Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК-КОНФЕССИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР

Бөлісу

Дін мен мемлекет арасында тиімді байланыс механизмдерін қалыптастыру маңызды. Себебі дін мен саясат қоғам мүшелерінің мінез-құлқына, моральдық және этикалық көзқарастарына әсер етуші фактор болғандықтан, әрдайым қатар жүретін ұғымдар. Сондықтан екеуінің өзара тиімді құрылған арақатынасы азаматтар үшін ортақ үйлестіруші бола алады немесе, керісінше, бәсекелестік жағдайында шиеленіс тудырушы факторға айналуы мүмкін.

Бүгінгі жаһандану үрдісінің мәнінде түрлі мәдениеттер мен діни сенімдердің бір нүктеде түйісуіне байланысты және соңғы жылдары әлемдегі мәдениет, әлеумет, саясат салаларындағы діннің үлесінің артуы[1]  аясында оңтайлы дін саласында жүйе құру барлық әлем елдері үшін маңызды болып отыр.

Мемлекеттердің дін саласындағы реттеулерінің ерекшеліктерін қарастыруда, бірінші кезекте әрбір елдің мәдени және тарихи ерекшеліктеріне байланысты бұл реттеулердің біртұтас емес екендігі ескерілуі керек. Дегенмен, әлем халқының басым көпшілігі жалпыға ортақ бекітілген адам құқықтарының негізінде дін саласында мемлекеттік саясат жүргізетіні маңызды. Қазіргі таңда БҰҰ сияқты ұйымдардың «Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясы» (1948), «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт» (1966), «Дін немесе наным-сенім негізіндегі шыдамсыздық пен кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы декларация» (1981 ж.) сияқты бірқатар құжаттар негізінде адам құқықтары белгіленген. Осы құжаттарда көрсетілгендей, ЖБАҚД 18-бап және АЖСҚХП 18-бапта: «Әр адамның жеке ішкі діни сенім еркіндігі, яғни әр адамның өзінің дін бостандығына құқығы бар, оған наным-сенімін өзгерту құқығы қамтамасыз етіледі» делінген. Бүгінде әлем елдерінің басым бөлігі осы көрсетілген заңнаманы және т.б. өз діни саясатының негізі ретінде қабылдайды.

Жалпы дін саласындағы саясат ұғымы ретінде Қазақстан Республикасының мысалында, еліміздің жоғарыда көрсетілген адамның жеке сенім еркіндігіне деген халықаралық құндылықтарды қабылдауына байланысты, тек қана мемлекет пен діни бірлестіктердің діни қызметтерін реттеу нормалары қарастырылады.

Қазақстан көпконфессиялы мемлекет болғандықтан және барлық ел азаматтарының жеке құқықтарын тең қамтамасыз ететіндіктен, зайырлылық қағидатын ұстанады. Зайырлылық қағидаттары мемлекет пен діннің мемлекеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салалардағы байланыстарын жіктеп реттейді.

Мемлекет аумағында дін мен мемлекеттік билікті бөле отырып, бірінші кезекте конституциялық деңгейде діни бостандықты қорғайды. Сонымен қатар, ұлттық заңнамалық деңгейде мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынас «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының аясында реттеледі. Құқықтық реттеулер азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде қарастырылған.

Қазақстандық дін саласындағы заңнамасы елдегі діни ахуалға толықтай сәйкес екендігі байқалады. Мысалға, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы заңнамалардан діни қайта жаңғыру үрдістерінің көрінісі айқын байқалады. 1992 жылы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданып, 19 жыл бойы өз күшінде болды. Осы заңның арқасында қазақстандықтардың діни әлеуеті жоғарылап, рухани құндылық тұрғысынан бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Мысалы, Қазақстанда 1991 жылы 671 діни бірлестік болса, 2009 жылы олардың саны 4200-ден асты[2]. Ал бүгінде ресми 3980 бірлестік тіркелген[3]. Бұның өзі дін саласындағы қазақстандық саясаттың бағытының көрсеткіші.

Қазіргі қолданыстағы заңнама 2011 жылдан бастап дін саласында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» қабылданды. Бұл заңнаманың преамбуласында алғаш рет Қазақстан халқының мәдени, тарихи, рухани құндылықтары ескеріле отырып, ханафилік бағыттағы ислам және православиелік христиан діндерінің ерекше орны аталды. Діни еркіндік пен азаматтардың құндылықтарынан бөлек, олардың қауіпсіздігі мен идеологиялық теріс насихаттан қорғалуына аса назар аударылды.

Діни салада жүргізіліп отырған саясатты қарастырғанда, еліміздің дінаралық келісім идеяларын насихаттауда тек заңнамалық реттеулермен шектелмейтіндігін байқаймыз. Бүгінде Қазақстан Республикасының әр өңірінде діни бірлікті дамытуға арналған түрлі іс-шаралардың жиі өткізіліп тұратындығы және түрлі дін өкілдерінің бір үстел басында достық көңіл күйде отыратындығы бұл бағыттың айқын көрсеткіші болып табылады. Сондай-ақ, еліміздің тек халықаралық стандарттарға еруші ғана емес екендігін, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жүйелі түрде өткізіліп отыратын съездері арқылы дін көшбасшыларын бір жерге жинап, олармен бірге күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді шешіп, адами құндылықтарды дәріптеп отырғандығынан, Қазақстанның адамзаттың дін аралық келісім орталығына айналып келе жатқанын және оңтайлы саясат құрып отырғандығын байқауға болады.

[1] Elena M. Miroshnikova. RELIGIOUS POLICIES OFTHE SECULAR STATE IN TERMS OF RELIGIOUS DIVERSITY//https://clck.ru/3EGdWv

[2] Доктрина Национального единства Казахстана

[3] Дін саласы // https://www.gov.kz/memleket/entities/qogam/activities/141?lang=kk

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Дінтану зерттеулер департаментінің жетекші менеджері Нұролла Есқат