Жаңалықтар

Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы бастаған делегация Халықаралық орталыққа келді

Бөлісу

2025 жылдың 15 мамырында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қазақстанға ресми сапармен келген Армения делегациясын қабылдады.

Делегацияны Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы А.Р. Симонян мен «Қазақстан – Армения» парламентаралық достық тобының төрағасы Вагаршак Акобян бастап келді. Кездесуге Орталықтың Басқарма Төрағасы м.а. Марат Қалижанов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің өкілі Лаура Ширимбаева қатысты.

Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастарды дамыту мен конфессияаралық және дінаралық диалогты нығайту мәселелерін талқылады. Өз кезегінде М. Қалижанов Орталықтың қызметі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезін ұйымдастырудағы Қазақстанның рөлі туралы баяндады. Армения тарапы Қазақстанның толеранттылық идеяларын ілгерілету жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, өзара ынтымақтастықтың одан әрі де дами беретіндігіне сенім білдірді.

Бейбітшілік және келісім музейінің қызметкерлері қонақтарға көрме залдарында экскурсия өткізді.  Музей бойынша саяхат қонақтарға ерекше әсер сыйлап, Қазақстанның толеранттылық пен бірлікке ұмтылысын көрсететін экспонаттармен танысуға мүмкіндік берді. Экскурсия барысында Армения  Республикасы Ұлттық Жиналысының Төрағасы А.Р. Симонян армян медальдарын музейге тарту ету туралы  ұсыныс жасады. Құттықтау сөздер айтылып, кездесу соңында тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар табыстады.