2024 жылғы 9 желтоқсанда Иранның Тегеран қаласында «Жаһандық сын-қатерлерге қарсы күресте сенушілердің жауапкершілігі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Иран Ислам Республикасының Діндер мен мәдениеттер диалогы орталығы мен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге діни ұйымдардың өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және әртүрлі елдерден келген делегациялар, соның ішінде Қазақстан қатысты. Қазақстандық делегацияның атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің Төрағасы Е.Б. Нүкежанов және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының кеңесшісі Б.С. Сәрсенбаев қатысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – климаттың өзгеруі, кедейлікпен күрес және қақтығыстардың алдын алу сияқты жаһандық мәселелерді шешудегі діни көшбасшылар мен халықаралық ұйымдардың рөлін талқылау болды. Сонымен қатар, Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) ілгерілету және әділ әрі үйлесімді әлем құруға бағытталған шешімдерді іздеу мәселелері қарастырылды.
Дін істері комитетінің төрағасы Е.Б. Нүкежанов өз сөзінде: Қазақстанда 100-ден астам этнос пен 18 конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүретіндігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жұмысына тоқталып, бұл жаһандық бейбітшілік, әлеуметтік теңдік және тұрақты даму мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретін маңызды платформаға айналғанын қоса айтты. Е.Б. Нүкежанов Иран үкіметіне, Ислам мазхабтарын жақындастыру жөніндегі Дүниежүзілік ассамблея мен Діндер мен мәдениеттер диалогы орталығына Қазақстанның бастамаларын қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының кеңесшісі Б.С. Сәрсенбаев Астанада өткен Жас діни лидерлерінің алғашқы форумының маңыздылығын атап өтті. Ол жастардың диалог құру мен шешім қабылдау процесіне қатысуының ұрпақтар сабақтастығы мен тұрақты дамуға ықпал ететінін атап өтті.
Қатысушылар жаһандық сын-қатерлерді шешуде барлық діни дәстүрлерге тән моральдық және этикалық құндылықтарды пайдалану керектігін баяндады. Олар ынтымақтастықты жалғастырып, жаһандық мәселелерді бірлесе шешу үшін тәжірибе алмасу туралы шешім қабылдады.
Бұл іс-шара халықаралық деңгейде дінаралық диалог пен серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаң болды.