А.ж. 14 тамызында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының алаңында «Орталық Азия елдері ХХІ ғасырдағы мәдениеттерінің тату көршілігі» атты онлайн-конференциясында Орта Азия елдерінің діни лидерлері, жетекші сарапшылары, қазақстандық және халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері мазмұнды пікірлерімен бөлісті.
Конференцияның басты мақсаты – конфессияаралық және мәдениетаралық саладағы және мәдениеттерді жақындастырудағы мүдделі тараптардың өңірлік күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің дінаралық диалогты дамыту.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті Төрағасы Е.Нүкежанов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасының м.а. Д. Есенова, ИЫҰ жанындағы ислам, өнер және мәдениет тарихын зерттеу орталығының (IRCICA) басшысы Э. Кылыч (Түркия), Исламабад Халықаралық ислам университеті жанындағы Исламды зерттеу институтының Бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак (Пәкістан), Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Ислам өркениеті орталығының директоры Ф. Абдухаликов (Өзбекстан), Король Хамадтың Бейбіт қатар өмір сүру жаһандық орталығының Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары Али Аларади (Бахрейн), Әбу - Даби мұсылман ақсақалдар кеңесі жанындағы «Әл-Хокама» бейбітшілікті зерттеу орталығының директоры Др. Самир Будинар (БАӘ), Адамзат бауырластығы жоғары комитетінің Бас хатшысы Др. Халид Ганим әл-Гейт (БАӘ), Баку халықаралық мультикультурализм орталығының кеңесшісі проф. Айтен Гахраман (Әзербайжан), Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының Діни әдебиеттер және пәтуә бөлімінің маманы Р. Татиков, «Астана қаласының өзбек этномәдени орталығы» Төрағасы П. Шерзод және т.б. қатысты.
ф
ҚР МАМ Дін істер Комитетінің Төрағасы Е. Нүкежанов конференция жұмысын бастай отырып, Орталық Азия бірлігінің негізінде тіл мен діннің этникалық, рухани және тарихи тамыры жатқандығын атап айтты. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында осыған байланысты Орталық Азия бірегейлігінің діңгектері – Қазақстан халқына деген құрмет ортақ тарихи тамырлар, мәдениетаралық диалог пен конфессияаралық келісім екенін атап өтті.
Н.Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасының м.а. Д. Есенова өзінің алғыссөзінде «Мәдениеттер мен діндердің әртүрлілігінің пайдалылығы туралы пікірмен бөлісе отырып, мен бейбітшіліктің әмбебап гуманистік қағидаттарына негізделген әмбебап өркениетке қарай әлемнің эволюциясын ілгерілету қажет деп санаймын. Әртүрліліктегі бұл бірліктен біз Орталық Азия елдерінің даму диалектикасын көреміз», - деп атап өтті.
Конференция жұмысын ИЫҰ жанындағы Ислам, өнер және мәдениетті зерттеу орталығының басшысы Махмуд Эрол Кылыч жалғастырды. Ол өз сөзінде конференцияға шақырылғаны үшін ризашылығын білдіріп, «Орталық Азия аймағы әрқашан мәдени жақындық пен мәдениетаралық байланыстардың бесігі болды, бұл өз кезегінде аймақтан тыс көпмәдениетті байланыстарға қолдау көрсетеді. Осылайша, көпмәдениетті қатар өмір сүру және диалог тәжірибесі жаһандық өзара әрекеттестікке ауысып, Орталық Азияның ислам өркениетіне және тұтастай алғанда әлемдік өркениетке қосқан үлесіне айналды» дей отырып, Орталықтың халықаралық іс-шараларына одан әрі қолдау көрсететінін растады.
Жоғары мәртебелі Али Аларади мырза өз сөзінде: «Біз бейбіт қатар өмір сүрудің маңыздылығына кәміл сенеміз және бұл ниетімізді бірнеше рет көрсеттік. Бейбіт қатар өмір сүру тек бейбітшіліктің болуы емес, бұл әртүрлі мәдениеттер мен қоғамдар арасындағы өзара құрметке, түсіністікке және ынтымақтастыққа белсенді ұмтылу. Бұл ұмтылыс тек ұран болып саналмау керек және олай қалыптаспау да керек. Келіспеушіліктердің кесірінен түсініспеушіліктер мен шиеленістердің орын алуы сындарлы диалогқа түсуге, ортақ тіл табуға, адамдардың түсінігін тереңдетуге және әртүрлі мәселелер бойынша хабардарлықты арттыруға мүмкіндік береді».
Сонымен бірге, қатысушылар Қазақстанның Орталық Азиядағы бейбітсүйгіш және тұрақты серіктес ел ретіндегі оң имиджінің нығаюын атап өтті, сондай-ақ өңірлік ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниеттерін білдірді.
Жалпы, конференция барысында қатысушылар конфессияаралық диалогты дамытудың, мәдени-гуманитарлық диалог бағыты бойынша, оның ішінде конференцияға қатысушы елдердің өңірішілік байланыстарының өзекті мәселелерін талқылады.