Жаһандық өзгерістердің құбылмалы кезеңінде дінаралық мәселелерді тұрақтандыру – бүгінгі дәуір талаптарының біріне айналды. Ауқымы кең мәселелерді талқылауда, дін қайраткерлерінің бірлесе отырып бағыт көрсетуі тиімді нәтижелерге алып келері сөзсіз. Қазақстан да өз кезегінде әлемдік аренада бейбітшілік пен ынтымақтастыққа ұмтылатын ел ретінде танылып, мығым да батыл қадамдар басуда. Мәселен, 21 мамыр күні Астана уақытымен сағат 15:00-де Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының басшылығымен ZOOM платформасында «Әлемнің тұрақты дамуындағы діни көшбасшылардың рөлі» атты халықаралық онлайн конференциясы әлем халықтары арасындағы рухани көшбасшылардың басын қосты.
Аталмыш конференция діни лидерлердің жанжалдарды бейбіт реттеу, сондай-ақ табиғи апаттар мен климаттық өзгерістердің салдарын еңсеру секілді мәселелерді талқылауға бағытталды.
Дөңгелек үстелде Қазақстанның мемлекет қайраткерлері мен рухани лидерлері, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі танымал діни көшбасшылар мен сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Әнуар Хатиев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы болды. Халықаралық қатысушылар арасында Әл-Азхар Ислам зерттеу академиясының Бас хатшысы Мухаммед әл-Джинди, Дүниежүзілік ислам лигасының конференциялар және іс-шаралар жөніндегі Бас директоры Салах әл Адуани, Халықаралық дінаралық диалог орталығының төрағасы Профессор Ибрахим Салех Әл Наими секілді тұлғалар өз білімдерімен, құнды тәжірибелерімен бөлісті.
Ал іс-шара мазмұны жағынан кешенді тақырыптарды қамтыды. Діни сенімдерінің сан алуандығына қарамастан, қатысушылар әлемдегі ынтымақтастықтың қажеттілігін баса айтып, дінаралық байланыстың берік іргетасын қалауға шақырды.
Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы м.а. Марат Қалижанов жиын модераторы ретінде, пікір алмасудың еркін, әрі жемісті өтуіне жағдай жасады. Іс-шара қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде синхронды аудармамен қамтамасыз етілді.
Көпжақты диалогты достыққа бағыттаған конференцияның мақсаты - діни лидерлердің ықпалын арттыру мақсатын алға қойған Халықаралық орталық, конференция барысында бірқатар мәселенің басын ашты. Соның ішінде, биыл қыркүйек айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің күнтәртібіндегі басты оқиға болмақ.
Онлайн жиынды бастаған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Төрағасы Әнуар Хатиев, ғаламдық геосаяси ахуалды ескере отырып, діни қайраткерлердің күш жұмылдыруы бейбіт өмір орнату жолында аса қажетті әрі орынды бастама болатындығына баса назар аударды. Ол өз сөзін жалғастыра отырып, алдағы Съезді Қазақстанның дінаралық стратегиялық көзқарасының көрінісі деп түйіндеді.
Конференция барысында қатысушылар әлемдік тұрақтылықты сақтаудағы діни лидерлердің шешуші рөлін және бүгінгі дінаралық диалог пен ынтымақтастықтың маңызын жан-жақты саралады. Мәселен, Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі Айтян Гахраман Әзірбайжандағы түрлі діндердің бейбіт өмір сүруінің негізгі принциптерін білім беру институы тұрғысынан баяндады.
Ал Әл-Азхар Ислам зерттеу академиясының Бас хатшысы Мұхаммед әл-Джинди Исламның бейбітшілік пен әділеттілікке шақыратын қағидалары негізінде, дінаралық диалогтың өзектілігі туралы айтты. Сондай-ақ рухани білім берудің қазіргі заманғы сын-қатерлерге тойтарыс беру жолдарына тоқталып, діни экстремизмнің алдын алудағы көшбасшылардың жауапкершілігі жайлы сөз қозғады.
Қазақстан және Орта Азия католик епископтары конференциясының баспасөз хатшысы Петр Пытлованы католик шіркеуінің әлемдегі бейбітшілік пен әділеттілікке ұмтылысын жеткізіп, дінаралық қарым-қатынастарды нығайтуға ашықтығын білдірді. Ол ұлы Абайдың даналық ойларына сүйене отырып, қазақстандағы татулық пен келісімнің тарихи болмысын аша түсті.
Жиын барысында 20-ға жуық спикер өз ойларын ортаға салып, алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде кездесуге сөз байласты.
Алмағайып заманда ұлттар мен ұлыстар арасындағы рухани, мәдени құндылықтарды сақтап, бейбіт өмірді келешек ұрпаққа мирас ету – осындай достық кездесулердің басты мұраты болып қала бермек.