АСТАНА, 12 маусым 2026 жыл
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Жастар және дін» тақырыбы бойынша кешенді дінтанулық зерттеудің нәтижелерін сарапшылар қауымына ұсынды.
Іс-шара Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік Рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссияның қолдауымен Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Достық үйі алаңында өтті. Жиынға дін саласы, жастар саясаты, ішкі саясат салаларының сарапшылары, мемлекеттік органдар өкілдері, соның ішінде ҚСЗИ, ҚҚДИ, ҒЗО, Дін істері комитеті және басқа да ұйымдардан 30-дан астам маман қатысты.
Өзінің алғысөзінде Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай Орталықтың жастар мен дін мәселелерін зерттеуге ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Ол 2019 жылдан бері Дінтану зерттеулер департаменті осы салада жүйелі түрде зерттеулер жүргізіп келе жатқанын, бұл өз кезегінде діни ортадағы өзекті үрдістер мен өзгерістерді бақылауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сондай-ақ жастар мен дін тақырыбы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің күн тәртібінде маңызды орын алатынын атап өтті. Гүлсана Қожабай жастар мен дінге қатысты мәселелерді күрделі тақырып деп тоқталып, оларды әлеуметтік, мәдени және құндылықтық аспектілерді ескере отырып, кешенді түрде қарастыру қажеттігін айтты. Ол мұндай мақсатты жұмыстың кезекті нәтижесі ретінде Орталық тарапынан дайындалып ұсынылған зерттеу жұмыстары екенін мәлімдеді.
Зерттеу нәтижелерін Басқарма төрағасының орынбасары Татьяна Липина, Дінтану зерттеулер департаментінің бас сарапшысы Гүлмира Сағынбек және сол департаменттің жетекші сарапшысы Жайқал Бидолда ұсынды.
Зерттеу кешенді әдіснамаға негізделген. Ол елдің барлық өңірлерінде 14 пен 34 жас аралығындағы 3000 жасқа жүргізілген сауалнама, сондай-ақ 18 сараптамалық сұхбат пен елдің 7 қаласында өткізілген 7 фокус-топты қамтыды. Мұндай тәсіл тек аймақтық статистикалық деректер алуға ғана емес, сонымен қатар қазіргі жастардың құндылықтарын, көзқарастарын және өмірлік тәжірибесін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Зерттеудің маңызды жаңалығы - жастарды діндарлық, тұлғалық және қоғамдық-саяси өлшемдер аясында қарастырып, олардың діни саясатты қабылдау бағытын айқындау болды. Сондай-ақ діни және діни емес сенімдердің тұлғалық ерекшелікпен, азаматтық белсенділік тәжірибесімен, биоэтикалық мәселелерге қатысты ұстанымдармен, медиа-қолдану дағдыларымен, мінез-құлық үлгілерімен және «өзге» топтарға қатысты әлеуметтік арақашықтық деңгейімен байланысы анықталды.
Зерттеу нәтижелері бойынша, қазақстандық жастардың 82,8%-ы өздерін діндар деп санайтыны анықталды. Алайда өзін-өзі діни тұрғыда сәйкестендіру мен нақты діни тәжірибе арасындағы қызықты арақатынас байқалады. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың 26%-ы тұрақты түрде намаз оқитынын айтса, ал ұжымдық құлшылықтарға тек 7,3%-ы ғана қатысатыны белгілі болды.
Жастардың 42,2%-ы үшін азаматтық бірегейлік – «қазақстандық» болу – бірінші орында тұр, ол этникалық (16,9%) және діни (5,6%) тиесіліліктен басым болып келеді.
Сонымен қатар институционалданған діндерге тән тәжірибелермен қатар белгілі бір деңгейде танымалдыққа ие балама практикалар да байқалады: нумерология – 12,5%, медитация – 11,2% және йога – 10,6%, бұл үрдіс әсіресе әйелдер арасында жиі кездеседі.
Талдауда Р. Инглхарттың құндылықтарды зерттеу тәсілі де ескерілді. Деректер аралас құндылықтық модельдің бар екенін көрсетті: бір жағынан дәстүрлі ұстанымдар мен өмір сүруге бағдарланған құндылықтар басым болса, екінші жағынан индивидуализм мен өзін-өзі таныту құндылықтарына қарай ығысу белгілері байқалады.
Дін мәселелеріндегі негізгі бедел көзі ретінде әлі де отбасы сақталып отыр – 61,5%, алайда басты ақпараттық арна – әлеуметтік желілер – 81%. Жасөспірімдер діни контентті негізінен TikTok пен Instagram арқылы тұтынады. Көптеген жастар қасиетті мәтіндерді өз бетімен оқымайды, интернеттегі түсіндірмелерге сүйенеді, бұл фрагменттелген немесе бұрмаланған білім алу қаупін арттырады.
Зерттеудің маңызды бөлігі Богардус шкаласы бойынша әлеуметтік қашықтық деңгейін талдауға арналды. Нәтижелер кейбір діни топтарға қатысты жасырын ксенофобия деңгейінің бар екенін көрсетті. Сапалық деректермен толықтырылған талдау білім деңгейі мен толеранттылық деңгейі арасындағы критикалық өзара байланысты айқындады.
Сонымен қатар жастардың әлеуметтік шеттетілуі, яғни өзін «бөтен» сезінуі және әділетсіздік жағдайларын бастан өткеруі қарастырылды. Жалпы алғанда, бұл көрсеткіш бойынша жағдай қолайлы. Алайда жастардың 72,7%-ы қоғамда ешқашан өздерін «бөтен» сезінбегенімен, әрбір төртінші жас (24,9%) шеттетілу тәжірибесін бастан өткереді, әсіресе әйелдер, діни емес жастар және этникалық азшылық өкілдері арасында бұл көрсеткіш жоғары.
Зерттеу зайырлылықты түсінудің біркелкі емес екенін көрсетті. Жастар зайырлы мемлекетті қолдайды, алайда сонымен қатар мемлекеттің дін саласында белсенді реттеуші және бақылаушы рөл атқаруын күтеді.
Зерттеу қорытындысы бойынша жалпы ақпараттандырудан гөрі осал топтарда тәуекелге бағдарланған профилактикаға көшу ұсынылды. Сондай-ақ жастардың цифрлық әдеттеріне бейімделген зайырлы және бейтарап форматтағы діни ағарту жұмыстарын дамыту қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, зайырлылықтың құқықтық мазмұнын теңдік пен ар-ождан бостандығы қағидаты ретінде түсіндіруді күшейту ұсынылды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің Ақпараттық-түсіндіру жұмысын үйлестіру басқармасының басшысы Ердаулет Кенжеханов ұсынылған зерттеу нәтижелері бойынша дін саласындағы уәкілетті орган желісі арқылы жергілікті жерлерде тиісті жұмыстардың қазірдің өзінде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Талқылау барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Сайфулинқызы өз зерттеулерінің деректерімен бөлісіп, ұсынылған зерттеудің маңыздылығын атап өтті және бұл жұмыстарды әзірленіп жатқан жастардың цифрлық картасына енгізуді ұсынды.
Белгілі қазақстандық дінтанушы, философия ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ дінтану кафедрасының профессоры Юлия Шаповал ұсынылған деректердің бірқатар жаңалығын атап өтті. Атап айтқанда, радикалдануға бейімділіктің маркерлері ретінде «әлеуметтік шеттетілу» мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ ол осы тақырып бойынша зерттеулердің психологиялық құралдарын кеңейтуді ұсынды.
Орталық іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін «Қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Шавкат Абдуллаұлы Исмаиловқа және оның ұжымына алғыс білдіреді.