2026 жылғы 7 қазанда Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтеді. Диалог алаңында әлемдік және дәстүрлі діндер – ислам, христиан, иудаизм, индуизм, буддизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің лидерлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары, мемлекет қайраткерлері және әлемнің 20 елінен жетекші сарапшылар жиналады.
XXIV Хатшылық отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде бастамашылық еткен және қатысушылар қолдаған екі халықаралық құжатты қарау және қабылдау. Олар: «Жасанды интеллектті діни салада пайдаланудың этикалық кодексі» және «Діндердің климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі рөлі».
Жеке мәселе ретінде Жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтар хартиясы таныстырылады. Құжатта баланың қадір-қасиетін қорғауға, оған ізгілікпен қарауға басымдық беріліп, сондай-ақ қажетті медициналық және психологиялық көмек алу құқығы бекітіледі. Сонымен қатар, тиісті сұраныс болған жағдайда баланың діни және дүниетанымдық қажеттіліктерін ескере отырып қолдау көрсету көзделген.
XXIV Съезд Хатшылығының ақпараттық сүйемелдеу жұмыстарын қамтамасыз ету үшін қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын 2026 жылғы 30 қыркүйекке дейін аккредиттеуден өтуге шақырамыз. Аккредиттеуден өту үшін communications@iciid.org электрондық пошта мекенжайына хабарласуыңызды сұраймыз.
Өткізілетін күні: 2026 жылғы 7 қазан.
Өткізілетін орны: Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 57, Бейбітшілік және келісім сарайының баспасөз орталығы.
Іс-шараның басталуы: сағат 10:00.