Биыл, 17-18 қыркүйекте, бейбітшілік пен келісімнің ордасы – Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі өтеді. Бұл жаһандық деңгейдегі маңызды басқосу қазіргі қақтығыстарға толы күрделі әлемде конфессияаралық және өркениетаралық диалогты нығайтуда, өзара түсіністік пен құрметті арттыруда ерекше мәнге ие.
Еліміздің осындай ауқымды Съезге тұрақты түрде алаң ұсынып келуі тегін емес. Бұл біздің қазақ даласының сан ғасырлық тағылымымен, тереңнен тамыр тартқан бірегей болмысымен астасып жатыр. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат» деп атап өткен еді. Расында да, Қазақстан Республикасы – барлық әлемдік діндер тоғысқан қасиетті мекенге айналып отыр.
Тарих сынап, нәубет жайлаған кезеңдерде – дүниенің төрт бұрышынан тағдыр айдап, түрлі этностар мен дін өкілдері біздің дархан даламыздан пана іздеген шақтарда – біз өз үйіміздің есігін айқара ашып, барымызды: жұтым суымызды, бір түйір нанымызды, соңғы шапанымызды бөлістік. Ұлан-ғайыр қазақ даласы, Сарыарқа төсі әр алуан тағдыр иелеріне мекен болды.
Бұл тек қарапайым мейірімділік қана емес еді. Бұл – адамды ардақтаудың, тіршілікті қастерлеудің, теңдесі жоқ бауырмалдықтың айқын көрінісі болатын. Халқымыздың «Қонақпен еріп дәулет кіреді» немесе «Қонағыңды Құдайдай күт» сынды мағынасы терең мақал-мәтелдері осы дархан қонақжайлықтың, бауырына басудың тереңде жатқан тағылымын аңғартады.
Бұл – жалаң дәстүр емес, бұл – біздің ұлттық жадымыздың өзегі, қанымызға сіңген қасиетті құндылық.
Осы ерекше тарихи сабақтастық Қазақстан халқының бойындағы парасаттылық пен өмірге деген асқақ рухты қалыптастырды. Біз өзге конфессия өкілдерімен бір шаңырақ астында тату-тәтті, бейбіт ғұмыр кешудің үлгісін көрсетіп, түрлі әдет-ғұрыптардың, наным-сенімдердің бірлікте өмір сүруінің шынайы мүмкін екенін дәлелдедік. Бұл – біз үшін киелі ұғымға айналып, ұлттық бірегейлігімізді байытқан, баға жетпес рухани және мәдени қазынаға айналды. Ұлы Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген дана сөзі бірліктің, бауырмалдықтың терең тамырын көрсетеді.
Біздің дархан қонақжайлығымыз бен өзгелерді қабылдай білу қасиетіміздің, өзге мәдениеттерден үйренуге деген ашықтығымыздың арқасында, Қазақстан бүгінде әлем мойындаған, көпэтносты және көпконфессиялы, тұрақты даму жолындағы іргелі мемлекетке айналды. Бұл – біздің елдігіміздің беріктігінің, әлем алдындағы айрықша болмысымыздың нышаны.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі қазақстандық тәжірибені жаһандық деңгейде паш ететін, дін лидерлері арасындағы тікелей диалог арқылы түсінбеушіліктердің алдын алып, қақтығыстарды болдырмауға ұмтылатын және бейбітшілік мәдениетін ілгерлетуге бағытталған бірегей алаң.
Қазіргі күрделі кезеңде дінбасылардың бір үстел басында жиналуының айрықша маңызды екенін атап өткен Президент: «Олар кез-келген мәселе бойынша ортақ ойға келіп, тіл табысуға болатынын бүкіл әлемге паш етуде. Меніңше, Съездің ең басты миссиясы да, ерекшелігі де – осы» деп атап өтті.
Съезд дінбасыларға қазіргі заманның сын-қатерлерін (экстремизм, терроризм, әлеуметтік теңсіздік, экологиялық мәселелер) діни тұрғыдан талқылауға және оларға ортақ рухани жауаптар іздеуге мүмкіндік береді.
VII Съездің құрметті қонағы, Ватикан және Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск Съездің маңыздылығын айқындай түсіп: «Қазақстан тағы да бір-бірінен қашықтықта жүргендер арасындағы кездесу орны болсын. Оның арқасында кездесудің жаңа жолы ашылсын, оның негізінде адами қатынастар жатыр: құрмет, диалогтағы шынайылық, әр адамның шексіз қадір-қасиеті, ынтымақтастық. Бізді бейбітшілікке апаратын бауырластықтың жаңа жолы» деп жоғары баға берген еді.
Өкінішке орай, жақында Рим Папасы Франциск дүниеден өтті. Енді католик дінінің лидері болып, Роберт Францис Превоста сайланды. Ол Лев – XIV деген атпен тарихи миссиясын бастады.
Жаңа сайланған Рим папасы да Қазақстанда өтетін Әлемдік дәстүрлі діндер жаһандық съезіне келеді деп үміттенемін.
