Жаңалықтар

«Бейбітшілік жолындағы діндер диалогы қазақстандық суретшілердің көзімен» атты көрме

Бөлісу

Бүгін Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысына орайластырылған «Бейбітшілік жолындағы діндер диалогы қазақстандық суретшілердің көзімен» атты көрменің ресми ашылуы өтті. Көрмені Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде Н.Назарбаев орталығы мен ҚР Көркемсурет академиясы бірлесіп ұйымдастырды.

Көрмеге ҚР Көркемсурет академиясы суретшілерінің 40-тан аса жұмыстары қойылды (картина, мүсін, гобелен, графика, кесте). Бұл жұмыстар қазақстандық суретшілердің бай мәдени мұрасын көрсетеді.

Көрменің ашылуына Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту Н.Назарбаев орталығының басқарма Төрағасының м.а. Д.Есенова,  ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары А.Хатиев, Қазақстан Республикасының Көркем академиясының вице-президенті Ж.Ермахан, «FICAC» Дүниежүзілік Құрметті консулдар федерациясының Президенті Николаос Маргаропулос, Қазақстанның діни бірлестіктерінің өкілдері, халықаралық ұйымдардың, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың, БАҚ өкілдері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Қазақстандағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

Көрменің ашылуында А.Хатиев мырза «Бұл көрменің арқасында біз өнер діни дәстүрлердің тереңдігін айқындап, түрлі конфессиялар арасындағы түсіністікті нығайтып, қазіргі замандағы дінаралық диалогтың маңыздылығын арттыратынын түсіндік. Бұл көрме –түрлі мәдениеттер мен діндер арасында өнер өзара түсіністік пен серіктестіктің көпірі бола алатының жарқын үлгісі» екенін айтып өтті.

Өз кезегінде «FICAC» Дүниежүзілік Құрметті консулдар федерациясының Президенті Николаос Маргаропулос: «біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің XXII Хатшылығының отырысының тұсында кездесіп отырмыз. Бұл шара Қазақстанның өркениетаралық және диалог пен бейбіт әлемге бастауын көрсетеді. Бұл көрмеде көрініс тауып отырған тақырыптар да  Съезд миссиясымен үндесіп жатыр. Біздің сенімдеріміз бен салт-дәстүріміз әртүрлі болғанымен, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа бағытталған ниетіміз бір» деді.

     

Шара соңында қатысушылар әлем халықтарының діндері мен мәдениетіне деген құрметті қалыптастыру, конфессияаралық диалогты жалғастыруға жұмыстану және халықаралық бейбітшілікті пен қауіпсіздікті нығайтуға бірігіп жауапкершілік алу керектігін басты назарға қойды.