттер арасындағы түсініспеушілік пен қақтығыстарды кейінге шегертіп, әлемдік қауымдастықты бір ымыраға келтіріп, адам өмірін сақтау және індетпен күресу жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырған секілді», - деді ол.
Ал індет қауіпі осы ой-пайымды барлық елдерге мойындатып берді.
«Қиындықпен бетпе-бет келген еліміз шұғыл әрі қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдап, аурумен күрес үзілмей жалғасуда. Жұқпалы індеттің таралуына тосқауыл қою үшін, бұрын соңды болмаған сақтық шаралары іске асуда. Дәрігерлер адам өмірін сақтауда тынымсыз еңбек етуде. Қоғамның маңызды бір бөлігі ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да шұғыл шараларды қолға алды», - деді ол.
Қазіргі індет адамзат өркениеті мен күнделікті тыныс-тіршілікке фундаменталды өзгерістер енгізіп, сана-сезіміміз бен көзқарасамыз үйренген салаларды танымастай өзгертуі ықтимал.
«Ғасырлар бойы қалыптасқан діни дәстүрлер мен қағидаттар ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі, әлеуметтік саясат, халықаралық қатыныстар, дипломатия, әлемдік экономиканың құрылымы, қаржы институттары, бәсекелестіктің негізгі философиясы, инвестициялар тарту, туризм, авиация, медицина, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, ғылым, ғарыш, жаңа ақпараттық технологиялар, мемлекеттер арасындағы интеграция үдерісі, виза жүйесі, халықаралық ұйымдар, кіші және орта бизнес, жеке кәсіпкерлік, өндіріс, логистика және басқа да маңызды салалар әлемдік, аймақтық әрі ұлттық деңгейлерде күрделі өзгерістерді бастан кешіріп, реформаланатыны сөзсіз. Тілсіз жаудың салдары мен ауыртпашылығы – жаңа жаһан жүйесінің қалыптасуына түрткі болмақ», - деді ол.
Сондай-ақ, Жер бетін мекендеген барлық жанға төнген ортақ қауіп адамдарды қайырымдылық пен игілікке, ізігілік пен мейірбандылыққа, жамандықпен күресуде мүдделес болуға үйретуде, бұл игі үрдіс қарқын алып жатқаны белгілі.
«Адамзат атаулының барлығы жаратылысынан бейбітшілік пен түсіністікке, сабырлық пен қанағатқа, қарапайымдылық пен әділдікке бой ұсынады. Адам бойындағы бұл қасиеттерді діндер мен діни ұстанымдар бекемдей түсуде.Қалай десек те, бұл пандемиядан кейін әлем мен адамзат тіршілігі бұрынғыдай болмасы айдан анық. Індет адам эволюциясын сапалы жаңа сатыға көтеруі мүмкін. Жер бетін жайлаған үрей мен қауіп адамдардың бір-біріне мейірім танытуына, өз өмірі, жеке бас гигиенасы мен экология мәселелеріне жауапкершілікпен қарауына, мемлекет пен отбасылық қаржы көздерін ысырапшылыққа салмай, туған жер мен отбасының қадір-қасиетін айқындап, орны жетпес бақыт екеніне жаңадан көз ашқандай», - деп түйіндеді ол.