Мысырдың Әл-Әзһардың Жоғары Имамы шейх Ахмад ат-Тайеб те Съездің маңыздылығын атап өтіп: «Біз Алла Тағаладан бұл форумның науқастың ауруы мен азабын тоқтата алатын емге үміттенетіні сияқты бүгінде бейбітшілікке мұқтаж әлемде адамзаттың бауырластығы мен бірге өмір сүруіне жаңа елеулі үлес қосуын сұраймыз» деген болатын. Бұл жоғары мәртебелі тұлғалардың қатысуы мен олардың жылы лебіздері Съездің жаһандық деңгейдегі беделі мен маңыздылығын аша түседі.
Биыл Съезд аясында Жас діни лидерлердің ІІ Форумы өтеді. Өткен жылы бастау алған осы игі бастама болашақ буынның диалог мәдениетін бойына сіңіріп, бейбітшілік пен келісім жолындағы эстафетаны қабылдауы үшін маңызды алаң болып отыр. Бұл жастардың бойында өзара құрмет, ашықтық және алуан түрлілікті қабылдай білу рухын қалыпастырады.
Жақында Астанада Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы өткен болатын. Онда Мемлекет Басшысы жаһанды торлаған көптеген экономикалық, экологиялық сондай-ақ, сенім дағдарысы орын алып отырғанына назар аударды.
Әлемде орныққан сан-қатерлерді соғыспен емес, халықаралық ықпалдастықпен, өзара диалог арқылы шешудің маңызы зор екенін Президент атап өтті.
Осыдан бір жыл бұрын Астанада жоғарыда айтылған Съездің ізгілік елшілері сайланған еді. Олар әлемдік диалогтың адамгершілік идеяларын орнықтыратын ынтымақтастықтың кілті бола алады деп күтілуде.
Мемлекет Басшысы әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін күрделі, күрмеуі қиын мәселелерді дипломатия әлеуетін пайдалану арқылы, қақтығыстар мен соғыстардың алдын алуға болатынына ерекше мән беріп келеді.
Әрине, Съезді дайындау, өткізу көп ұйымдастырушылық жұмысты талап етеді. Күн тәртібінің өзектілігін айқындайды, бағыт-бағдарларды белгілейді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы М.С. Әшімбаевтің тікелей жетекшілігімен маңызды мәселелер екшеліп, ұйымдастыру жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатыр.
Осы мәселеде Республика Үкіметі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Астана қаласының әкімдігі тағы да басқа құзырлы мемлекеттік органдар да өз жұмыстарын алдын ала жоспарланған шаралар негізінде атқару үстінде.
Аталған іс шараға дайындық жұмыстары барысында, жақында Сауд Арабисында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы М.С. Әшімбаевтың қатысуымен «Дін лидерлері әділетті және қауіпсіз әлем үшін» атты дөңгелек үстел жұмысы өтті. Онда:
- Біз қазіргі сын-қатерлердің, ең алдымен, ушыға түскен геосаяси шиеленістің салдарын еңсеру жолында күш-жігерімізді біріктіру үшін қасиетті жерде жиналып отырмыз. Бүгінде Таяу Шығыста, Палестинада, Газада қиын жағдай қалыптасып, бейбіт тұрғындар зардап шегуде. Бұл мәселеде қантөгісті дереу тоқтатып, саяси диалогты жандандыру қажет. Аталған процесте Дүниежүзілік ислам лигасы маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ дінге, нәсілге және сенімге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін айыптайтын Мекке декларациясының маңызы мен мәні зор. Құжат әлем жұртын төзбеушілік пен жеккөрушілікке қарсы бірлесіп әрекет етуге үндейді. Сондықтан бұл Декларацияны бәріміз Сауд Арабиясы мен Дүниежүзілік ислам лигасының жаһандық бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлкен үлесі деп қабылдаймыз», – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы.
Дөңгелек үстелге қатысушылар М.С. Әшімбаев мырзаның Қазақстан Республикасы Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс құру туралы бастама көтергенін ортаға салды. Бұл – дөңгелек үстелге қатысушылар тарапынан қолдау тапқаны Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлемге таратылды.
Дөңгелек үстел барысында бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Оларды ішінде, Дүниежүзілік Ислам лигасы мен Қазақстанда жұмыс істейтін Халықаралық конфессиялардың және дінаралық диалог орталығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Астанада Мұхаммед Пайғамбардың өміріне қатысты Халықаралық көрме өткізу, ислам өркениетіне арналған мұражай салу мәселелері де көтерілді.
Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман бен Абдулла Әл-Зайд өз сөзінде жаһандық дінаралық диалогты жан-жақты жүргізу барысындағы Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан бастамаларға жоғары баға берді.
Қандай заманда өмір сүрсек те, бір-бірімізді терең түсіну, өзара құрмет таныту және жан дүниемізбен қабылдай білу – бұл біздің ең үлкен рухани қазынамыз. Бұл қазынаны көздің қарашығындай сақтау және оны келер ұрпаққа мирас қылып қалдыру – бүгінгі дін көшбасшыларының қасиетті миссиясы.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі осы миссияны жүзеге асырудағы маңызды қадам болып қала береді.
Алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезд жұмысы нәтижелі болып, оның шешімдері мен талқылаулары жаһандық бейбітшілік пен келісім жолындағы игі істерге берік негіз болады деп кәміл сенеміз.
Астана – диалог алаңы ретінде өз миссиясын жалғастыра бермек.
Марат ҚАЛИЖАНОВ, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрағасы м.а.